Кітаптың ақыры (Эссе/Тезистер)

Бүгінгі қоғам кітап оқудан қалып барады. Бұл жәй мәселе емес, күрделі мәселе. Өйткені, кітап оқымаған адам қалайша білімді болады? Бұдан шығатын қорытынды, бір адам кітап оқымаса ол өзінің қасіреті шығар, ал, тұтастай бір елдің кітап оқымауы ол ұлттың қасіреті. Жалпы, қазір кітап оқу үдерісінің дағдарысқа ұшырауы бізді ғана емес, бүкіл әлемді толғандырып отыр. Кітап оқырмандарын жоғалтқан осынау заманда жазушы Дидар Амантайдың қаламынан туған дүниені назарларыңызға ұсынып отырмыз.  

Біз көшеге шындық іздеп шықтық. «Мәңгілік сұрақтар көше жағалап қыдырып жүреді» дейді Ницше. Бір-бірімізден жорта шындық сұрап тұрып, жалған жауап естіп қайтамыз. Көңілімізді көлгір сөзбен жұбатамыз.
Кітаптың бір міндеті – шындық. Екіншісі – әділет. Қазіргі таңда оқырман кітаптан шындық таппайтын болды, кітап керексіз тақырыптарды қозғайды. Орнына елес қуған дерексіз жазбалар келді. Елес – XX ғасыр сипаты. Стилінде – мәлімет жоқ, әсемдік бар.
XIX ғасырда Карл Маркс Еуропадан коммунизм елесін көрді. Бастауы Платонда: идея мен оның көлеңкелері туралы философиясы – қайнары. Тағы, үңгір жайлы тәмсілін еске алыңыз. Кейін елес мәселесі Жак Деррида философиясы құрамына енеді.
Тұрмыс жаншыған пенде Кафка персонажы тәрізді ауыртпалықтан жәндіктің бір түріне айналып кетуге шақ тұр.
Жақсы, дүйім жұрт батылы жетіп айта алмай жүрген ақиқатты біз айтайық: кітаптың алтын дәуірі аяқталды. Енді кітап бұрынғыдай оқылмайды, тиіп-қашып оқыған жұрт көп ұзамай ойланады, кітап ештеңе әпермейді.
Қаламгер қауым қарақан басының маңыздылығын, қаламының қоғамға аса қажеттілігін айтып иландыра сөйлейді. Бірақ, тіл өзгерген, Жиль Делез бен Жак Деррида концепциясы бойынша, дәлірек – бүлінген, болмысты қаз-қалпында бейнелей алмайды, сондықтан субъект/объект тандемі бір-біріне түсініксіз.
Кітап керек емес. Бәрі теріс айналады. Кітап өндірісі кәсіп тұрғысында көп қиындық кешті. Тағдыры – сор. Саудаға түспейді, мекемелерге үлестіріледі. Ешкім іздемейді, алайда, шығарылады, сосын, таратылады. Өнердің жаппай түрі ретінде метаморфозаға тап болды. Ол бүгінде жеке тұлғалар ғана шұғылданатын таным саласы.
Кезінде классикалық дәуірі өткендігіне қалам тартып едік. Енді, міне, ақырына жеттік.
Көркем әдебиет жазылады, алайда, оны оқырмандар сатып алмайды, күллі шаруа мемлекет күшімен жасалады, қаржы бюджеттен бөлінеді, бюджетке құйылады. Өнім кітапханаларға тегін жеткізіледі. Кім оқиды: қос тарапқа проблема да, риторикалық сауал да емес.
Кітап өлді.
Ол жаппай оқырманы бар көркем әдебиет ретінде қазаға ұшырады. Енді авансценаға философия шығады, оның күрделі салалары – сан түрлі психология ағымдары, құрылымдық лингвистика, постмодернизм, постколониализм, деконструкция, структурализм, ірі масштабты физика, кванттық механика тәрізді тіл мен технология, адам мен космос тағдырын бірге қарастыратын танымдық-онтологиялық тақырыптар қаптайды. Сана ағысы мазмұны тәрізді. Бірді айтып, бірге кетіп отырады. Ішінде ғылымға сүйенгені де, ғылымнан безгені де болады.
Біз қайда бара жатырмыз: оны бір Құдай біледі.
Кітаптың қай уақыттан бастап қадірі артты, белгісіз, меніңше, алғашқы кітаптардың қолдан жасалғаны, әшекейленуі, көп еңбек сіңірілуі, әсіресе, форматына лайықталуы – материалдың қымбаттауына әрі безендірілуінің қосымша шеберлерді талап етуіне әкеп соқты. Түптің түбінде, кітаптың өзі жасатқан адамға қымбатқа түсті, шығынға батырды, өнер туындысына айналды, мазмұны оқшау бағаланды, тысы мен мұқабасы нәшіне, әр бетінің әрленуіне басқа пұл, бөлек құн сұрады.
Ең үлкен сыйлық сан салалы шеберлер қолынан шыққан кітап болды. Ол, шын мәнінде, тікелей мағынасында аса қымбат дүние еді, өндірісі мен өңделуінде сан түрлі асыл тастар, өте сирек кездесетін металдар, сапасы жоғары қағаздар, діңі мықты ағаштар пайдаланылды. Кітапты асыра бағалаған алтын дәстүр бірте-бірте символдық мәнге ие болды. Тіпті, кітапты қолдан тігу, ажар-көркін ашып әсемдеп пішу тоқтап, технологиясы ашылғанда, баспаханалар күніне, айына, жылына пәленбай өнім шығарып, өзіңдік құнын азайтқанда, кітапқа деген құрмет кеміген жоқ.
Бірақ, бүгінгі жаңа заман туды. Кітап оқудан гөрі тыңдау, тамашалау топ жарып, алға озды, аудио-нұсқаның қабылдаудағы жан қинамайтын жеңілдігі, қолжетімділігі әрі қолайлылығы құлаққаптың қолданысқа кеңінен енуіне себеп болды.
XX ғасыр – космос, XXI ғасыр – компьютер ғасырына айналды, қалам жойылды, кітап басып шығару бір компьютердің төңірегіне шоғырланды. Комфорт күшейді, жол қысқарды, мерзім оңтайланды. Кітаптың құны көк тиын, алайда, құрмет өзгерген жоқ. Бұл мәнсіздік адам ақыл-ойының ең үлкен жұмбағы. Ұлттық валюталар құлап жатыр, қымбат металдар арзандап барады, бірақ кітапқа деген құрмет өзгерген жоқ.
Кітап деп біз көркем әдебиетті айтамыз. Кәсіби әдебиет күшейе түседі. тіпті, көркем нұсқа кәсіби мазмұнға ауысады.
Кітап өлді, себебі, әфсана жойылды, қадірі кетті, рухани дос қимайтын абыройсыз серікке айналды.
Қазір кез келген шебер маманның жазу сызып, кітапты көп оқығандығы – құрмет туғызбайды, керісінше, адамның күлкісін келтіреді. Санасыз орта оқымыстыларды әжуалайды, табалайды және күлкі қылады. Өкінішке қарай, дәстүр ескірді, салт көнерді, енді электронды заман келді. Кітап оқу тоқтағаны – алдамшы ақылгөйлердің, жалған тәуіптердің, кездейсоқ көріпкелдердің – күрделі саланы жаулай бастағанынан анық көрінді. Екінің бірі – психолог, әрбір үшінші адам – данышпан, ақшаны қалай табуды үйретеді, бұрын кәсіпті меңгеру үшін бес жыл оқитын еді, жүздеп кітап ақтаратыны есімде.
Қазір Судыр Ахмет, Су Құсайындарға даңғыл жол ашылды: бірден тікелей эфирлерден дәріс жүргізеді. Білмеген нәрсені білгендей, көрмеген нәрсені көргендей сөйлейді.
Қиқу бар, дүбір жоқ. Шаң жатыр, алайда, атқа шапқан аламан қайда? Бәйгенің дабысы естіледі, бірақ, шабандоздың қарасы көрінбейді. Бәрі шын емес, елес. Постмодернизм – көп тобыр ішіндегі шағын топтың интеллектуализмі. Бір кітап оқымаған екі кітап жазады. Түпнұсқа емес, second hand, көшірме.
Мәлімет атаулыны мәтіннен алған адам оны білімге айналдырады. Тыңдап өскенге текст жұқпайды. Не шала сіңеді. Жазылған нәрсе жадта ұзақ жатталады, естігенді – есте енжар сақтайсыз. Ауызша білім ойда тұрақтамайды, жылдам ұмытылады, сондықтан, кітап біраз уақытты өткізіп барып қайта оралады, өйткені оның үйретер өнегесі көп. Әрбірден соң, образды ойлауды ешкім жоққа шығарған жоқ.
Диалектикалық даму заңдылықтары бізге қайта оралу жоғары деңгейде жүзеге асатынын ескертеді. Біз сенеміз.

Дидар АМАНТАЙ, жазушы. 

Пікір қалдырыңыз