Жаңа Түркістан: үмітке толы үш жыл

(Соңы. Басы өткен нөмірде).
АРЫС, МАҚТААРАЛ ОҚИҒАЛАРЫ ХАЛЫҚТЫ БІРІКТІРУШІ ФАКТОРҒА АЙНАЛДЫ
2019 жылы Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің қоймасында жойқын жарылыс болды. Апат салдарынан 50 мыңға жуық тұрғын өз үйлерін тастап, қаладан шығып кетуге мәжбүр болды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жедел тапсырмасымен тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру, оларды арнайы орталықтарға орналастыру жұмыстары басталып кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа арнайы келіп, апат салдарын жою жөнінде тапсырма берді. Алаңдаған ел көңіліне демеу болып, көшбасшыға тән мінез танытты.
Күллі қазақты алаңдатып қана қоймай, игі іске біріктірген Арыс апатын жоюға еліміздің барлық өңірлері атсалысты. Халық қолдан келген көмегін жіберіп, арыстықтарды құшағына қысты. Мемлекет басшылығы, облыс әкімдігі мен күштік құрылымдар өз міндеттеріне сай қаланы қайта жаңартуға кірісті. Арыс апаты, әскери қойманың әлегі, сол кезеңдегі қиындықтар мен жұмыстар туралы жұртшылық жақсы біледі. Арыс қаласында 8626 үй бар болса, жарылыс салдарынан 7635 үй зардап шекті. Оның ішінде 480 үй жарамсыз деп танылып, жаңадан салынды. Жөндеуді қажет ететін 7155 үй жөнделіп, халық игілігіне берілді. Бір жылда 380 мың оқ-дәрінің қалдықтары қала сыртына шығарылды. Мыңдаған оқ-дәрі залалсыздандырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Екі жыл ішінде Арыстағы теміржол вокзалы, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, саябақтар салынып, жолдар жөнделді. Қаланы қалпына келтіру жұмыстарына 500-ге жуық компания мен 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты. Әрбір арыстық тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы төленді. Тоғыз жолдың торабындағы шаһар ажарлана түсті. Бұл – тұтас елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында қол жеткізген жетістік. Осыны жақсы түсінетін арыстықтар таяуда Арыс қаласында «Қазақ еліне мың алғыс» монументін ашты.
2020 жылдың 1 мамырында Түркістан жұртшылығы тағы бір сынақты бастан өткерді. Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, Мақтаарал ауданындағы 1000-нан астам тұрғын үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 денсаулық сақтау мекемесі, 1 мәдениет үйі, 10 сауда объектіcі, автомобиль жолдары, 1 көпір, 5695 гектар егістік пен жайылым жер топан су астында қалды. Бұл кезде де тұтас Қазақ елі мырзашөлдіктердің жанынан табылды. Мыңдаған жүк көліктерімен гуманитарлық көмек жолдап, арнайы қорға қаржы аударды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті, елді апат салдарын жоюға жұмылдырды. Облыс әкімдігі жедел штаб құрып, жағдайды толық бақылауға алды. Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан су басқан ауылдың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден берілді. Оған 628 млн. теңге жұмсалды. Алишер Усмановтың қоры есебінен зардап шеккен және эвакуацияланған отбасыларға 1000 АҚШ доллары көлемінде 2,2 млрд. теңге аударылды. Мырзакентте жаңа шағынаудан пайда болып, 386 үй салынды. Ол Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындарына берілді. Фирдоуси, Өргебас елді мекендерінде 504 тұрғын үй салынды. Мырзакент кентіндегі жаңа шағын ауданда 1200 орынды мектеп пен 280 орынды балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория және 1 полициялық тірек пунктінің құрылыстары жүргізілді. Фирдоуси ауылында 600 орынды мектеп ағымдағы жөндеуден өтіп, дәрігерлік амбулатория реттелді. Қайырымдылық қорлары арқылы да тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілді. Барлық өңір тұрғындары, әкімдіктері көмек қолын созды. «Nur Otan» партиясы арқылы гуманитарлық керуендер ұйымдастырылып, «Біргеміз» қоры арқылы 32 үй тұрғындарға берілді.
