Киберспорт додасының финалы өтті

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».
Түркістанда кибер- спорттан «Alaman Sports 2021» додасының екінші маусымының финалы өтті. Сайыстың қорытынды кезеңіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қатысып, өңірде жастарды қолдау мен шығармашылықтарын шыңдауға мүмкіндік жасалып жатқанын атап өтті.
Жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құраған сайыс нәтижесінде ойын жүйелері бойынша Дмитрий Ли (Tekken 7), Алмат Төлеуғалиев (StarCraft II), Абылайхан Ахметов (PES 2021) бірінші орынды иеленді. Ал, PUBG сайысы бойынша Әкежан Балташев, Ермек Төребеков, Жәнібек Омаров және Артур Инжаков сынды мықтылардан жасақталған топ үздік деп танылды.
Шара барысында «Alaman Sports 2021» LAN-финалының қонақтары ойын-сауық аймақтарын аралап, киберспорттың қыр-сырымен танысты. Сонымен бірге барлық тілек білдірушілер Play Station ойынын тегін ойнауға мүмкіндік алды. Ойыншылар мен комментаторлар үшін арнайы жабдықталған «кибер-киіз үй» мен дәстүрлі қазақ киіміндегі аниматорлар да шара ажарын аша түсті.
Өз кезегінде аталмыш шара аясында киберспорттық мектеп лигасын құру бойынша меморандум түзіліп, «Qazaq Cybersport Federation» президенті Қуанышбек Есекеев, «Urpaq Endowment» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ерұлан Құсайынов және «Bilim Media Group» директоры Рауан Кенжеханұлы өзара әріптестік орнату жөнінде уағдаласты.