«Мен үшін бірінші кезекте ел ағаларының пікірі маңызды»

Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан ақсақалдарымен жүздесіп, күрделі проблемаларды ортаға салды. Халық пен билік өкілдері бірқатар мәселені талқылап, алда келе жатқан ауыл әкімдерін сайлау науқаны туралы да сөз қозғады. Алғашқы тікелей сайлаудың ең алдымен халық үшін маңызды екендігі айтылды. Киелі Түркістан қаласының жаңарған келбетіне куә болған ақсақалдар жасыл желекке бөленген жаңа шаһардағы сан түрлі субұрқақтар мен әсем ғимараттардың көбейгеніне ризашылықтарын жеткізді.

«Қазақ елінің маңдайына біткен Түркістанның көркеюі әрбір жан үшін өлшеусіз бақыт. Жаңа Түркістанды көрдік. Фонтанда қуанған балаларды көрдік. Киелі мекеннің ынтықтырған көркі мен қасиетті жерлерінің ажарлануына көктегі періштелердің өзі қуанғандай. Жақында өтетін ауыл әкімдерінің сайлауын абыроймен атқарып, ел қамын ойлайтын, халықтың жағдайын жақсартуға күш салатын азаматтарды таңдауға қуана атсалысамыз» деді Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев.

Облыс әкімінің ақсақалдармен кездесіп, жергілікті мәселелерді талқылауы бүгінде дәстүрге айналған. Басқосу барысында сөз алған ақсақалдар кез келген жағдайды дер кезінде талқылап, шешімін табуға болатынын айтты.

«Өздеріңіздей ақсақалдар, көпті көрген қариялар елдің жағдайын біліп, шындықты, шынайылықты, болып жатқан тірлікті бүкпесіз, ашық айтады. Әңгіме барысында елді алаңдатқан мәселелер айтылады. Сондықтан мен үшін ел ағаларының ой-пікірі өте маңызды. Жасалып жатқан істерге шынайы көзқарастарыңыз бен ақыл-кеңестеріңізге құлақ асамыз. Ардагерлер кеңесімен тығыз байланыстамыз. Мен үшін бұл қоғамдық ұйымның орны ерекше. Халықтың жағдайын сіздерден артық білетін жан жоқ деп ойлаймын. Алда келе жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқан саяси шара. Халық тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ» деді аудан ақсақалдарымен кездескен облыс әкімі.

Облыс әкімі тиісті басшыларға өңірлік «Қамқорлық» бағдарламасының барысын қадағалауды тапсырды. Түркістан облысында көмекке мұқтаж 2000-ға жуық отбасы бар. Демеушілер есебінен барлығына 500 млн. теңгеден астам көмек берілді. Облыс бойынша осы бағдарлама аясында 52 отбасы баспаналы болды. «Қамқорлық» жобасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамтып немесе жеке кәсібін дөңгелетуге жағдай жасалады. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық көрсету арқылы кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік жасалады. Бұл жоба барлық аудандарда өз жалғасын табады.

Азық-түліктен бөлек, олардың тұрып жатқан үйлерінің бітпей тұрған тұстарына және айналасындағы тазалық жұмыстарына арнайы еріктілер тобы жұмылдырылады.

 

 

Пікір қалдырыңыз