Тағдырың – өз қолыңда!

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Күз айларынан бері коронавирустың екпіні басылып, індет сәл саябырсығандай болып еді. Алайда, көктем шыға бұл дерт қайтадан өршіді. Өткен аптада Қазақстан әлемдік эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймаққа өтті. Соңғы мәліметтер бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары «қызыл» аймақта тұр. Ал, Шымкент қаласы мен Қарағанды облыстары «сары» аймаққа енсе, қалған сегіз өңір әзірге «жасыл» аймақта.

Елімізде күн сайын аты жаман аурудан жазылғандарға қарағанда, жұқтырғандардың саны көбейіп, адам шығыны да азаймай тұр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бір тәулікте мыңнан аса адам коронавирустан жазылып шықса, инфекция жұқтырғандардың саны сәрсенбіде 2 мыңнан асып-жығылды. Ал, олармен байланыста болғандардың саны қанша екені әзірге беймәлім. Аталған ауру бойынша ем қабылдап жатқан науқастардың 500-дейінің жағдайлары ауыр.

Оның үстіне қазір вакцинациялау жұмыстары да мандымай тұр. Жаппай екпе салу науқаны жарияланған 1 ақпаннан бастап 47 мың қазақстандық ғана толықтай вакцинациялаудан өткен. Яғни екі айда халықтың 0,2 пайызы ғана екпе салдырған. Мемлекет басшысының айтуынша, бұған себеп – вакцина жетіспеушілігі. Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған орай өзге ел басшыларына вакцинаның қосымша мөлшерін жіберуге өтініш білдіріп, қаржылық жағынан тиімсіз келісім жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қатаң сынға алды.

– Вакцинациялау үрдісінің созылып кетуі қарапайым мәселе емес. Бұл, біріншіден, халықтың қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Тұрғындардың арасында ауру жұқтыру және өлім жағдайлары өсіп, бизнеске шығын келуде. Бюджетке түсетін салық азайып, ел қазынасы кемуде. Алексей Владимирұлы, мен сізге бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Үкіметте шешуші рөл атқарады деп айтқан болатынмын. Сіздің құзіретіңіз ерекше. Алғашында жұмысты жақсы атқарып, кейіннен қарқыныңызды бәсеңдетіп алдыңыз. Сәуір айында сіз жағдайды жағымды жаққа қарай өзгертуіңіз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Вакцинация мәселесіне келгенде ел ішінде түрлі теріс пікірлер туындап жатады. Денсаулық сақтау министрлігіндегілер мен елдің сөзі қабыспай жатады. Содан келіп екпе салдырудан басын ала қашатындардың қатары қалыңдайды.

Еске сала кетсек, былтырғы пандемия кезеңінде бірқатар өңірлерде ауруға қарсы медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі байқалған еді. Дәріханалардың табалдырығын тоздырып, өлім мен өмір сынға түскен сәтте тұрғындардың жанайқайы жер-жерден естіліп жатты. Ел басқарып жүрген азаматтардың сөзіне сенсек, биыл ондай проблема болмайтын сияқты. Дегенмен, осы мәселені тағы да пысықтап қойсақ, аздық етпес еді. Өйткені, өткен жылғы «дәрі-дәрмек жеткілікті» деген ресми мәлімдемелердің біразы іс жүзінде олай болмай шыққан...

Бізді құрдымға жіберетін тағы бір кемшілік бар. Ол – бейқамдық. Осы індет белең алғалы қаншама қимас жандардан айырылсақ та, қаншама ет жақындарымыз өлім аузынан қайтса да еркінсуді тоқтата алмай келеміз. Күн сайын жер-жерде той-томалақ, жиын өтіп жатады. Тығылып той жасайтындарға, көпе-көрінеу көкпар шабатындарға басқа түскен нәубет сабақ болмағандай. Иә, кей лауазымды тұлғалар өз міндетін дұрыс атқармай жатқан болар. Бірақ, ананы бір, мынаны бір мінеп қойып, «кім көреді» дегендей заңды белшесінен басып жүре бергенде не ұтамыз? Кінәлілер сөгіс алып, ары кетсе жұмыстан қуылар. Заң бұзғаныңыз үшін сіз де айыппұл төлеп құтыларсыз. Бірақ, олар сізді, сізбен байланысқа түскен адамдарды, сіздің отбасыңызды індеттен құтқарып қала алмайды ғой. Қорадағы малдың өзін өзгеге сеніп тапсырмайтын адамдар өз денсаулығын неге ойламайды? Екпе салдыру былай тұрсын, бетпердені біреудің айтуынсыз тақпайтын тұрғындар өте көп. Шақырылған жерден бас тартып, көпшіліктің, ағайын-туыстың арасына барудан тартынып жатқанымыз да шамалы. «Ұят болады» дейміз. Айтыңызшы, кімнен ұят болады? Ақыры, ағайын-туыс, дос-жаранды ойлайды екенсіз, неге олардың қауіпсіздігі жайлы ойланбайсыз? Бас амандығын, деніміздің саулығын ойлау үшін біреулердің келіп ескертуі міндет емес қой. Біз әлі де баяғыша жұртқа қарап күн кешіп жатырмыз. Бірақ, қазіргі жағдайда әр адамның тағдыры – өз қолында. Әр адамның дейміз-ау, тіпті, бар адамның өмірі – сіздің қолыңызда. Өзіңізге де, адамзатқа қастық жасама, замандас!

Өзіңе қастық жасамасаң, адамзатқа да қастық жасамайсың!

 

 

Пікір қалдырыңыз