Арыс пен Мақтааралдағы төтенше жағдай барша қазақты біріктіріп қана қоймай, елді үлкен сынақтан өткізді. Алтайдан Атырауға дейінгі ағайынның ақжарма көңілі мен кең пейілін сездірді. Мемлекет басшылығының, ел Үкіметінің, атқамінер азаматтардың да отаншылдығын аңғартты.
Былтыр басталған коронавирус пандемиясы да елдің еңсесін басып, әбігерге салып келеді. Бірақ, сан сынақтан ширығып өтіп келе жатқан Түркістан жұртшылығы бұл дерт пен оның экономикалық зардаптарымен шама-шарқынша күресіп келеді. Өңірде індеттің таралуын тоқтату және науқастарды емдеу үшін 610 инфекциялық және 340 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылды. Өңірдің медициналық ұйымдарын дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 2,1 млрд. теңге бөлінді. Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 178-ден 348-ге дейін арттырылды. Қосымша 4 оттегі стансасы орнатылып, оның саны 8-ге жетті. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 4 069-ға дейін жетті.
Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылу салдарынан табысы төмендеген 880,5 мың азаматқа жалпы 37,3 млрд. теңге бөлініп, 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер берілген. 168,9 мың азаматқа, АӘК алушы балаларға, мүгедектерге, жұмыссыздарға жалпы 3,7 млрд. теңге бөліп, 5567 теңге көлемінде өтемақы түрінде азық-түлік пен тұрмыстық пакеттер ұсынылған. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен, «Nur Otan» партиясының үйлестірумен «Birgemiz» қоры арқылы 38,9 мың тұрғынға 50 мың теңгеден үлестірілген. Оған 1,9 млрд. теңге жұмсалған. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ақылы 26 908 жаңа жұмыс орны ашылған. 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 24,4 млрд. теңге қаралып, 88 160 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.
ЖАҢАРҒАН ШАҺАР – ЖАҢА ИДЕЯЛАР АЛАҢЫ
Биыл Түркістан қаласына келген кезекті сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Иә, Түркістан шынында да жаңарған Түркістанға айналды.
«Алдыңғы жылдары Түркістанның 1500 жылдығын атап өткенде осы Түркістанды бір көтерсек деп армандап едім. Қазақстанды нығайту, дүние жүзіне таныту керек деп шапқылап жүрдік. Енді уақыт келді, 2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар деп бөліп, Жарлыққа қол қойдым. Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинадым, мемлекетке, әкімдікке тапсырма бердім. Бірінші бағдарлама жасадық. Соның арқасында 2019-2020 жылдардың ішінде 257 ғимарат салынды.
Бұл – біз үшін елдің астанасын салумен бірдей керемет дүние. Былтыр келген адам Түркістанды қазір танымайды. Ай сайын, жыл сайын өзгеріп тұрады. Қала астанадан да тез салынып жатыр. Енді 2025 жылға дейін бұдан да үлкен, керемет болады. Қазір халқының саны 200 мың болса, 2025 жылы 300 мыңнан асып кетеді деген жоспар бар» деді журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тоқсаныншы жылдардан бастап Түркістанды дамыту идеясын назарда ұстаған секілді. Алдымен университет ашып, оны келісімдер арқылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне айналдыруы, түркі мемлекеттері президенттерімен тұрақты түрде Түркістанда жүздесуі осы ойға жетелейді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің басшысы ретіндегі алғашқы жұмыс сапарын Түркістанға зиярат етумен, зиялы қауыммен кездесуден бастағаны есімізде.
«Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» деген болатын сол кездесуде Президентіміз.
Мемлекет тарапынан Түркістан облысына, Түркістан қаласына ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде шаһар 3 жыл ішінде адам танымастай өзгерді. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған министрлер кабинеті, 16 өңірдің әкімдері мен жауапты өкілдері Түркістанда болып, өздеріне бекітілген нысандардың құрылысын бақылады. Қасиетті шаһардың кемелденуіне аянбай еңбек сіңірді. Еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар келіп, жаңарған Түркістанның дамуына үлес қосып жатыр.
«Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасына» және «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекіту туралы» ел Үкіметінің қаулысына сәйкес 3 жылда Түркістан қаласында 257 нысан пайдалануға берілді. Солардың ең ірі әрі ауқымдыларына тоқталайық. 2019 жылы 23 нысанның құрылыс жұмыстары басталып, бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Олар:
1. Әкімшілік ғимараты;
2. Басқармалар үйі;
3. Департаменттер үйі;
4. Нұр-Сұлтан алаңы (Астана қаласы);
5. «Конгресс-холл» орталығы (Самұрық-Қазына);
6. «Алатау» медиа-орталығы (Алматы қаласы);
7. Оқушылар сарайы (Самұрық-Қазына);
8. 7000 орынды стадион (Самұрық-Қазына);
9. Бассейні бар спорт кешені (Petroleum Operating);
10. Олимпиадалық резерв мектебі (Солтүстік Қазақстан облысы);
11. Халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы);
12. Музыкалық мектеп (Батыс Қазақстан облысы);
13. Қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды);
14. Цифрлық кеңсе (Самұрық-Қазына).
Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 100,7 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылып, оның 91,2 шақырымы іске қосылған.
Ал, рухани-мәдени орталығында 9 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бәрі пайдалануға берілді. Олар:
1. Шығыс моншасы (Қызылорда облысы);
2. Әуенді субұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы);
3. Неке сарайы (Қостанай облысы);
4. Амфитеатр (Маңғыстау облысы);
5. Қабылдау орталығы (Жамбыл облысы);
6. Қ.А.Ясауи мұражайы (Самұрық-Қазына);
7. «Ұлы дала елі» орталығы (Атырау облысы);
8. Драма театр (Ақтөбе облысы);
9. «Farab» кітапханасы (Шымкент қаласы).
Мәдени - рухани орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға 41,1 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылған.
Түркістан үлкен агломерацияға айналуы бек мүмкін. Ал, дамыған қала болу үшін тұрғындарды баспанамен қамту өзекті. Былтыр әкімшілік іскерлік орталығында 28 үйдің құрылысы аяқталып, 1150 пәтер пайдалануға берілген. Жалпы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында ауданы 465,3 мың шаршы метр болатын 9052 пәтерлі 177 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қала аумағында саябақтар мен демалатын орындар, туристік нысандар саны артуда. Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат), желілік саябақтар, гүлзарлар, Қ.А.Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығында 28 гектар аумаққа дендросаябақтың, 9 гектар аумаққа жасанды көлдің құрылысы басталды. Қаланы көгалдандыру, сулы әрі нулы шаһарға айналдыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асып, ел игілігін көре бастады. Рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталық пен жалпы қалада 100 шақырымдай арықтар қазылып, су жіберілді. Шаһардағы «Тұңғыш Президент» саябағында салынған су айдынының сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық болса, тереңдігі 4 метрге жетеді. Дендросаябақта сыйымдылығы 200 мың текше метрден асатын жасанды көл туризмнің түлеуіне түрткі болмақ. Сонымен бірге олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы салынып, Түркістан Азия мен шетелдердің спортшылары қатысатын ірі додаларды қабылдайды. Халықаралық дәрежедегі орталықтың көлемі – 100 гектар. Су айдынының ұзындығы 2,5 шақырым болса, ені 125 метрді құрамақ. Каналдың тереңдігі – 4 метр.
Мемлекет тарапынан Түркістанды туризм орталығына айналдыру міндеті жүктелгені белгілі. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарылған. Оған инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер үлес қосты. Қалада «Керуен сарай» кешені салынып, қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінен туристер келіп жатыр. Бір күнде 7 мың адам келген дерек те тіркелді. Халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan», «Нұр Әлем» және өзге де қонақүйлер ашылды. Халықаралық талапқа сай әуежай пайдалануға берілді. Әуежай арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар Ыстамбұлға тұрақты рейстер ашылған. Алдағы уақытта бағыттар саны көбеймек.
Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, 2020 жылы 2400 гектар аумаққа 1 миллионнан астам көшет отырғызылған. Түркістан қаласын абаттандыру үшін бөлінген 32 секторда 33 мың түп ағаш егілген. Бүгінде «Жасыл белдеу» жобасының жалпы аумағы 2 есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетті. Әрине, отырғызылған көшеттердің бәрі жайқалып кетті деу қате болады. Мамандардың өзі көшеттің жерсіну көрсеткіші өзге өңірлерде 70 пайызды құраса, Түркістан аумағындағы деңгейі 50%-дан аспайтынын айтады. Дегенмен, көгалдандыру, жасыл алқапты көбейту жұмыстары жалғасады. Жергілікті атқамінерлер осылай деп отыр. Осы жүйелі жұмыстар арқылы таяу жылдары біз саябағы жайқалған, сәулеті алыстан байқалған, жанға жайлы, тұрғындары бақытты Түркістанды көреміз деген сенім мол.
Жуырда Түркістанда «Ұлы Жібек жолы – ұлы мұра» атты халықаралық форумы өтті. Оған 15 мемлекеттің туризм саласына жауапты өкілдері мен кәсіби мамандары келді. Түркістанның туристік әлеуетін, даму жоспарын талқылады. Келелі ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда Түркістан қаласына жылына 1 млн. турист келсе, алдағы жылдары туристер саны еселеп артады деген болжам бар. Қазіргі таңда оның алғышарттары жасалып жатыр. Қалада Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. Осы және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ арқылы ғылым, қызмет көрсету, туризм салаларында білікті кадрлар даярланып, жаңарған Түркістанға қызмет етеді деген сенім бар.
Бүгінде Түркістан облысында, оның орталығында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына да басымдық беріліп, көптеген нысан ел игілігіне берілді. Назарбаев зияткерлік мектебі бой көтерді. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің «Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Біз құрылыс нысандарын салуды және өзге де жұмыстарды уақытында атқара аламыз. Қаланы да саламыз. Бірақ, сонымен бірге мәдениетіміз бен руханиятымызды да соған сай етуіміз керек» деген пікірі бар. Интеллектуалды, санасы сергек ұрпақ тәрбиелеуде Түркістанда бой көтерген рухани және мәдени нысандар маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Руханият демекші, облыс басшысының бастамасымен Түркістан қаласының идеологиялық 4 бағыты белгіленген болатын. Олар: 1. Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; 2.Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; 3.Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы; 4.Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Екі жылдай уақыттан бері осы бағыттар негізінде жұмыстар атқарылып келеді. Қалада тарихтан сыр шертетін «Ұлы Дала елі» орталығы, «Алтын самұрық» кешені және қазақ хандарына арналған мемориалдық кешен мен өзге де рухани нысандар ашылды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тың ізденістері арқылы Қожа Ахмет Ясауидің ұрпақтары мен туған-туыстарына қатысты зерттеулер жүргізіліп, ғұламаға қатысты тың деректер табылды. «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы жасақталды. «Turkistan» халықаралық телеарнасы көрерменге жол тартты.
Қазақ хандарына арналған кешен жүрегі «қазағым» деп соғатын әрбір азаматқа рух беріп, санасын серпілтеді. Тарих тереңіне жетелейді. Ғасырлар тоғысында Қазақ хандығының астанасын ғана емес, тұтас Қазақияны қорғаған баһадүр бабалардың ізі, кемеңгер ойшылдарымыз бен билеріміздің өсиеті, Ясауидей бабаның ізгілікті ісі қалған Түркістан шын мәнінде Түркі әлемінің орталығына айналады. Оған сенім кәміл.
Ғабит САПАРБЕКОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Суреттерді түсірген А.Лещенко.
P.S: Маусым айының басында ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» талқыланды. Барлық министр қатысқан жиында кешенді жоспардың 40 пайызы іске асырылғаны, Түркістан қаласын дамытудың І кезеңі сәтті аяқталғаны айтылды. Осыған байланысты Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңін іске асыру жөніндегі идея қолдау тапты. Шаһарда 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатта 1,3 трлн. теңге инвестиция бағытталады. 4,9 млн. шаршы метр немесе 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Ірі жылыжай, сүт өңдеу фермасы, химия кешені, мұнай өңдеу зауыты, тұрмыстық техника шығаратын зауыт ашылады. 2025 жылға дейін 40 мың жаңа жұмыс орны пайда болмақ. 40 мың жұмыс деген – 40 мың отбасы. Үміт. Жаңаруға, Еуразияның жауһарына айналу жолындағы ұлы сапарың тоқтамасын, Түркістан!