Бір чемодан сурет қалған еді...

Бір
жолы ескі альбомды ақтарып, бір керек суретті іздегеніміз бар. Сонда
суреттердің көбісі Рақым Айтжанов пен Патшахан Жүнісов ағалардікі болып шықты.
1996 жылдың көктемінен бастап Рақым ағаймен көрші тұрдық.
Ақ көйлек, қара шалбарды үтіктеп киіп, қара туфлиді жылтырата майлап, шашын
сулап тарап, иығына фотоаппараттарын асынып алып Рақым ағай алыс ауылдарға,
шетелді мекендерге іссапарға шығатын. Ілуде бір суретке түсуге барсаң, жағаңды,
киіміңді түзеп, шашыңды тарап, басыңды оңға бір, солға бір бұрғызып, иегіңді
көтеріп, «қимылдама!» деп барып суретке түсіретін. Оның суреттері өте сапалы шығатын.
Кеңес
өкіметі кезінде халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинаты деген мекеме болды. Ол
мекемеде киім пішу, шаштараз, фотоателье, аяқ киім жөндеу, ат әбзелдерін жасау
сияқты халықтың тұрмыс қажетіне не керек, соның бәрі болды. Қазір оның жұрнағы да жоқ. Сол мекемеде еңбек жолын
бастаған Рекең Созақ ауданындағы фотографтардың алғашқыларының бірі болып, өз
еңбегімен «Жигули» автокөлігін су жаңа күйінде қоймадан алып мінген азамат еді.
Ол аудан орталығындағы стадионға жиі баратын. Футбол десе ішкен асын жерге
қоятын. Әлем, Еуропа, Азия чемпионаттары, жазғы, қысқы Олимпиада кезінде Рақым
ағайдың бөлмесінің жарығы таң атқанша жанып тұратын. Бір ай бойы футбол
матчтарын үзбей көретін. Рекеңнің екінші қыры өте малсақ еді. Ауласындағы
баудан өзі алма жинап жүргенін талай көрдік. Ол бордақылаған малы семіздіктен
бітіп қалатын. Еңбекқор, ешкімге артық ауыз сөзі жоқ, таза еңбектің адамы еді.
Өмірлік жары Жеміскүл Балапанқызы – Құмкенттің аруы. Анасы Тәжен апа елге сыйлы
ана болатын. Жеміскүл апай аудандық телекоммуникация торабында көп жыл қызмет
атқарып, зейнетке шыққан. Бағдат, Бекжан, Бану, Баян атты төрт ұл-қыз өсірді.
Қазір ұлдары ұяда, қыздары қияда.
Рекең 63-тен бір ай асқан шағында 2014 жылы өмірден озды.
Биыл көзі тірі болғанда өзі көре алмай, аңсап кеткен немерелерінің ортасында 70
жылдық мерейтойын тойлап, арқа-жарқа болып отырар еді.
Кезінде Сәбит Мұқановтың, Мұхтар Әуезовтің табаны тиген Созаққа елге танымал тұлғалар жиі
келіп тұратын. Рақым ағай бір жолы «Мақсат, үйде бір чемодан тарихи суреттер
бар, өзім арнайы көрсетем» деп еді. Амал не, өмірден ерте өтіп кетті де, бұл
чемодан менің қолыма түспеді. Меніңше, Рекеңнің үйінде сақталған,
замандастарының қолында жүрген суреттерді жинау керек. Сонда аудан өмірінің
көркем шежіресі жинақталар еді. Сарғайған суреттер көп сыр ашар еді. Рақым
Айтжановтың жеке көрмесін ұйымдастырсақ та артықтық болмайды. Бұл – бүгінгі
көзі тірілердің адами парызы.
Мақсат
ҚАРҒАБАЙ,
Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.