Қызғалдақ – достықтың дәнекері

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».
Аллаға сансыз шүкір, тәуелсіздік алғалы жер-жаһанға Қазақстанның даңқы кеңінен тарады. Елімізге әлемнің әр түкпірінен миллиондаған турист келіп, тұмса табиғатымызға таңдай қағып кетіп жатыр. Жуырда Түркістанның жаңа келбетін көреміз деп сонау Голландиядан бір топ турист келіпті. Олар ә дегеннен ұлан-ғайыр даламыздың алқызыл түске малынып, көздің жауын алып тұрған келбетіне тамсана қарап тұрып, «айтыңыздаршы, мына қызғалдақтарды біздің елден әкелдіңіздер ме?» деп сұрады.
– Жо-жоқ, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны. Қызғалдақтың тұқымын, керісінше сіздер бізден алғансыздар. Мәселен, сіздерде қызғалдақ арнайы тұқымбақтарда ғана өседі. Ал, сіздер қараңыздаршы, ешкім екпей-ақ, ешкім күтім жасамай-ақ бүкіл дала қызғалдаққа тұнып тұр емес пе? – деп таластық біз.
Осындайда тарихқа жүгінуге тура келеді. Расында, Нидерланд 1650 жылдардан бері қызғалдақ өсіреді. Олар қызғалдақтың табиғи тұқымын Осман империясынан алып отырған еді. 1914 жылдан бастап түріктер алапат соғысты бастан өткеріп, гүл өсіру былай тұрсын, онда өмір сүрудің өзі қиындап кетеді. Осыдан соң Голландия Түркістанның шұбайқызыл бөктеріндегі қызғалдақтарына көз тікті. Мұндағы қызғалдақтар түріктің жеріндегі қызғалдақтардан мың есе әсем әрі өсімтал еді. Қызғалдақтың жақсы болуы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсеткендей: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне тарағандығынан».
Отызыншы жылдары Голландиядағы гүл алқаптары тозып кеткені соншалық, қызғалдақтың арамшөптен айырмасы болмай қалды. Өйткені, олар қызғалдақты будандастыру арқылы егіп келді. Ботаниктер жасанды тұқымның ең ұзақ жасы 180-200 жылдан аспайтынын ғылыми негізде дәлелдеген. Ендеше, не істемек керек?
1931-1932 жылдары қазақ даласы нәубетке ұшырағаны тарихтан белгілі. 40 миллионнан астам мал Еуропаға арзан бағаға сатылып кете барды. Міне, осы кезде қазақ даласындағы өтімді тауарлардың бірі әрі ең құндысы – қызғалдақ пиязы еді. Голландиялықтар біздің даламыздан 2 мың тонна қызғалдақ пиязын қазып алды. Бұл қазіргі бағаммен 5 миллион долларға тең қаржы болатын. Осы қаржыға КСРО ауыр индустриясын дамытты.
Сонымен, Голландия бір-ақ сәтте қызғалдақты мемлекетке айналып шыға келді. Тіпті, қызғалдақ алқаптарын өлтіріп алмау үшін Голландия немістерге соғыссыз берілген. Осыны айтқанымызда Роберт қызарақтап қалды.
Тарихқа тағы бір мойын бұрып қарайықшы. ХІ-ХІІ ғасырларда қыпшақ тайпалары Арал теңізі мен Ташкент аралығын мекендеді. Олар Сыр бойына оғыздарды тастап, өздері Иран, Түркия жеріне ығысты. Осы кезде атамекен топырағынан тәберік ретінде қызғалдақты ала кеткен ғой. Неге? Өйткені, оғыз жұрты қызғалдақты «лале» деп атайтын. Дыбысталуы Алла дегенге қатты ұқсайды. Айтылуы ғана емес, жазылуы да келіп тұр. Сонымен, қызғалдақты Еуропаға алғаш апарған Осман түріктері болып табылады. Қызғалдақ Осман өлкесіндегі ою біткенді ығыстырып шығарды. Сұлтандардың сарайларында, мешіттерде, қабырғаларда, шатырларда қызғалдақ таңбасы анық көрінеді. Тағы бір ерекшелігі, қызғалдақтың сабағы Құран әрпінен айнымайды. Осман империясында қызғалдақты ерлер бас киіміне, қыз-келіншектер орамалына тағып алады екен. Бұл бір жағы әдемілік, екінші жағынан асқан байлықтың сипаты болыпты. Қызғалдақ Осман сұлтандары тұсында әлемдегі ең қымбат гүлге айналған. Сондықтан Қаратаудың етегінен қызғалдақ пиязшығын қазып әкелу үшін керуендер ағылып жататын.
1560 жылы Осман билеушісі Сүлеймен сұлтанға дипломатиялық сапармен келген Австрия елшісі қызғалдақтың пиязшығын ала кетіп, Венадағы ботаник досы Клузиусқа сыйлайды. Ол қызғалдақты Голландияға әкелген. Осыдан бастап қызғалдақтың жүздеген жаңа сорты пайда болды. Осылардың арасында Семпер-Аугуста атты сорты тым ерекше бағаланды. Оның бір түйір тұқымы қазіргі қазақ ақшасымен 100 миллион теңгеге пара-пар еді. Теңіз жағалауындағы байлар кемелерін қызғалдақ тұқымы үшін айырбастап жіберген деген де сөз бар.
Нидерланды елінің ханымы Беитрикс Вилгельмина Армгард елімізге келген бір сапарында «Ұлы Жібек жолы бірнеше ғасыр бойы Азияны Еуропамен жалғады. Сол секілді Нидерландыны Қазақстанмен байланыстырушы болды. Осы қарым-қатынас арқасында біздің елімізге сіздердің қызғалдақ гүлі келіп жетті. Қазақстанның кең-байтақ даласы мен тауларын мекен еткен гүл біздің елдің ең өтімді өніміне айнала білді. Бүгінгі таңда қызғалдақ нидерландықтардың негізгі экспорттық тауары ретінде бағаланады. Қызғалдақ – біздің ұлттық символымыз іспетті. Қызғалдақ сіздерден жеткен ең үлкен сый. Сол себепті, біз сіздің елге қарыздармыз. Қызғалдақ гүлі екі елдің арасындағы қарым-қатынасты гүлдендіретін дәнекер болып жайнап өсе берсін!» дегені қалай ұмытылар?!
Демек, қызғалдақ достықтың да дәнекері. Халықтар бірлігінің мызғымас айғағы. Сан ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан осы татулық қарым-қатынас мәңгілік үзілмесе екен деп тілейді әлемнің бейбітшілік сүйгіш халықтары.
Ал, қазақтар қызғалдақ туралы аңызды бағзыдан айтады. Ертеректе байлығы жер-көкке сыймаған бір бай өмір сүрген деседі. Ол сонша бай бола тұра, өте қатал әрі сараң екен. Оның жалғыз қызы болыпты. «Осы қызымды күйеуге берсем, күйеу бала барлық байлығымды иеленіп кетеді-ау» деп қатты уайымдайды сараң бай. Осылай сарсаңға түсіп жүрген бай жалғыз қызын қыр басында жүрегіне пышақ сұғып өлтіреді. Қара жер кінәсіз ажал құшқан балауса қыздың қанын сіңіре алмай қатты қиналыпты. Сол қыздың қаны тиген жерге жалғыз түп гүл өсіп шығады. «Қыздан қалған дақ қой» десіп жүріп гүлдің атын Қызғалдақ деп атап кетсе керек. Қызғалдақтың да ғұмыры қызбен қарайлас. Ерте көктемде құлпырып шығады да небәрі бірнеше күнде қазан болады.
Солай, шетелдік дос! Сіздің жерлесіңіз – голландиялық селекционер «Президент Назарбаев» қызғалдағын жасады. Бүгінде Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аманкелді Алушев пен биология ғылымының кандидаты Бахадур Юнусовтің жетекшілігімен осы гүл жайқала өсіп тұр. Ботаникалық бақта қызғалдақтың жеті түрі бар. Жеті – қазақ үшін киелі сан. Біз киені қадірлейтін, сүйетін бейбітсүйгіш елміз.
Роберт мырза жаңа Түркістанды айналшықтап шыға алмай қалды. Қайтар жолда Қаратаудың етегіне бармақ, қызғалдақты даланың ғажайып келбетін суретке басып, еліне ала кетпек.