Түркістанда Сауытбек Абдрахмановтың 70 жылдығына арналған әдеби-рухани кеш өтті

Түркістандағы «Farab» кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Сауытбек Абдрахмановтың 70 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Кешті жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізіп, мерейтой иесінің болмысы мен қайраткерлігі, шығармашылығынан сыр шертіп отырды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев іс-шараға арнайы қатысып, қаламгерді құттықтады.

  Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Елбасының өңірімізді Түркістан облысы деп атап, оның орталығы ретінде тарихи Түркістанды белгілеуі – Тәуелсіздіктің айқын жемісі деп білемін. Көне шаһарды қайта дамытып, Түркі елдерінің мәдени астанасына айналдыру жайлы жоспары ақиқатқа айналды. Еліміздегі журналистиканың ардагері әрі ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азамат ретінде Сіздің мерейтойыңыздың осы тарихи кезеңдермен тұспа-тұс келуі – зор қуаныш. Бұл тойдың Түркістан төрінен бастау алуы – заңдылық. Өз ісінің кәсіби маманына айналып, өзіңізден кейінгі буынның қалыптасуына қаламгер, саяси қайраткер ретінде зор еңбек сіңірдіңіз, – деген өңір басшысы жазушы-қайраткерге құрмет көрсетті.






  Рухани кеште Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдаулет, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаровтар құттықтау сөз сөйлеп, Сауытбек Абдрахмановтың журналистика, әдебиет, саясат, руханият салаларына сіңірген еңбектерін жоғары бағалады.

 Түркістан өңірінің Әсима Айтуарова, Абзал Молдабеков, Айнұр Әбілдаева, Азамат Қалыбаев сынды әншілері әннен шашу шашса, жас ақын Мұқағали Кенжетайұлының мерейтой иесіне арнауын Руслан Ақымбеков орындады. «Farab» кітапханасындағы кешке еліміздің әр өңірінен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылармен қатар жергілікті әдебиетсүйер қауым да қатысып, рухани ләззат алып қайтты.

 Осы күні Түркістанда «Ramada Plaza» қонақ үйінің де ашылу салтанаты өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер, қоғам қайраткерлері арнайы қатысты.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз