«4 тонна құм...» арт-нысаны ашылды

Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай Түркістанда «4 тонна құм» арт-нысаны таныстырылды. Аталған шараның ашылу салтанатына Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Бекжан Қалымбетов және БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысты.

«Біздің облысымызда жалпы 3 млн. гектар орман қоры жерлері болса, оның 2 млн. гектардан астамы сексеуілді алқапқа жатады. Сексеуілді алқаптар Отырар, Шардара, Созақ аудандарында орналасқан орман шаруашылықтарының үлесінде. Бүгінгі республикалық шараның негізгі мақсаты халықтың табиғатқа деген, оның ішінде сексеуілді сақтап, қорғауға деген экологиялық сауаттылығын арттыруға саяды» деді шарада сөз алған облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Б.Қалымбетов.

Өз кезегінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай табиғатпен қарым-қатынасымызды қалпына келтіру үшін күш-жігерді біріктірудің маңызы ерекше екенін жеткізді.

Ормандар ел аумағының 4,9 пайызын ғана алып жатса, олардың жартысына жуығы сексеуілге тиесілі. Қолданыстағы заңнамалық мораторийге қарамастан бүгінде сексеуілдің шамадан тыс кесілуі шөл даланың символы саналатын бұл өсімдікке жойылу қаупін төндіруде.

«4 тонна құм» арт-инсталляциясы жақын маңдағы шөлден әкелінген құммен жартылай жабылған үй болып табылады. «Көмілген үй» сексеуілді кесу салдарынан ауылдарға жақындап келе жатқан құмды бейнелейді. Арт-нысан үшін 4 тонна құмды пайдалану символдық мәнге ие. Өйткені, күшті тамырлары бар бір сексеуіл ағашы құмның дәл осындай мөлшерін ұстап, жерді тұзды батпақтар мен шөлге айналудан сақтай алады.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз