АВТОМАТ немесе ВАРИАТОР: Қалау сізден!

Автокөліктердің беріліс қорабы әдетте механикалық, автоматты және вариатор болып үшке бөлінеді. Ең бірінші механикалық беріліс қорабы пайда болғанымен, бүгінде соңғы екеуін таңдайтындардың қатары қалың. Өйткені, автомат пен вариатор кез келген жүргізуші үшін қолайлы. Дегенмен, құрылымдық жағынан олардың артықшылықтары да, кемшіліктері де аз емес. Бұл мәселенің ұңғыл-шұңғылына жету үшін көлік жөндеу орталығында қызмет ететін Самалхан Әбдірахманов есімді маманды әңгімеге тарттық.

– Самалхан мырза, сізді көпшілік ең білікті мамандардың бірі деп біледі екен. Айтыңызшы, вариатор деген қандай механизм және ол қалай жұмыс істейді? 

– Вариатор – бұл қозғалтқыш күшін доңғалақтарға дер кезінде жеткізетін және белгілі бір реттеу диапазонында беріліс қатынасын біртіндеп өзгерте алатын автоматты құрылғы. Беріліс қатынасын автоматты түрде, арнайы бағдарлама бойынша немесе қолмен жүзеге асыруға болады. Бір қызығы, өнертапқыштар вариаторды әдеттегі «автоматтан» әлдеқайда ерте ойлап тапқан екен. Оған XIX ғасырдың соңында патент берілгенімен, автокөліктерге бірден орнатыла қоймаған. Елуінші жылдары ғана бұл беріліс қорабымен жабдықталған көлік пайда болып, вариатор алғаш рет DAF маркалы автомобильдерге сериялы түрде орнатыла бастайды. Алдымен вариатормен жабдықталған жүк көліктері, артынан жеңіл көліктер шығарыла бастаған. Содан кейін, ол Volvo-ның кейбір модельдеріне орнатылып, тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында «TipTronic» деген атпен танымал болған вариатор Audi көлігінің седандарына орнатыла бастаған. Бірақ, вариаторлар соңғы 2-3 жылдың көлемінде ғана кеңінен таралып жатыр. Вариаторлар ауыспалы диаметрлі, тізбекті, тороидальды деген бірнеше түрге бөлінеді. Оның ішінде ең көп таралғаны – бірінші түрі. Сондықтан қазіргі уақытта бұл механизмнің қалай жұмыс істейтінін талқылауға әбден болады. Негізі ол бір қарағанда кәдімгі автоматқа ұқсайды. Оның да P, R, N, D деп аталатын беріліс деңгейлері бар. Бірақ, вариатор мүлдем басқаша жұмыс істейді. Атап айтқанда, беріліс деңгейі автоматты түрде ғана ауыспайды, оны механикалық тәсілмен қолмен ауыстыру мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ, қозғалған кезде және беріліс деңгейі ауысқанда ешқандай сілкіну дегенді білмейді. 

– Бұл механизмнің жұрт қызығатындай ерекшелігі неде? 

– Мысалы, вариатор беріліс қорабымен жабдықталған көліктің жүрісі жайлы болады. Ол автоматты беріліске қарағанда жоғары жылдамдықпен тез қозғала алады. Сондай-ақ, вариаторда берілістердің басқа түрлері секілді қуат ағыны үзіліп қалмайды. Керісінше, берілісі мұндай көліктер жылдамдығын тез арттырады. Тағы бір артықшылығы, вариатор жұмыс кезінде шығындарды азайту арқылы автомобильдің бүкіл электрлік қондырғысына жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Тағы бір ерекшелігі, вариатор берілісі орнатылған көлік басқа көліктерге қарағанда жанармайды аз «жейді». 

– Вариатордың кемшіліктері де бар шығар? 

– Әлбетте, кез келген механизмнің артықшылығымен қатар, кемшіліктері де болады. Атап айтқанда, барлық вариаторлардың құрылымы мен бағдарламалық жүйесі өте күрделі болады. Сондықтан басқа беріліс түрлерімен салыстырғанда жиі бұзылады. Оның үстіне, механизмі күрделі, жабдығы қымбат болатындықтан, бұзылған вариатор берілістерін жөндеу де қымбатқа түседі. Сосын, вариаторға қажетті сұйықтықтар да қымбат. Оларды арзан маймен алмастыра алмайсыз. 

– Вариатордың танымалдылығы артқан сайын көпшілік үйреніп қалған автоматты беріліс қорабына сұраныс төмендеп қалған жоқ па? 

– Автоматты беріліс – бұл көлік қозғалысы кезіндегі ең қолайлы беріліс қатынасын қамтамасыз ететін механизм. Ол бір беріліс деңгейінен екіншісіне автоматты түрде ауысып отырады. Яғни таңдаған беріліс деңгейіне бір салып қойып, еркін отыра беруге болады. Сосын автоматты беріліспен жабдықталған көліктің педальдарын бір аяқпен басқарып отыра бересіз. Демек, жүргізушінің қолына да, аяғына да көп күш түспейді. Сондықтан қаншама жылдан бері қолданылып келе жатқан автоматты беріліс қорабы орнатылған көліктерге сұраныс көбеймесе, азая қойған жоқ. Біздің орталыққа күн сайын жүздеген көлік келеді, солардың көпшілігі автоматты беріліс қорабымен жабдықталғандар.  

Автомат дегенде ең алдымен ойға оның оңай басқарылатыны түседі. Жоғарыда айтқандай, беріліс деңгейлерін алға, артқа жүргенде немесе тұраққа тоқтағанда ғана ауыстырасыз. Сондықтан автоматқа қызығушылар өте көп. Әрі вариаторға қарағанда механизмі қарапайым және қызмет көрсету құны қолжетімді. Әрине, автоматты беріліс қорабы да вариатор секілді арнайы сұйықтықты қажет етеді. Бірақ, олардың майы вариаторға қажет майлардан әлдеқайда арзан. Оның үстіне, бұл механизмнің құрылымы аса күрделі емес және бөлшектерін жиі ауыстырудың қажеті болмайды. Сосын сенімділігі жоғары. Өйткені, 70 жылдан бері қолданылып келе жатқан автоматты беріліс қорабы осы уақытқа дейін талай рет жетілдіріліген.

– Сонымен, қайсысы дұрыс: вариатор ма, әлде, автомат па? Маман ретінде қандай кеңес бересіз? 

– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Өйткені, олардың өздеріне тән артықшылықтары да, кемшіліктері де болатынын айттық. Сондықтан әр адам өзіне ұнайтын, қолайлы болатын қасиеттеріне қарап таңдағаны дұрыс. Динамикалық тұрғыдан мықты, жанармайды аз тұтынатын, бірақ, жөндетуі қымбат, шығыны көп вариаторды таңдай ма, жоқ әлде, жұмысы бірқалыпты, сенімді, ақауы да, шығыны да аз, бірақ, жылдамдығы баяу жоғарылайтын, бензинді көп тұтынатын автоматты таңдай ма, оны әр адамның қалауы біледі.

– Әңгімеңізге рахмет, Самалхан мырза!

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз