«Мал өсірсең қой өсір,пайдасы оның көл-көсір»

Қыс қыр астында тұр. Сәл күнде күн суытып, қорадағы мал қолға қарап қалады. Мұндайда шаруалар малдың қысқы азығын қамдап, сындарлы сәттерден сүрінбей өтудің қам-қарекетіне кірісетіні бар. Қыстың суығына уақ малдан қойдың шыдамды келетіні бұрыннан белгілі. Ата-бабаларымыз малдың ыңғайына қарап, әр жердің климаттық ерекшелігін ескере отырып, маусымдық ауа райын болжап, табиғи жайылымды ұтымды пайдалана білді. 

Статистикаға сүйенсек, елімізде 1990 жылдары қой саны 34-36 миллионға жеткен болса, ал, Бүгінде 17-18 миллион шамасында. Қазір Қазақстанда қойдың 26 тұқымы өсірілсе, оның 17-сі отандық қой тұқымы. 

Кейінгі жылдары облыс көлемінде қой шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер еділбай, қазақтың қылшық жүнді құйрықты және ордабасы қой тұқымдары секілді етті-майлы қой түрін өсіруге басымдық беріп келеді. Осы аталған қылшық жүнді құйрықты қойлар Қазақстанның қатаң жайылымдық және құрғақ, шөлді, шөлейт экологиялық аймақтарына барынша бейімделген және осы саланың даму болашағы зор. Ал, биязы жүнді және елтірі бағытындағы қой шаруашылығы кенжелеп қалды. Шетелдерде жүні өте жіңішке болып келетін мал тұқымын өсіруге көп көңіл бөлінеді. Айталық, Ватикан және Жапония мемлекеттері мұндай қойларды өсіру үшін австралиялық фермерлерге он жыл бұрын тапсырыс беріп қояды. Біздегі  меринос пен қаракөл қой тұқымдарының кеміп кетуіне байланысты, осы аталған қой тұқымдарының текті қорын ұтымды пайдалану үшін жоғары білімді ғалымдардың шығарған заманауи технологиялары мен әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалануды басты мақсат етіп қоюымыз керек.  

Елімізде қойдың қандай тұқымдары бар, келешекте қойдың қандай тұқымын өсіруге басымдық берілуі керек? Осының бар қойды  анықтау үшін уақыт өткізбей инвентаризация, яғни түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Қой шаруашылығын субсидиялаудың тәртібі мен ережесін қайта қараған жөн. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу  құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны берген жаңадан шығарылған қой тұқымына, зауыттық типтерге мемлекет тұрғысынан дербес субсидиялауды, яғни қаржылай қолдауды қамтамасыз етуді жан-жақты шешуді қарастыратын уақыт келді. Әсіресе, селекциялық жұмыстар жүргізуге, қойды қолдан ұрықтандыру,  қой қырқу және  жүн дайындаудың сервистік пункттерін ашып, олардың жұмыстарын жандандыру істері аса қолдауды қажет етеді. Тіпті, жойылып бара жатқан қаракөл және мерионос саулықтарын ет бағытындағы қой тұқымдарымен негізсіз будандастыруға жол бермеу керек. Қыруар ақша шығындап, шетелден уақ мал сатып алмай-ақ, өзіміздің табиғи климатқа бейімделген еділбай, қазақтың қылшық жүнді құйрықты және жаңадан шыққан ордабасы қой тұқымдарын көбейтейік. 

Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан жүн және тері өндіру, оны өңдеу, сату мәселелеріне көңіл бөлінсе дейміз. Шетелде жүн және тері өндірушілер корпорациясы фермерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолдау көрсете отырып, оны сату, экспортқа жіберу мәселесін ұйымдастырады. Биязы жүн шаруашылығы дамыған Австралияда, АҚШ мемлекеттерінде сапалы жүн өндіру, оны өңдеу, сату немесе жүн мен елтірі өңдеуге жіберу мәселелері жақсы жолға қойылған.  

Қазіргі кезде экологиялық таза етке сұраныс артып тұр. Сол себепті етке арналған еркек тоқтыларды енесінен бөліп алғаннан кейін таңдаулы табиғи жайылымдарда қосымша жемдеп, олардың тірілей салмағын 7 айлық кезінде  42-45 келіге жеткізіп, жоғары қоңдылықпен етке өткізуге болады. Ол үшін қой бордақылау алаңдарын, қой  сою пункттерін барынша көбейту керек.    

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселе көп екенін айта келе, ғылыми-технологиялық тұрғыдан тың жобаларды қолға алуды тапсырды. Расында да, іскер азаматтар, өзіміздің ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтарды іске асырса еліміз әлдеқайда дамып кетер еді. Осы кезге дейін біздің ғалымдар көптеген жаңалықтар ашты. Бірақ, оларды жүзеге асыру мүмкіндігі болмағандықтан, ол игіліктерді басқа мемлекеттер пайдаланып кетті. Тіпті, әлі күнге дейін ғалымдардың еңбектері өзімізде қағаз күйінде қалып, шетелде нақты пайдаға асып жатыр. Мәселен, түйені аппаратпен сауу әдісі біздің сызбалардан пайда болған. Бірақ, бізде оған мән берілмегендіктен, шетелде жүзеге асты. Ғылым мен бизнес тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктен, оларда табыс әкелетін жобалар, ғылыми жаңалықтар қат-қат қағаздардың арасында шаң басып жатып қалмайды. 

Қазіргі таңда жайылым мәселесі де өте өзекті болып тұр. Малдардың жыл бойы ауыл маңындағы жайылымды пайдалануы ол жерлердің тақырға айналуына себепкер болып отыр. Есесіне шалғайдағы табиғи жайылымдар су, қора, қысқа дайындалған мал азығы, малшыларға жасалған әлеуметтік  жағдай болмағандықтан пайдаланылмай жатыр. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан біздің Түркістан облысында бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Ауыл-елден қашықта жатқан жерлер сусыздықтан құрғап жатыр. Бұл тұрғыда шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында көміліп қалған құдықтарды қалпына келтіріп, малшыларға жағдай жасау керек.  

Жәнібек ПАРЖАНОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, 

профессор.

Пікір қалдырыңыз