Әскери оқу-жаттығу сарбаздардың шеберлігін шыңдады
Түркістан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімшесімен бірге ұйымдастырылған арнайы тактикалық оқу-жаттығуының жабылу салтанаты өтті. Әскери борышын өтеп қойған, қазір түрлі қызметте жүрген әскери міндеттілер жиыны он күнге жалғасты. Негізгі мақсат – аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің әскери бірігуі бойынша іс-шаралар өткізу және ұйымдастыру бойынша лауазымды тұлғалардың білімі мен практикалық қабілетін жетілдіру.
Салтанатты жиында «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, полковник Нұрбек Жүнісбеков, қарулы күштер ардагерлері, Төлеби аудандық кеңесінің төрағасы подполковник Әлихан Әбдешов, Түркістан облысы әкімінің әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, подполковник Ғалым Полатов қатысты. Сонымен бірге Түркістан облысы әкімі аппаратының аумақтық қорғаныс қызметінің басшысы Бабай Алдабергенов, аумақтық қорғаныс бригадасының рота командирі, аға лейтенант Паңбай Мұрат құттықтау сөз сөйлеп, әскери жиынға қатысушыларға алғыс айтты. Тактикалық оқу-жаттығу жиынында белсенділік танытқандар Алғыс хатпен марапатталды.
Тактикалық оқу-жаттығу жиынына 78 әскери міндетті азамат қатысып, әскери кезеңді еске алды. Шеберліктерін қайта шыңдады. Оларға тәжірибелі әскери мамандар білгендерін үйретіп, тактикалық-саптық жаттығулармен қатар қаруды меңгеру бойынша да сынақтан өткізді. Сарбаздар мен сардарлар арнайы киімдермен, тамақпен және жалақымен қамтылды.