Мал баққан қазақ етті түсінде көретін болды...

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Бұрын тісіңе кіретін ет қымбаттағалы бері түсімізге кіретін болды.  
Әсіресе, жылқы етіне сұраныс артып тұр. Осыдан бірер ай бұрын 2000 теңгенің төңірегінде сатылған еттің бағасы бүгінде 2500-дің үстіне шықты. Алмайын десең жегің келеді, алайын десең ақша жоқ. Осыдан бір жыл бұрын келісін 1700-1800 теңгеге алып жүрген ет 2200-2500 теңге, кейде тіпті сүйегі аздауының бағасы 2700-3000 теңгеге  жетті.  

Сарапшылардың айтуынша, ет бағасының шамадан тыс шарықтап кетуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, биыл қуаңшылық болып, мал көгін ала алмады. Екіншіден, ерте көктемдегі жанар-жағармай бағасының қымбаттығы басқа тауарларға да өз әсерін тигізбей тұрмады, тасымалдау қиынға түсіп жатыр деген желеумен басқа да тауарларға үстеме қосылды. Ал, ветеринария ғылымының докторы, профессор Батырбек Айтжановтың айтуынша, малдың тірілей экспортталуы да ет бағасының қымбаттауына әкеп соқтырған. «Қазақстаннан тірі малды көп алып жатқан елдердің бірі – Өзбекстан. Кеше ғана негізгі кәсібі егін шаруашылығы болған өзбекстандықтар мал шаруашылығына тез икемделіп, осы саланың қыры мен сырын толық игеріп алғандай. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ  ауылының тұрғындарынан мал бордақылаудың тәжірибесін үйреніп жүргендер аз емес. Кейбір ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстаннан сатылған тірі малдың 80 пайызы Өзбекстанға жөнелтіледі және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді.
Айталық, оcыдан үш жыл бұрын шетелдерге 88 мыңға жуық мал сатылса, одан кейінгі жылы бұл көрсеткіш төрт есеге (!) дейін көбейген. Экспортталған малдың ішінде ірі қара мал былтырғымен салыстырғанда екі есе, ал, уақ мал жеті есеге (!) артқан. Шетелге сатылып жатқан малдың тең жартысына жуығы – репродуктивті аналық бастар» дейді Батырбек Айтжанов. 
Иә, осындайда қазақтың «Ағайын қадірін білмеген туысын ұрып жат етер, жылқы қадірін білмеген биесін сатып ат етер» деген мақалы еріксіз еске түседі. Тірі мал елдің генофонды емес пе еді? Рас, мал шаруашылығы жақсы дамыған елдер сыртқа аналық мал түгілі, оның ұрығын, эмбриондарын да шығара бермейді. 
Мамандардың айтуынша, қазақтың тірі малына тек Өзбекстан ғана емес, сонымен бірге Иран, Біріккен Араб Әмірлігі және Сауд Арабиясы да қызығушылық танытатын көрінеді. Кейбіреулері малдың жас болуын, ал, салмағының 18-20 келіден асып кетпеуін талап етеді екен.
Кеңес өкіметі кезіндегі қазақтың жері қарақұрым малға толып, тек уақ малдың өзін елу миллионға жеткізудің жоспары жасалды. Одақ құрамында болған соң ол жылдары қазақтың малына сырттай ие болып жүргендер де көп еді. Қазір қазақтың өз билігі өзінде, яғни жылына пәленбай мың тонна ет өткізесің деп діңкілдеп отырған ешкім жоқ. Мал басын қалай көбейтсек те жарасады. Осындай мүмкіндіктері бола тұра біздегі бұл сала аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп, алға басқан қадамы кері кетіп, өндірісі маңдымай-ақ қойды. Егемендік алғанымызға отыз жыл болса да мал басының өсімінен ұяттымыз. Әлемдік деңгейдегі ет экспортындағы үлесі 25 пайыз болатын Австралияда 125 миллионнан астам қой бар, ал, халқының саны 25 миллион, сонда бір адамға бес қойдан келеді. Олардың жыл сайынғы өсімінің өзі ет экспортында әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда болуға мүмкіндік береді. Ал, біздегі жағдай тіптен басқаша, себебі, біз ет, ет өнімдеріне деген ішкі нарықтағы сұраныстың жартысына жуығын ғана қамтамасыз етіп отырмыз.
Ішкі сұранысымыздың жетпеген бөлігін импорттық  етпен толтырамыз. Экспортерлер қатарында елімізге жақын деген Ресей, Украина, Белоруссия, Моңғолиямен қатар, мұхиттың арғы жағындағы Аргентина, Уругвай, тіптен Парагвай да бар. Мұхиттың арғы жағынан бізге жеткенше апталап-айлап жол жүреді, бұзылып кетпеу үшін мұздатылады. Ұзақ жол жүрген, мұздатылған, тоңазытылған еттің сапасын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Біздің етке қарағанда арзандау шығар, бірақ оған кеткен валюта, уақыт, тасымалдау, кедендік рәсімдеу, сертификациялау және басқа да шығындарын қоссаңыз, біздегі бағаға жақындап қалады. Сонда не ұттық дейміз де. Осы сала мамандарының айтуына қарағанда, мұндай ет шұжық, консерві, ет пасталарын жасауға кететін көрінеді. Дүкен сөрелерін толтырып тұрған шұжықтар мен консервілердің дәмсіз болатын себебі осындай еттерден жасалатындығынан.
Ал, біздің өзімізде өндірілетін еттің дәмі, сапасы, құрамы мен құнарлылығы тіптен басқа, импорттық етке қарағанда әлдеқайда жоғары, себебі, еліміздің флорасы әралуан. Жер көлемі жағынан әлемде 9-орын, ал, екі миллиардқа жуық мұсылман әлемінде бірінші орын алатын елімізде шөптің өспейтін түрі жоқ деуге болады. Біздегі төрт түлік малдың жайылатын жайылымында ажырық, көде, бетеге, селеу, қияқ, жұмырқияқ, жантақ, алабота, бозбота, кекіре, теріскен, дүзген, изен, жусан, балықкөз, қоянқарта, ебелек, бидайық, жоңышқа, дала жоңышқасы, киік оты, киік жантақ, күйреуік, бұйырғын, бүлдірген, сасыр, бүрген шөп, қырықбуын, алабұта, ермене мен ебелек, өлең шөп пен селеу шөп, жыңғыл, сексеуіл, жиде, тораңғыл шыбықтары мен жапырақтары, қымыздық пен уыздық... Санынан жаңылысасың. Олардың құрамындағы дәрілік заттар мен дәрумендер, қуаттандырғыш заттар, макро, микро элементтер, алкалоидтар мен глюкозидтер, эфир майлары және басқа да мал азығы мен адам ағзасына қажетті заттарды айтып тауыса алмайсың. Осылардың ішінде жусанның өзінің жүзден астам түрі бар. Қазақ даласында өсетін жусан басқа ауруларды былай қойғанда, қатерлі ісік ауруларына да ем. Жусаннан жасалған «Арглабин» препараты онкологиялық клиникаларда кеңінен қолданыс тауып отыр. Қарағанды қаласында жасалатын бұл препарат шетелдерде зор сұранысқа ие. Аталған шөптерді жеген мал етінің сапасы, дәмі, құрамы мен құнарлылығы арнаулы зертханалық зерттеусіз-ақ белгілі. Шетелдік мал бордақыда ұсталатындықтан олар өздеріне қандай шөп берсе, сонымен ғана қоректенсе, бізге біткен мал жайылымда жүріп, таңдағанын жейді. Қысқа дайындалатын жем-шөп қоры да табиғи жайылымдардан дайындалады. Біздегі ет сапасының алуан түрлілігі соншалықты, оның айырмашылығын ажырата білетіндер, мынау қырдың еті, мынау Сырдың еті, мынау Алтайдікі, мынау Атыраудікі деп біліп отырады. Осындай сапалы етімізді шетелдерге сатып, оның орнына сырттан сапасы сын көтермейтін мұздатылған, тұздатылған ет алатынымыз түсініксіз. 
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, біздің ел бір жылда шамамен 
16 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарып, оның орнына сырттан 15 мың тонна ірі қара етін сатып алады екен. Бұдан не ұттық, не ұтылдық? Ішкі нарықтағы өзіміздің ет және ет өнімдеріне деген сұранысымызды толық қамтамасыз ете алмай отырып, ет экспортының әлеуетін жылдан-жылға арттырамыз дегеніміз қай сасқанымыз? 
Рас, мал өнімдерінің қымбаттауына жайылым қорының тарылып бара жатқандығы да себеп. Жем-шөптің аздығы, жанар-жағармайдың қымбаттауы, арадағы алыпсатар-делдалдардың, мал ұрлығының көбейіп кетуі де бұл саланың алға басқан аяғын артқа тартып тұр. 
Мамандардың айтуынша, мал шаруашылығының дамып, одан алынатын өнімнің артуына әсер ететін тағы бір фактор – ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау, тіркеу және есепке алу шараларының әсері. Бұл арқылы малдың түрін, жасын, жынысын, қозғалысын, сатып алынғанын, сатылғанын, эпизоотиялық ахуалын, ветеринариялық-санитариялық шаралардың түрін, көлемін, мерзімін және басқа да мәліметтерді біліп отыруға болады. Бұл мәліметтерді пайдалану экспортталуға немесе етке өткізілуге тиісті жануарлар жөнінде толық мағлұмат алып, оның тиімді немесе тиімсіз екенін анықтауға мүмкіншілік туғызады. Неге екені белгісіз, басталғанына біраз уақыт болса да ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау жұмысы мандитын емес, жылдан-жылға созылып барады. 
Біздегі мал өнімдерін қайта өңдеудегі түсінігіміз еттен шұжық, қазы-қарта, әртүрлі консервілер жасаудан арыға аспай тұр. Шын мәнінде қайта өңдеуді тереңдетіп 90-95 пайызға дейін жеткізсек, саланың рентабельділігі артып, пайдасы ұлғая түсер еді. Айталық, сүйектен организмдегі фосфор, кальций жетіспеушілігін реттейтін препараттар, мал азығы үшін ұнтақтар, тамақ өнеркәсібі үшін құрғақ концентраттар, кондитер фабрикасында кәмпиттер, мармеладтар жасау үшін желатин, құрылыста қолданылатын желім өндіруге болады. Қарынның ұйқы безінен алынатын инсулин препараты фармацевтикадағы өте құнды препараттың бірі саналады. Инсулин қант диабеті ауруында кеңінен қолданылады. Инсулинді ашқан ғалымдарға әртүрлі кезеңде үш рет Нобель сыйлығын беру кездейсоқтық емес. Синтетикалық жолмен алынған инсулинге қарағанда, табиғи инсулиннің артықшылығы көп, әсер ету ауқымы да кең. Ұйқы безін биологиялық өндірісте биопрепараттар алу үшін қолданылатын жасанды қоректік орталарға қосса, вакцина жасауға пайдаланатын ең негізгі зат – бактериальды массаның шығымы – 30-35 пайызға дейін артады. Шикізаттың мол қоры бола тұра, біз бұл препаратты сырттан тасымалдап әлекпіз. 
Профессор Батырбек Айтжановтың айтуынша, шикізат қабылдау мен қайта өңдеуді аудандық, ауданаралық кәсіпорындар деңгейінде, ал, терең өңдеуді облыстық және облысаралық кәсіпорындар деңгейінде ұйымдастыруға болады. Ал, ол өнімдерді аса терең өңдеп, олардан гормондар, ферменттер, медициналық, ветеринариялық және басқа да халық шаруашылығына қажетті өнімдер алу үшін республикамызда шетелдік заманауи технологиямен жабдықталған 2-3 кәсіпорын ашу жеткілікті болар еді.
Мұның бәрін қойыңызшы, біздің елде бүгінде малдың жүні мен терісін өңдейтін бір кәсіпорын жоқ. Ауылдағылар жүн мен теріні өткізетін жер таппай, өртеуге мәжбүр. 
Қорыта айтқанда, малды шетелге тірілей экспорттамай, олардың еті мен қосалқы өнімдерін терең және аса терең өңдеу мал өнімдерінен алынатын пайданы кем дегенде екі-үш есеге арттыруға, осы саланың рентабельділігін жоғарылатуға, елімізде биотехнология өндірісін жандандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашып, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге, еліміздің бюджетін толықтыруға, ең бастысы, мал басының санын арттырып, одан алынатын ет пен ет өнімдерінің бағасын едәуір арзандатуға септігін тигізген болар еді. 


Пікір қалдырыңыз