Жолдау – болашақтың бағдарламасы

Жақында Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасында «Жолдау – болашақтың бағдарламасы» деген тақырыппен пікірсайыс жиыны өтті. Оған zoоm платформасы арқылы аудан, қалалардағы кітапхана меңгерушілері мен қызметкерлері қатысып, биылғы жылдың басты құжаты – Президент Жолдауының ерекшеліктеріне тоқталды.

Иә, кітапханашылардың белсенділігін түсінуге болады. Өйткені, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын тұтас зерделей келе халықтың әлеуетін көтеретін фактор ретінде бес бастамаға байлам жасады. Соның төртінші бастамасында бұрындары бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер санатынан тыс қалып келген өзге сала азаматтары – мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылар мен көлік жүргізушілерінің жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруге пәрмен берді.
Әрине, рухани байлықты ұран еткен кітапханашылар осыған дейін де еңбекақымыз еселенбеді деп ешкімге кінә артқан емес. Бұлардың ең басты байлығы – оқырман. Солар көп болса екен дейді.
Жиында Сайрам аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Жанар Балғынбаева, Сарыағаш аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Кенжегүл Мырзахметқызы өз пікірімен бөлісті. Басқосуға арнайы шақырылған облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрлан Кенжеғұлов Жолдаудың бағыт-бағдары туралы әңгіме қозғап, кітапханашылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жиынды аталмыш кітапхананың инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әсия Сәбденқұлова қорытып, келген қонақтарға алғысын білдірді. 

Мәдина ӘБДРАШОВА, кітапхана қызметкері.

Пікір қалдырыңыз