Мемлекеттік қызметті үйде отырып ала аласыз

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар үйде отырып-ақ, бір мыңнан астам мемлекеттік қызметті алды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік қызметтерді үйде отырып алу жолдарын көрсетеді. Ол үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, сұраныс қалдырсаңыз болғаны.
– 56 сағат ішінде ХҚКО қызметкері өтініш берушімен хабарласып, клиентке ыңғайлы уақытта үйіне барады. Осы санаттағы адамдарға біз өз денсаулығымызға қауіп төндірмеуге және ХҚКО-ға келмей-ақ, мемлекеттік қызметті үйден алу мүмкіндігін пайдалануға кеңес береміз. Олар ең керекті және сұранысқа ие қызметтерге қол жеткізе алады. Атап айтқанда, жеке куәлікті, электрондық цифрлық қолтаңбаны үйде отырып алуына мүмкіндігі бар, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиал директорының орынбасары Айдос Ашетов.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус індетін ескере отырып, қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету бағытына көп назар аударуда. Азаматтардың үйлеріне барып, мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚКО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін меңгергенін атап өту қажет.
Жыл басынан бері корпорация қызметкерлері тұрғындардың үйіне барып, мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып І және ІІ топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар ала алады.