Өңіріміз өркендеу жолында

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан
облысының құрылғанына да үш жылдан асып барады. Ұлы Жібек жолының бойындағы ең
көне Түркістанның оңтүстік өңірінің орталығына айналуы Түркі әлеміндегі тарихи
оқиға ретінде елді елең еткізгені де рас. Сол уақыттан бастап шаһарда ірі
ғимараттардың іргетасы көтеріліп, Түркістан алып құрылыс алаңына айналды. Қысқа
мерзім ішінде Түркістан түлеп сала берді, өзгерді, өзгергенін көз көрді.
Бүгінде ол инфрақұрылымы дамыған, жаңа мәдени-әлеуметтік орталықтары ашылған,
айналасы жасыл желекпен көмкерілген көрікті қала.
Облыс мәртебесіне ие болған киелі шаһар бүгінгі таңда
ұлтымыздың рухын көкке көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналып келеді.
Мұнда салынған инвестиция құрылыс қарқынын еселей түсті. Осылайша Қазақстан
Республикасының Тұңғыш Президентінің тарихи шешімі шежірелі қаланың дамуына тың
серпін берді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев таяуда Түркістан қаласын дамытудың І
кезеңі аяқталып, жоспарланған іс-шаралардың 40 пайызы іске асырылғанын мәлімдеді.
Ал, екінші кезең аясында 109 жоба іске асырылмақ. Осы мақсаттарға 1,3 трлн.
теңге инвестиция бағытталады.
«Біздің ең басты құндылығымыз – Ахмет Ясауи кесенесі. Соның
төңірегінде рухани-мәдени орталық құрылды. Сондай-ақ, қалыптасып келе жатқан
жаңа әкімшілік орталық салынды. Үшіншісі – ескі қаланы қайта жаңғырту мәселесі,
төртінші бағыт – қаланың төңірегіндегі климатқа, экологияға байланысты жобалар.
Атап айтқанда, азық-түлік белдеуі, жасыл белдеу сынды бағыттар» деді өңір
басшысы.
Түркістан өңірін жоспарлы дамыту мақсатында 2021-2025
жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарда керемет жобалар көп. Оған ел Үкіметі
қолдау танытып отыр. Облысымыз үшін маңызды 141 шараға 3,6 трлн. теңге
қарастырылмақ. Оның ішінде – 2,7 трлн. теңге жеке инвестиция.
Облыста жалпы өңірлік өнім 2018 жылмен салыстырғанда 41
пайызға артып, 2,4 трлн. теңгені құраған. Өнеркәсіптік өнім көлемі 18 пайызға,
ауыл шаруашылығы өнім көлемі 34 пайызға немесе 185 млрд. теңгеге артқан. Соңғы
үш жылда негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 1,6 трлн. теңге
болып, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 968,5 млрд. теңгеге жетті.
Пандемия кезінде де бәсеңдемеген қарқынды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде 736
мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және
орта бизнестің үлесі 21 пайызға жетіп, облыс бюджетінің көлемі 1,6 есеге артты.
Яғни, 897 млрд. теңгені құрады.
Өңірдің индустриялық аймақтарында жалпы құны 41 млрд.
теңгені құрайтын және 4340 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 60 жоба жүзеге
асырылуда. Атап айтқанда, TURKISTAN арнайы экономикалық аймағында инвестициялық
құны 480 млрд. теңгеден асатын 46 жоба қолға алынған. Жалпы, биыл өнеркәсіп
өнімі көлемін 565 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Ал ауылшаруашылығы
бойынша 5 170,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен
салыстырғанда 102, 9 пайызды құрады. Аталған салаға бағытталған инвестиция 1,9
есе артып, 15,3 млрд. теңгеге жетіпті. Қала аумағында азық-түлік белдеуін
қалыптастыру аясында құны 35,5 млрд. теңге болатын 6 серпінді ірі инвестициялық
жобаның игілігін көретін күн алыс емес. Жыл соңына дейін 800 млрд. теңге
инвестиция тарту көзделген.
Өнеркәсіптік әлеуетті дамыту мақсатында «Састөбе» химиялық
кешені, мұнай өңдеу зауыты, көмір-химиялық, фосфор кендерін өңдеу зауыттары,
тұрмыстық техника өндірісі сынды жобаларды іске қосу жоспарланған. Соның
нәтижесінде тағы 5 мыңдай адам жұмыспен қамтылады.
Туризм саласын өркендету, оның әлеуетін тиімді пайдалану
әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екені айтпаса да түсінікті.
Тарихи және мәдени мұраға бай өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар,
Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, «Сарыағаш»
шипажайы аумағында емдік-сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт
аудандарында экологиялық туризм түрлері дамып келеді. Соның бірі ретінде
туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені»
жобасы жүзеге асырылады. Бұдан 12 жыл бұрын көтерілген маңызды мәселенің
түбегейлі шешімін табатынына шын жүректен қуаныштымыз. Ең бастысы, жеке
инвестор табылды. Ал, жергілікті билік инфрақұрылым жүйесін тартып беруі тиіс.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, 2025 жылға дейін Түркістан – Шымкент – Ташкент
арасында жоғары жылдамдықты темір жол жобасын іске асыру көзделуде. Бұл
көршілес екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен туризмді дамытуға оң
септігін тигізері сөзсіз. Мамандардың есептеуінше, алдағы төрт жылда туристер
ағыны мен келушілер саны 2 млн. адамға жетпек.
Өңіріміз осылайша өркендеу үстінде.
Серкебай
ЕРЕЖЕПОВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты.