Құмда ізі қалған бабалар

Өткен өмірлерін жас ұрпаққа өнеге ету мақсатында тарих толқындарын зерттеп жүрген бір топ жігіт жақында Өзбекстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архивінде болып, біраз деректер жинады. Бұдан бөлек, Германиядағы Мюнхен кітапханасы қорынан да біршама материал келіп түсті. Өзіміздің Қазақстан Республикасы Орталық ғылыми кітапханасының қоры да бұл жерде тыс қалып отырған жоқ. Сол материалдарды жинақтап, жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында осы мақаланы жаза кетуді жөн көріп отырмыз. Оның үстіне, қазақтың Сіргелі тайпасының тумасы Тоғанас батыр мен осы рудың тумасы, атақты Қозыке би Тоғабайұлы хақында деректанулық және тарихнамалық тұрғыда өтетін конференцияға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы тұрғыда болашақта өлке тарихын терең зерттеймін деген азаматтарға бұл мақала жөнсілтер болады деп ойлаймыз.

Қозыке би туралы не білеміз?
Сонымен, әлқисса, бірінші Қозыке би туралы бүгінгі ұрпақ не біледі? Қозыке би Қоқан хандығының кезінде датқа шеніне ие болған. Датқа шені Қоқан хандығы, Бұхара әмірлігінде болған әскери шен, Ресейдің генерал-майор шеніне тең келеді. Атқарған қызметі үшін датқалар хан қазынасынан қызмет ақысына жыл сайын 1000 тілла, 700 батпан дән алған. Датқа шенінен бөлек, деректерде Қозыке «би» деп аталады. Ерте заманнан бері түркі халықтарында «би» деп көшпелі ру, тайпалардың басшыларын айтқан. 1864 жылы орыс әскерлері Шымкент пен Түркістан қалаларын басып алды. 1865 жылдан бастап Ресей империясының билігі орнағаннан кейін датқа деген шен жойылды, бірақ, «би» лауазымы қалды. Ресей патша үкіметінің саясаты алғашқы кезде қазақтар үшін жеңіл болды. Орыстар қазақтың ішкі істеріне араласқан жоқ. Барлық әкімшілік, сот жұмыстарын осы билер атқарды. Империя билердің ісіне араласпады. Қазақтар патша өкіметіне тек «түтін салығын» төлеуі керек болды. Ол деген сөз әр шаңырақ басына 3 (үш) сом. Ал, мұнымен салыстырғанда Қоқан хандығы кезіндегі салықтың зекет, пітір, хадия, ушур, харадж, танабона (егін салығы), хан салығы, неке пұлы, су пұлы (миробона), байтал пұлы, сабан пұлы, шөп пұлы, көмір пұлы, отын пұлы, базар сауда салығы, тұз салығы, дариядан өткел салығы, мирас салығы, баж салығы және тағы да басқа салықтың 20-дан астам түрлері бар еді. Қоқан бектері «біз бір діндеміз, мұсылманбыз» деп жақсы көрініп келгенімен, қазақтың қанын теспей сорды. Мұның қасында Ресей үкімет билігінің салық саясаты, елдің ішкі ісіне араласпауы, расында да, біздің билерге жеңіл көрінді. Оның үстіне, жаулап алынған жерлердегі бірыңғай мұсылман халқын үркітіп алмау үшін, көтеріліс шығып кетпеу үшін де Ресей осындай саясат ұстанды. Сол кездегі Ресей патшалығы Түркістан генерал губернаторлығы әскери шенеуніктерінің әскери жазбаларында «Род Сиргели, Козыке датха, летние (кочевья) на верховьях реки Бугунъ, зимние (кочевья) по реке Чу, около Сузака, и на Бугуни, около Дарьи на устьях Арыса» деп көрсетілген. «Қарамағындағы ел 1050 шаңырақ» деп рапорт берген. Ресей патшалық үкіметі 1865 жылдың 6 июнь күні Қозыке датқаға оқалы шапан жауып, марапат көрсеткен. Бұл туралы Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік архивінің деректерінен біліп отырмыз. Архивтің №17 қорындағы №1 тізімдемеде «Награжденные» тізімінде Қозыке биге шапан жауып, мапаратталғаны туралы айтылады. Тағы сол қордағы деректерде «Род Сергели. Би Козыке, отделения байджигит, старший би всего рода» деген деректі оқыдық. Бұл деген сөз осы Қозыке Тоғабайұлының тек бәйжігіт руының биі емес, бүкіл он екі ата сіргелі тайпасының бас биі болғандығын көрсетіп тұр.
Ресей патшасының таққа отыру құрметіне Петерборға барған билер тізімінің ішінде Қозыке бидің есімі кездеспейді. Мұның бір себебін Қозыке биге берген мінездемеден көреміз. Ресей патшалық әкімшілігінің Қозыке биге берген мінездемесінде «Тынымсыз, мазасыз адам, біздің оған ешқандай ықпалымыз жүрмейді, бізге қызмет етуге ықылас көрсетпейді» деп жазылған. Осыған қарағанда, Қозыке би патшалық Ресейге құлшынып қызмет істеуге ықыласты болмаған. Жалпы, Оңтүстік Қазақ­станды мекендеген қазақтың ру-тайпалары орыстың билігіне өз ықтиярымен барған жоқ. Осыған қарағанда, Қозыке би Ресей билігін мойындағанымен, олардан бойын барынша аулақ ұстаған сияқты.
Архивтен, бұлардан бөлек, басқа да, бәйжігіт руынан шыққан мына екі би туралы деректер кездесті.
Құдайберген Өзбекстан орталық архивінің №336 қорында «Опись 1, дело 1» деген айдармен бір құжат сақталған. 1865 жылғы Ресей отарлаушы әкімшілігінің жазған «О зимовках и летовках Сыр-Дарьинской области» құжаттарында осы кісінің аты кездеседі. «Жайлауы Шаян өзенінің басы, қыстауы Қаракөлдің маңайында» деп анық көрсетілген. Шамамен өз қарамағындағы 100 шаңырақ бәйжігіт руының жұртына би болған. Құдайберген бидің жас шамасын, өмірбаянын әлі толық білмейміз. Болашақта толық зерттеу біздің барлығымыздың парызымыз. Бір болжам, Амалдықтың Құлақа атасынан тарайтын Қыдырбай әулетінен шыққан Құдайберген деген кісі болуы мүмкін деп топшылаймыз (Байжігіт шежіресі, 99-бетте). Қыдырбай Тоғабайдың ағасы. Сонда аға баласынан Құдайберген би әулеті, іні баласынан Тоғабайдың Қозыке датқа әулеті тараған. Яғни бұл екеуі ағайынды кісілер деп топшылаймыз. Сөздің басында айтып кеттім, Құдайберген би туралы әлі зерттеу қажет.

Бай-Мұхаммед би (Бәйімбет, Биімбет?)
Бұл кісінің есімі 1865 жылғы құжаттарда аталады, «Бай-мухаммед тогочи (тавачи), отделения Байджигит в ведении Козыке» деп анық жазылған [орысша қате жазылған болуы керек, негізі дұрысы – тавашы]. Тавашы деген Қоқан хандығының берген лауазымы. Қозыке бидің қарамағында қызмет етеді деп нақты айтылып тұр. Қоқан хандығында әскери және сарай лауазымдары болған. Сол әскери шеннің бірі «тавашы» еді. Тавашының міндеті әскерге сарбаз жинау, сарбаздарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, осы істерге қатысты хат-хабарларды жеткізіп беру болған. Қоқан хандығының билігі жойылғаннан кейін де, Ресей патшалығы кезінде Баймұхамед би сіргелі тайпасы, бәйжігіт руының бір биі болып қала берген. Енді бұл кісі шежіреде аты бар ма, ұрпақтары бар ма деген сұрақ туады. Бәйжігіт шежіресіне қарап отырып, біз бұл кісіні бәйжігіттің Амалдық атасынан, Құлақа әулетінен болуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Шежіреге қарасақ, Бәйімбет деген кісінің аты аталады. (қараңыз: Байжігіт шежіресі, 2005, 107-бет). Ресей жазбаларында адамның туғанда берілген шын есімі мұсылманша жазылады. Ал, қазақша айтылуы бойынша Бәйімбет, Бейімбет, Биімбет (орыстың «военный объект» сөзінен алынған) болып өзгеріп кете беруі заңдылық.
Ресей патша үкіметінің қоныстандыру саясатына байланысты «Заведующий переселенческим делом в Чимкентском уезде Сыр-Дарьинской волости» деген архив қорында бай мәліметтер кездеседі. Осы қордан Ресейдің қазақты құнарлы жерлерден тықсырып, бәйжігіт руының ең құнарлы жерлерін тартып алып, орнына «Переселенческое село» салмақ болған саясатын көреміз. Жалпы, қазақтың жеріне орыстың мұжықтарын көшіріп алып келу 1900 жылдардың басында қатты белең алды. Өз бетімен көшіп келушілер 1895 жылдардан бастап көбейген. Патша өкіметінің шенеунігі (премьер-министр) Петр Столыпин 1906 жылы аграрлық реформа жасап, Сібір және Түркістан аймағындағы жерлерге Ресейдің ішкі аймағынан орыс мұжықтарын көшіріп, жергілікті халықтардың жерлерін тартып алу саясатын жүргізді. Бұл саясаттың мақсаты Сібір, Түркістан аймағын орыстандыру, христиандандыру, орыс өкіметінің ықпалын күшейту еді. Себебі, патша өкіметі жергілікті қазақ, өзбек, қырғыздарға сенбеді. Күні бүгін болмаса, ертең бұл мұсылман халықтар көтеріліс жасап, бізді бұл аймақтан қуып шығады деп қорықты. Қазақтарды шұрайлы жерлерден ығыстырып, әр жерден орыс селоларын салып, орыс шаруаларын қоныстандырудың мәнісі осы еді. 1912 жылы бәйжігіт болысының ақсақалдарын жиналысқа шақырып алып, олардан әр болыстың шекарасын сұрап, соны протоколға кіргізіп, бекітіп алған. Сосын топографиялық зерттеу жүргізіп картаға түсірген. Жайылым мен егістік жердің толық мәліметтерін есептеген, қанша десятина жер жайылым, қанша десятина жер егістік екенін картаға толық түсіріп алған. Мұндағы патша өкіметінің мақсаты осы жерлерден бәйжігіттерді қуып шығып, орнына 100 үй орыс-мұжықты қоныстандыру болған. Шартты атауы «Переселенческий участок Чаян» деп аталған қоныстану аймағын құрып, ол жерге Ресейдің ішкі губернияларынан жалаңаяқ, жалаңбас, кедей, қарашекпен қоныстанушыларды көшіріп алып келуді жоспарлаған. Құдайға шүкір, патша шенеуніктерінің бұл зиянды жоспары проект күйінде қалып, толық жүзеге аспады. Себебі, бәйжігіттердің қарсылығы күшті болды. Жерімізге орысты кіргізбейміз деп шыққан бәйжігіт ақсақалдарының әрекеттері туралы ауызша жеткен аңыздар бар. Соның бірі 2005 жылы шыққан «Бәйжігіт шежіресі» кітабында жазылған «Жерімді шошқа баспасын» деп келетін хикая. Әлқисса, бұл хикаяда бәйжігіт жігіттерінің орыстың бір байының шошқаларын өлтіріп, ал, сол орыс байының өзінің көзін ойып алғаны баяндалған. Кейін ояз (уезд) бастығы солдаттарын жіберіп, сол елдегі беделді кісі Әшірбайды ұстап алып кетеді. Бірақ, Әшірбайдың кінәсіздігі дәлелденіп, ақталып шыққан. Содан орыс қоныстанушылары бәйжігіттердің жеріне аяқ басудан сескеніп қалған. Бір анық нәрсе, бұл кезде Шымкентте ояз бастығының алдына бәйжігіт болысының мүддесін қорғап барған адам Қозыке бидің әулетінен шыққан Жолдасбек би деген кісінің болғандығы. Себебі, біз жоғарыда атап өткен құжатта «в заседании участвовал представитель от Байджигитовской волости Жолдасбек Козыкеев» деп қол қойылған. Осы Жолдасбектің ұлы Серікбай сол кездері ояз начальнигінің жанындағы басқармада тілмаш болып, қызметте жүрген. Жолдасбек би сол ұлы екеуі бірге, бәйжігіттің жеріне орыс шаруаларын кіргізбей, сақтап алып қалуға өз үлесін қосқан деп сенімді түрде айта аламыз. Оның үстіне бұл кезде қазақтың ұлттық санасы да ояна бастаған еді. 1917 жылғы Қазан төңкерісі де жақын еді.

Алаштың Серікбайы
Қазан төңкерісінен кейін ешбір қазақтың жері орыс шаруасының меншігінде кеткен жоқ, керісінше Алаш зиялыларының Ленинмен жүргізген келіссөздерінің арқасында, Ертіс өзені мен Орал өзені бойындағы жерлер, Жетісудағы жерлер қазақтарға қайтарылып берілді. Алаш зиялылары демекші, Шымкентте Алаш Орданың бір бөлімі болған. Мұндағы бөлімді Кенесары ханның немересі Әзімхан Кенесарин басқарған. Ал, Әзімхан төренің жанындағы серігі Серікбай Жолдасбекұлы болды. Бәйжігіттің Шымкент шаһарындағы уәкілі Серікбайдың аты 1918 жылы Ташкентте шыққан «Бірлік туы» газетіндегі мақалада аталады. Бұл газетте жазылған мақалада Шымкент уезіндегі бір топ Алаш партиясының азаматтары кем-мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмек жасаған. Осы мақалада аты аталған Жолдасбекұлы Серікбайдың Қозыке бидің ұрпағы екені даусыз. Серікбай Жолдасбеков «Қазақ» газетіне, «Бірлік туы» газетіне жазылып, ол газетті Шымкент уезі бойынша елге таратып отырған. Ал, «Қазақ» газетін шығарғандар, бұлар алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов екені белгілі. Серікбай Шымкенттен қазақ балаларына арнап кітапхана ашпақшы болған. Абайдың, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін балаларға жаттатып, үгіт еткен. Бұдан Серікбайдың алаш көсемдерімен байланысы тығыз болғанын көреміз. 1917 жылы желтоқсанда «Алаш» автомомиясы құрылып, Алаштың туы Орынборда көтерілгенде, соған Шымкентте отырып қуанып, Қаратауда отырған бәйжігіт елі Аллаһу акбар деп ақсарбас атаған деген дерек бар. Сондықтан Серікбай Жолдасбекұлы осы өңірде бірден-бір Алаштың туын ұстаған азамат деп айта аламыз. Ал, Серікбай атамыздың қызы Тәжігүл апамыздың өмір тарихын көпшілік жақсы біледі – филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР-і Мәдениет министрінің орынбасары, Қазақстан Ғалымдар үйінің басқарушысы сияқты қызметтерді атқарған белгілі қоғам қайраткері. Марқұмдардың мәңгілік мекені жәннат, ақыреті абат болсын! Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектілік, алтын сүлде деген осы шығар. Қозыке бидің баласы Жолдасбек, немересі Серікбай Жолдасбек­-
ұлының «Алаш» қозғалысына қатысқан тұлға ретіндегі өмір деректерін архивтерден зерттесек, әлі де талай тың деректер табылатынына толық сенімдіміз.

Ескі карталар құпиясы 

Ел ақсақалдарының атымен аталған жер-су атаулары туралы сөзімізді аз-кем тарқатсақ. 
Мұны біз ескі карталарды зерттеу арқылы білдік. Мысалы, Германиядағы Мюнхен кітапханасының қорында сақталған, полковник Родионовтың редакциясымен жазылған «Түркістан округінің әскери картасы» (ТуркВО) бар. Бұл карта бұрынғы кезде құпия болып келген. Кейін толықтырылып, өңделіп, бірнеше рет қайта басылып шыққан. Ал, жалпы карта 1890 жылдардан бастап жасала бастаған. Қазан революциясынан кейін большевиктерден жан сауғалап қашқан ақ гвардияшы офицерлер Еуропаға барған кезде, ақшадан тапшылық көріп, мұны Мюнхен кітапханасына сатып жіберген. Картаның үстінде «Мюнхен, 1926 жыл» деген, яғни сол жылы кітапханаға қабылданғанын білдіретін печать (бұрыштама мөр) бар.
Жоғарыда Қозыке, Құдайберген, Бәйімбет билердің қыстауы Созақ жақта құмда, Қаракөл деген көлдің бойында болған деген деректі айтып едік. Ескі карталарға қарап отырсақ, Саудакенттің арғы жағында Қаракөл деген көлдің барлығы белгілі болады. Ол жерде Сіргелінің құдығы деген құдық бар. Сонда сіргелі-бәйжігіт, сіргелі-қарабатыр руларының көшу бағыты вертикалды түрде Солтүстік > Оңтүстік бағытында болып отыр. Қыста Созақ ауданындағы Шу өзені бойындағы Мойынқұм шөліне барып қыстаса, жазда Бәйдібек, Ордабасы аудандарына келіп, сол жердегі жайлауына қоныстанған. Себебі, қыс айларында бетпақтағы шөлде қар жатпайды, мал азығы тебіндікте ашық күйінде жатады. 
Сол карталардан «Сіргелі ата» мазарының орны бар екендігі байқалады, мүмкін жергілікті жұрт бұл мазардың жанына Сіргелінің белгілі би, батыр, болыс кісілерін апарып жерлеп, мазарды рулық мазарға айналдырған шығар деп топшылаймыз.
Бұл жерден тағы былайырақ, Қаратау жаққа қарағанда, Бөген өзенінің бойынан «Тоғабайдың қыстауын», «Тоғабайдың жайлауын» көреміз. Тоғабай жоғарыда аты аталған Қозыке бидің әкесі.
«Жайылмыстың қыстауы» деген де екі жер бар. Біріншісі Бөген стансасына жақын, «Сіргелі» мазары жанында, екіншісі Сасық өзенінің бойында. «Байжігіттің бұлағы», «Тоғабайдың жайлауы», «Тоғабайдың қыстауы», «Жылқыбайдың қыстауы», «Бодырдың бұлағы», «Жайылмыстың қыстауы», «Сайдалының қыстауы», «Қаратайдың құдығы», «Тұрсынбайдың қыстауы» (бәйжігітке болыс болған Тұрсынбай Арғынбайұлының атымен аталған болуы керек деп ойлаймыз) атты жерлер көптеп кездеседі.
Бұдан бөлек сіргелінің басқа аталары, мысалға, Елібайдың қыстауы, Көңірдектің қыстауы, Жартыбай бидің қыстауы (сіргелі тайпасы ішіндегі «батырлар» руының биі), Шалдардың қыстауы, Шалдар құдығы деген тағы да басқа көптеген жер атаулары мен-мұндалап тұр. Демек, ел үшін жанынан кешіп, жауды қуған аталарымыздың атын ел өшірмеуге тырысып, жер, су аттарын сол кісілердің атымен атаған.

*   *   *
Сөз соңында айтарымыз, ел мен жердің тарихын жариялау, өлкетану ісін дамыту біз үшін парыз болып табылады. Елбасымыз айтқандай, қазақтың тарихында біз ұялатын ешнәрсе жоқ. Рудың, әулеттің, отбасының тарихын зерттеу осы өлкетанудан басталады. Халқымыздың көңіліне жақын, шынайы тарих та осы. Бұл зерттеу, мақала, осындай игі жұмыстардың бір парасы ғана. Қорыта келе айтатынымыз, Қозыке бабамыздың, Құдайберген, Бәйімбет билердің ел ішіндегі рухын өшіруге еш болмайды, керісінше, мына біз оларды қолымыздан келгенше жұртқа паш етіп, мадақтай түсуіміз керек. Тілейтін тілегіміз, осы тұлғалардың атын жад қылып, жарыққа шығарып отырған бүгіндегі ұрпақтарының барлығына Алланың шарапаты тигей!

Абдулла (Берік) Әбутәліп, 
сіргелі руының шежіресін зерттеуші. Шымкент қаласы.
Мырзанәлі Сағымбеков, 
өлкетанушы, шежіреші. 
Бәйдібек ауданы.
Нұржан Сәдірбекұлы, 
тарихшы-генеолог, архивші, 
тарих ғылымдарының   магистрі, «Арихвный Дозор» қоғамының мүшесі. 
Алматы.
Пікір қалдырыңыз