Мырзакентте оңды өзгерістер көп

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.

Ең алдымен халық қалаулысы Достық ауылдық округінде орналасқан «Светлана» шаруа қожалығына тиесілі мақта алқабында болып, ауыл шаруашылығына бейімделген аудандағы шаруалардың өзекті мәселелеріне құлақ түрді. Жалпы, Тұрсынбай Бердалиевке тиесілі шаруа қожалығының еншісінде 77 гектар жер бар. Оның 47 гектарына мақта, 21 гектарына қауын, 4 гектарына жоңышқа және т.б. дақылдар еккен.   

Елнұр Сабыржанұлы Мырзакент кентінде болып, мұндағы жаңадан бой көтерген «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимараты, жаңа кітапхана мен «Жастар» гүлзарын аралап шықты. Аудан орталығы статусына ие болған 3 жылдың ішіндегі Мырзакенттегі оңды өзгерістерге көз жеткізді. Сонымен қатар, былтырғы су тасқыны жағдайынан зардап шеккен тұрғындар қоныстанған жаңа шағынауданға барып, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты. 

Мырзакент кентінің жаңа шағынауданында барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыз су, жарық, газ бен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Көшелерінің барлығы да асфальтталып, аяқжолдар салынып, жарықшамдар орнатылған. Балалардың ойын алаңшалары құрылып, ағаштар отырғызылған. Желілік саябақ пен гүл бақтары шағынауданның көркіне көрік қосып тұр. Дәрігерлік амбулатория мен полиция пунктінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы күні қарсаңында 280 орынды балабақша ел игілігіне берілді. Республика көлемінде баламасы жоқ 1200 орынды мектептің құрылысы да аяқталуға таяу. 

Мәжіліс депутаты мектеп пен балабақшаның ішін аралап көріп, құрылыс сапасына жоғары баға берді. Сонымен қатар, шағынаудандағы ардагерлер мен көп балалы аналардың үйлеріне қонақ боп барып, тұрғындардың төтенше жағдайдан кейінгі өмір сүру ахуалынан хабар алды. 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз