Сейсенхан МАХАМБЕТОВ, суретші: «Талғамды да тәрбиелеу керек»

«Балаңыздың біреуі қалам ұстайтын
болады...»
– Романтик бала болдым. Біздің үй ауылдағы
газетті ең көп жаздырып алатын үй еді. Әпкем «Юный художник» деген журналға да
жазылатын. Әкем мал бақты, біз оған көмектесеміз. Телевизор, интернет жоқ
заман, ермегіміз кітап пен газет-журнал. «Батырлар жыры» мен «Рүстем-Дастаннан»
бастап, «Абай жолы», «Ботакөзге» дейін оқымаған кітабым жоқ шығар. Кітапты көп
оқыған бала арманшыл болады ғой. Бір күні Д.Исабековтің «Бекет» атты алғашқы
әңгімелер жинағын оқыдым. Қатты әсер еткені сондай, ішіндегі «Шойынқұлақ» деген
әңгімесінің сюжеті, кейіпкерлері әлі есімде. Кітапты көп оқығанның пайдасы,
оның бәрі жүректе жиналады екен, адамды рухани байытады екен. Мен мектептің
кітапханасын қойып, ауылдағы кітапханашының мазасын алатын болдым – кітапхана
жабық тұрса, үйіне барамын. «Осы сен-ақ қылқиып, екі күннің бірінде келесің де
тұрасың» деп кітапханашы апай күңкілдейді. Күндізгі уақыт жетпей, майшамның
жарығымен түні бойы қадаламын. Сонша кітаптың күші қойсын ба, мен де «жазушы
болсам ғой...» деп армандадым. Ауылда «Қазақ әдебиетін» жаздырып алатын жалғыз
біздің үй. Ол келетін күнді асыға күтіп жүремін. Келмей қалса, почтальонға
жүгіріп барамын, қашан сол нөмірін тауып әкелгенше тыныштық бермеймін. Ол кісі
де «осы сен-ақ...» деп ұрсады маған.
Анам жарықтық кітапты көп оқыған адам еді,
«ұйықта, көзіңнің тамырын қиып неғыласың» демейтін, қайта маған дем беріп
қоятын: «Мен сендердің оқыған, білімді азамат болғандарыңды көрсем деймін.
Қалам ұстасаң жетістікке жетесің, қалам, кітапта құдірет бар». Анамның осы сөзі
санамда мәңгі сақталып қалды. Кейін Құранның қазақшасы шығып, соны оқып
отырғанымда «қаламда құдірет бар, біз адамнан бұрын қаламды жараттық» дегендей
аятты оқып, таң қалдым, анам, сірә, мұны біреулердің аузынан естіген немесе бір
жерден оқыған болуы керек...
Біздің үй Отырар ауданындағы Сегізтам
деген ауылдың шетінде болатын. Әкем ауылдағы жекеменшік малды бағады. Ақ есекке
мінетін, аппақ көйлек-дамбал киетін бір кісінің жыл сайын Түркістан жақтан
келіп, Арыстан бабтың басына зиярат жасайтынын байқап жүреді екен, бір жылы жол
үстінде жолығып қалып, «тегін адам емес шығарсыз» деп өзімен бірге үйге ертіп
келді. Қой сойылды. Тамақ ішіп болған соң әлгі кісі қоржынынан алып, бір
кітапты ашты (кейін білдім, оны «кітап ашу» деп атайды екен). Үй толы адам. Мен
кішкентай баламын, бірақ, сол күні көргенім әлі есімде.
Қонақ «тоғыз перзенттеріңіз бар екен,
соның сегізінің рахатын көресіздер» деді. Анам болса «біреуін қайда жібердің?»
дегендей тіксініп қалды, бірақ ауыз ашқан жоқ. «Сары балаңыздың біреуі қалам
ұстайтын болады» деп сөзін жалғады. Біздің үйдің балаларының жартысы сары,
жартысы қара болатын. «Мүмкін, ана бала шығар» деді, төмендеу отырған маған
қарап, «мүмкін, басқасы шығар, бірақ, әйтеуір, ата-анасының атын тасқа басылған
нәрседе қалдыратын бала болады».
Көп нәрсе айтты ол кісі... «Малыңның
арасында ірі мал ма, ұсақ мал ма, білмедім, киелі бір мал бар, соны сатпа. Оны
сатсаң, бір жылда тоғыз малың жоғалады, одан кейін малыңның басы бес-алтаудан
аспайтын болады, берекесі кетеді».
Аяғы салтақ-салтақ, падаға қоспай арқандап
ұстайтын бір сиырымыз болушы еді. Жыл сайын еркек бұзау туады, онысы күзде
өзімен бірдей болады. Бұзауды да енесімен бірге арқандап өсіреміз. Апара
жатқанда, әкеле жатқанда үстіне мініп аламыз.
Әкеміздің кеңшардың сиырын бағатын
нағашысы бар-тұғын. Бірде сол етке өткізетін сиырларды айдап, біздің ауылдың
үстінен өтіп бара жатыр екен, әкеміз: «қартайды, орнына жас мал алайық» деп
ақсақ сиырды солардың арасына қосып жіберді. Анамызды да, бізді де тыңдаған
жоқ. Орнына бір тоқал сиыр алып едік, өзі сүзеген, өзі сүтсіз болып шықты. Бір
ағамды сүзіп, өлтіріп қоя жаздады. Сол жылы күзде байлап отырған қошқарымызды
қорадан ұрлап әкетті. Сиырымыздың басы бес-алтаудан аспай қойды. Қысқасы, баяғы
сәуегейдің айтқаны айдай келді. Және болжамы малдан да бұрын адамға қатысты айнымай
келді – қалам, оның ішінде қылқалам ұстаған мен болып шықтым...
Мен суретші болуды да армандадым. Және
кішкентай күнімнен суретті жақсы салатынмын. Өзімнен үлкен ағаларымның үйге
берген тапсырмаларын орындап, суретті әдемілеп салып беремін, олар «5» алып
келеді...
Мектепте мұғалім болып істейтін үлкен ағам
Қызылорда пединститутының өнер факультетін бітірген, студент кезінде атақты
«Сыр сұлуы» ансамблінің әншісі болған еді. Содан шығар, үйде А.Жұбановтың
«Замана бұлбұлдары» секілді музыка саласын қамтитын кітаптар көп, радиодан тек
Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов секілді
хас шеберлерді тыңдаймыз. Қой бағып жүргенде иен далада бір өзім шырқатып ән
салам. Әнді мектеп сахнасында да айтамын, ауданға да барып жүрдім.
Жетісай музыка театрының жетекшісі Жеңіс
Қарғабаев деген кісі еді, ауылға келіп, «Беу, қыздар-ай» және тағы бір-екі
спектакль қойды. Оны көрген мен енді режиссер болғым келді. Мектепте, 10-класта
жүргенімде, мен де екі пьесаны сахналайын. Бес-алты бала үйімізден ақ жайма
әкеліп, бәрін біріктіріп тігіп, оған гуашпен ауылдың суретін салдым. Режиссер
де өзім, басты рөлде ойнайтын да өзім. Қыздардың рөлін ұлдар ойнады.
Спектакльдің біреуі Қабдеш Жұмаділовтің «Еменнің иір бұтағы» әңгімесі, біреуі
Берқайыр Аманшиннің «Мәдениет және тұрмыс» журналына шыққан «Сол бай» деген бір
актілі комедиялық скетчі еді. Біз онша мән бермеппіз, комедияның басты
кейіпкері екі әйел алған еркек екен, оны мұғалімдеріміз сахнаға шығарғанда
бір-ақ көрді. Ертесіне «ынта-ықыластарың керемет, тек бұдан кейін тақырып
таңдағанда байқау керек» деп ескерту жасады...
Мен сөйтіп, біресе әнші болғым, біресе
режиссер болғым, біресе суретші болғым келіп, анық қай оқуға барарымды білмей
жүргенімде ағам айтты: «Сен әнші де, суретші де, режиссер де бола алмайсың,
өйткені, оған күшті дайындық керек. Немесе күшті таныс керек... Сен ең дұрысы
журфакқа бар, оған түсіп кетуің мүмкін. Журналистиканы бітірсең жазушы да болып
кетуің мүмкін, комсомол немесе партия қызметкері болып кетуің де мүмкін,
тарихшы, мұғалім болып кетуің де мүмкін. Тіпті болмағанда журналистика арқылы
көпті көресің, елмен араласасың, сөйтіп жүріп өмірден өз орныңды табарсың».
– Ағаңыз ақылды адам екен, қолмен
қойғандай етіп, өте әдемі кеңес беріпті!
– Иә, ағамның айтқанын істеп, екі жыл газеттерге
мақала жазып жүріп, мектеп бітірген бойда Алматыға барып, университетке түсіп
кеттім ғой. Түскенде шетінен талант, шетінен данышпандардың ішіне күмп ете
қалдым. Бөлмедегі екі ақыным күніге өлең оқып, «қанымды ішеді». Оларға өлең
оқуды қалай қойғызғаным жеке хикая, кейін өзіңізге айтып берермін...
Ал, студенттік шақ, өзіңіз де білесіз,
айтары жоқ, керемет құлшыныстың, құштарлықтың уақыты ғой! Оқып жүргенде Оралхан
Бөкеевпен танысып, жақсы араласып, інісіндей болып кеттім. Оған менің өзіме
ұнаған жазушылар шығармаларына қарандашпен, тушьпен иллюстрация, шарж жасап
жүретін әдетім себепкер болды. Бір кездесуде өзіне, кейіпкерлеріне арналған
суреттерімді беріп едім, ұнатып қалды. Соның арқасында 1983 жылы оқуды бітірген
бойда «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа қабылдады, еңбек жолым өте сәтті басталды. Ол
кезде Алматыда қалу деген... Редакторымыз – Шерхан Мұртаза! Жауапты хатшы,
тікелей бастығым – Қажығали Мұхамбетқалиев. Тұтқабай Иманбеков, Көпен
Әмірбеков, Сайлаубек Жұмабеков, Дидахмет Әшімханов... Бір күні мені әскерге
алып кетті. Одан келген соң «Жаңа фильм», кейінірек «Зерде» журналында, «Алматы
ақшамында» жұмыс істедім. Тілшіге қарағанда ақшаны көркемдеуші редактор
әлдеқайда көп табатын, сурет салатын өнерімнің пайдасын сонда көрдім. «Қазақ
әдебиетінде» жалақыға қаламақыларымды қосқанда 900-1000 сомға дейін алып
жүрдім. Обком хатшысының жалақысы 500 сом кез ғой ол... Жаспыз, ішіп-жегенге
мәз болып жүре беріппіз, әйтпесе әл-Фарабидің бойындағы орыстардың үйлері 6000
сом тұрады екен, сатып алу деген ойға келмеген...
«Қайта құру», «жариялылық», «кооператив»
келді, ақша үстемдік құра бастады. Жерлесім Қалдархан Қамбаров деген жігіт
«Иман» деген газет шығарайық, аға» деді. Шығардық. Бірақ, бір-екі жылдан соң
инфляцияның салдарынан тоқтап қалды. 1996 жылы «Ислам әлемі» деген газет
шығаруды қолға алдым. Соның қабатында Қайырғали Медет деген курстасым
«Мәдениет-Култура» деген журнал ашып, сонда жауапты хатшы, редактордың
орынбасары болып істедім.
Ал, діни басылымдар бізге өте ауыр соқты.
Мүлдем бейтаныс тақырып. Сол кездегі бас мүфти Рәтбек қажының көп көмегі тиді.
Үйінен арабша, түрікше газеттерді әкеліп, аударып беретін. Бірте-бірте төселдік
қой.
Сонымен, Діни басқармамен екі арадағы
меморандумға сәйкес, келісімшарт негізінде қоян-қолтық отыз жылға жуық жұмыс
істеп, 2019 жылы 15 желтоқсанда газетті жаптық. Өйткені, «еті – сенікі, сүйегі
– менікі» дегендей, газет менің меншігімде болғанмен, ішкі мазмұны басқарма
жағында болды. Ризашылықпен тарқастық...
Арманымдағы аңыз адам өмірде менің ұстазым
болды
Ал, енді суретшілік... Бірінші курста
маған республикалық басылымдардың бірінен Бүкілодақтық Ленин комсомолы
сыйлығының лауреаты Камил Муллашев деген суретші туралы мақала жазуға тапсырма
түсті.
– Иә, оның аты сол кезде жер жарып тұрды
ғой...
– Оның шеберханасы университеттің биология
факультетінің ғимаратында екен. Кәмекеңнің аспаннан парашютпен ақ шар (космос
кораблінің жерге қонатын аппараты) түсіп келе жатқаны, жерде аппақ арғымақ
аттардың шауып бара жатқаны бейнеленген «Таң» деп аталатын керемет картинасы
бар, соны мектепте жүргенде «Огонек» журналынан қиып алып, үйге іліп қойғанмын,
көзім тоймай қарап жүретінмін, енді сол суретті салған аңыз адамнан сұхбат
алуға өзім бара жатырмын. Өңім бе, түсім бе?.. Міне, сол Кәмекең менің
жан-дүниемді сурет деген, Мағжан айтқан тәтті умен улап жібергендей болды.
Шеберханасына жиі барып тұрамын. Ананы да сұраймын, мынаны да сұраймын. Ол бір
өте қарапайым адам екен, сұрағымның бәріне ыждаһатпен жауап береді. Менің
қызыққаныма ол риза, көрмелерге ертіп апара бастады. Мен енді суретшілер туралы
мақалалар, көрмелерден репортаждар жаза бастадым. Аз жазбадым-ау деймін.
Оқуды бітірген жылы Ерболат Төлепбаевпен
таныстым. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Бексейіт Түлкиевтің, Жаңатай
Шәрденовтің, атақты Сахи Романовтың шеберханаларында жиі болдым. Мағауия
Аманжоловтан, марқұм, із-түзсіз жоғалып кетті, табиғатқа шыққанда пейзажды
қалай жазуды, этюдті қалай салуды, композиция қалай құрастырылады, қысқасы, сол
кісіден нақты көп нәрсені қабылдап алып қалдым. Осылай жұмыс істеп жүрдім,
бірақ, түбегейлі осы салаға бет бұрамын деп ойлаған жоқпын.
– Қалай «ойлаған жоқпын», бала күннен келе
жатқан арман қайда?
– Арман болғанда, мен, сірә, осы үш
өнердің арасынан суретші, журналистика – жазушылық, әншілік – өзімнің нақты
орным қайсы екенін салыстырып байқай алмай, таңдай алмай, үшеуін де қимай
жүрдім ғой деймін. Өйткені, үшеуіне де бейімім, қабілетім бар екенін анық
көрдім, білдім. Мысалы, жазушылықты алайық. Бірінші курста аудандық газетке
келіп өткен практикам бойынша үш әңгіме жаздым. Ол үшеуі де мен практиканы
бітіріп кеткеннен кейін сол аудандық газетте жарияланыпты. Үйдегілер оның бәрін
почтамен маған салып жіберді. Кейін ол жұмыс кафедрада талқыланды. Атақты
Зейнолла Серікқалиев деген сыншы ағамыз сабаққа практикалық жұмыстардың бәрін
бір папка етіп көтеріп келді. Сәлемдесіп, бәріміз отырған бойда «Махамбетов
қайсысың?» деді. Құлағым қалқиып орнымнан тұрдым. «Мақаланы кім жазбайды, бәрің
де жазасыңдар ғой. Араларыңда мына жап-жас бала ғана әңгіме, үш әңгіме жазыпты.
Мен оқып, таңғалдым. Керемет мынау! Кейіпкері – почтальон. Сен, шырағым, аман
болсаң кешегі Бейімбет Майлин, бүгінгі Дулат Исабеков секілді ауыл тақырыбының
тарланбозы болайын деп тұрсың...».
Зейнолла ағамыз 45 минут дәрістің жарты
сағатын менің үш шығармамды талдауға арнаса бола ма?! Курстастарым қызғанып...
Университетте әдеби бірлестік бар, онда Жүсіпбек Қорғасбек, Жаңабек Шағатай,
тағы басқа мықтылар көп, олар менің дүниелерімді сынап тастайды. «Әдеби тіл
жоқ, тым қарапайым, тым қарабайыр жазасың» дейді. Ол кезде «әдеби тіл» деген
болатын. Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеевке еліктейміз бәріміз.
– Олардың сөйлем орамы, судағы иірім
сияқты, арасына бір кірсең шығуың қиын болып құралушы еді ғой...
– Біздің сол ортамыздан бізден бір курс
жоғары оқыған Нұрғали Оразов мықты жазушы болып шықты деп ойлаймын. Мен болсам
ол екі ортада суретшілер жайлы жазумен әуестеніп жүрдім. Оқудан соң «Қазақ
әдебиетіне» барып, енді жаза бастаймын дегенде әскерге алып кетті. Онда жүріп,
Дулат ағамыз сияқты, ішінде повесі де бар, сірә, сол кісіге еліктедім-ау
деймін, біраз нәрсе жазып әкеліп едім, сол екі ортада «Желтоқсан» киіп кетті...
Өмірдің өзі басқаға арнаға кілт бұрыла бастады, «нарық» деген ұғым пайда болды,
халық «ұмыттық-ау» деген жоқшылық бой көрсете бастады, «ала сөмке», «ала қап»
арқалатқан заман туды, күнкөріс өмірдің басты мәселесіне айналды. Сол өмірдің
ағынына қарай мен де бет бұрып, үй болудың, қалған өмірді қиналмай сүретіндей
болудың қамына кірістім.
Өстіп жүргенде дәстүрлі әнші болып кете
жаздағаным да бар. Жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменов ағамыздан сұхбат алуға
барайын. «Арқаның ана әнін айтыңызшы, мына әнін айтыңызшы» деп, бір жағынан,
«мұндай қожа күнде келмес» деген бар, балалық шақтан санаға сіңіп қалған қазақи
әнге деген құштарлығымды бір басып алайын, құмарымды бір қандырып алайын деген
оймен сұрақтарды көбірек қойып жіберсем керек, Жәңкеңнің «әй, сен өзі әншілік
сауатың бар екен, ән айтпайсың ба?» дегені. «Дарияның қасынан құдық қазба»
деген ғой, аға» деймін. «Жо-жоқ, кәні, айтшы!» Айттым. Абай атамыздың
«Татьянаның қырдағы әні», Естайдың «Қорланы» бар, өзім де мақтанып, біраз
сілтедім. Ағам мәз: «Әй, сенің даусың әдемі ғой! Лирический баритон, даусыңды
қойып берсе, баритон да, тенор да бола аласың. Және өзің домбыраны шебер
тартады екенсің. Өзің журналист екенсің. Ертең біз кетеміз, кім басады біздің
орнымызды? Сондықтан сендей адамның өнерге келгені өте қажет. Теледидардан,
радиодан қаншама өзекті хабар жүргізетін боласың. Сөзді қой, келетін бол маған!
Аптасына үш рет, кешке екі сағат. Даусыңды ашамын».
29 жастамын. «Бәрін жиып қойып әнші болып
кеткенім бе енді?» Ойланып қалдым. Қатты ойландым. Өстіп жүргенімде қайран
өнерпаз өмірден өтті де кетті...
– Өнерге дәстүрлі жолмен емес, бүйірден
қосылған, кештетіп келген жанның бірісіз...
– Менің пайымдауымша, дәстүрлі жолмен
келгендерде, бәрінде бірдей болмаса да, біржақтылыққа ұрыну байқалады, оқу
орнынан алған білім-танымының шеңберінде қалып қояды. Суретшілік деген, бұл –
ақындық. Сезім болмаса өнер тумайды. Ақын өлеңін сөзбен, кинорежиссер
камерамен, композитор әуенмен, сәулетші таспен жазса, суретші бояумен жазады.
Жақсы суретші болу үшін шығармашылық адамы романтикамен ауырған, жан-жақты,
бесаспап, ой-көкжиегі кең, өмірден көрген-түйгені мол, оның ыстық-суығын
тартқан адам болуы керек деп ойлаймын. Байқайсыз ба, өнердің, әдебиеттің
марқасқаларының бәрі ауылдан шыққан ғой. Өйткені, ауыл деген қазына, ауыл –
дәстүр, ауыл – тіл, ауыл – рух! Ауылдың тамыры тереңде!
– Дұрыс айтасыз, қазақ әдебиеті мен
өнерін, өнеркәсіп пен ғылымын, қысқасы, қай саланы алсаңыз да, қаладан шыққан
бірде-бір ірі, дара тұлғаны таба алмайсыз. Қаладан шыққан бірде-бір академик
жоқ. Мен 1991 жылдан кейінгі көктей қаулаған «академиктерді» есептеп отырған
жоқпын.
– Менің тез танымал болуыма интернеттің
пайда болғаны да әсер етті деп ойлаймын. Өйткені, білімге сусаған адамға онда
бәрі тұр! Екінші жағынан, мен «адамның жасағанын адам жасай алады» деген
қағиданы ұстанамын. Айттым ғой, мен жаратылысым өте белсенді адаммын, және
«көргенін қағып алады» дейтін еліктегіш, икемделгіш, бейімделгішпін. Мен
тамақтың түр-түрін жасай аламын, киім тігу, шаш алу, ондайдың бәрін тез
игеремін. Және менде артқа қайту деген болмайды, бұзып-жарып болса да тек алға
қарай басамын. Көп келеңсіз нәрсені елей бермеймін, өмірдің жақсы жағын көруге
ұмтыламын, үнемі позитивті болып жүруге тырысамын. Өзгенің жетістігіне
қуанамын, қызғанбаймын.
Мен 30 жасымнан 40 жасыма дейін маңдайдан
ащы терім тамшылап, аянбай жұмыс істедім. Соның арқасында жағдайымды жасап
алдым. Кедей де емеспін, бай да емеспін. Ешкімнен ақша сұрамаймын. Жақсы үйде
тұрамын, жақсы машинамен жүремін. Ескі машина мініп көргенім жоқ. Жағдайымды
түгел жасап алған соң, қырықтан асқанда алаңсыз шығармашылықпен айналысуға
кірістім. Міне, жиырма жыл болыпты, беріліп, уақытпен санаспай, рахатқа
бөленіп, құмарым қанбай күндіз-түні жұмыс істеудемін.
Әрине, басында қиналдым. Бірте-бірте
туындыларым пайда бола бастады. 2009 жылы Жеңіс Кәкенұлы «бірлесіп көрме өткізейік»
деп, алғашқы шығармаларым сонда қойылды. Жеке шеберханама деп төрт бөлмелі үй
сатып алдым. Әр саланың өзінің теориясы болады ғой, мен ондай теориялық білімді
институт қабырғасында ала алмадым, есесіне журналистиканың арқасында С.Романов,
Ж.Шәрденов,
А.Ақанаев, М.Аманжолов, Е.Төлепбаев,
Б.Түлкиев секілді қазақ бейнелеу өнерінің марқасқа, майталмандарымен араласа
жүріп, өз бетіммен қызығып, ізденіп, көп оқып, оның орнын солай толтырдым,
бірақ, менде практика болмады. Сондықтан тағы да тыным таппай еңбектендім.
Бүгінгі күнге сол еңбектің арқасында жеттім. Әсіресе, кейінгі бірнеше жыл өте
белсенді жұмыс істедім. Рас, мені де жұрттың мойындай қоюы оңай болған жоқ.
Қазір, Құдайға шүкір, атақ-марапатын беріп жатыр, Суретшілер одағына,
Көркемөнер академиясына мүшелікке қабылдады, түрлі альбом-каталогтарға
суреттерімді кіргізіп жатыр. Әріптестерім «сен қазір мықты пейзажистке айналып
келесің, осылай жалғастыра берсең Орал Таңсықбаев секілді алдыңғы қатардағы
пейзажист боласың» деп көтермелеп қояды.
– Мен де осы жайлы сұрайын деп едім.
Сұхбатқа дайындалу барысында сіздің жұмыстарыңыздың ішінен пейзаж мені өзіне
ерекше тартты. Басқа ешкімге ұқсамайтын, қолтаңбасы әбден қалыптасқан суретші
екеніңіз байқалып тұрады екен. Содан кейін, осыдан біраз жыл бұрын мен өзім «осы
Таңсықбаев деген кім екен?» деп жұмыстарын асықпай интернеттен қараған едім.
Сіздің картиналармен танысқанда есіме сол Орал ағамыз түсті...
– Оның себебі былай. Мен мектепте оқып
жүргенде студент әпкем Алматыдан Қастеев пен Телжановтың буклетін әкеп берген
болатын. Балалық санамда сол суреттер жатталып қалған. Кейін журналдардан Орал
Таңсықбаевтың суреттерін көріп, қатты әсер алған едім. Соларды акварельмен,
гуашпен көп көшірдім. Бірде Алматыға көшпелі көрме келді. Таңсықбаевтың бірнеше
шығармасы бар екен. Көріп, естен тандым ғой... Керемет! Екі мыңыншы жылдардан
кейін Өзбекстанға үш рет бардым. Әр барғанда Мемлекеттік музейден бөлек,
суреткердің музей-үйіне барып, картиналарын армансыз көрумен болдым. Үшеуінде
үш түрлі әсер етті, көргенімнің бәрі жүрегімде қалып қойды... Менің пейзажға
деген құмарлығым сол кезден басталды.
– «Өнер жайлы «Буырқанған бояулар» мен «Ақ
зер», екі ғана кітап жазылды» деген сөзіңіз бар. Енді әрі суретші, әрі
журналист ретінде кітап жазуды қолға алу ойда жоқ па?
– Ойда бар. Тек, болашақта. Әзірге өз
идеяларымды Жеңіс Кәкенұлымен бөлісудемін, жазу жағын соған тапсырып қойғанмын.
Бірақ, сурет саласында, театрдағы марқұм Әшірбек Сығаев секілді белді, беделді
бір өнертанушының шықпай жатқандығы жанға батады...
Бұрын жастар театрдан, кинодан шықпайтын,
жаппай кітап оқушы еді, әдеби бірлестіктер болатын, оған түрлі институттардан
студенттер топырлап баратын, жаңа шығармалар талқыланып, рухани өмірдің қазаны
бұрқылдап қайнап жататын. Қазір ше?.. Өнер саласына Үкіметтің аса көп көңіл бөлмейтіні
тағы бар. Өнерге тапсырыс беріп, оны насихаттап, марапаттап, ынталандырып,
озық, жоғары талғамды қалыптастырып отыру – Үкіметтің тікелей міндеттерінің
бірі емес пе?! Талғамды да тәрбиелеу керек!
Бізде өнерді дамытуға арналған мемлекеттік
тұтас бағдарлама жоқ
– Осы тақырыпты жалғастырсақ. Жүйелі түрде
мемлекеттік тапсырыс беру, көтермелеу болмаса, қазақтың ұлттық өнеріне көмек
қолын созатын қалың меценаттарымыз тағы болмаса, Третьяковтарымыздың жуық арада
туар түрі көрінбесе, өнеріміз қалай дамымақ?
– Жалпы, адамзаттың дамуына, өркендеуіне
қай мамандық қандай үлес қосты десек, суретшілер соның ең алдында тұр. Алғашқы
қауымдық қоғамда балғаны, балтаны, қашауды ойлап табу, тасқа таңба мен суретті
қашап салу, жазу-сызуды, әріптерді ойлап табу, оның бер жағында киім тігу,
осының бәрінде суретшіліктің табы жатыр. Бүгін де солай. Суретші араласпай
бірде-бір зат шығарылмайды. Ең ақыры сабынның қабы да суретші сызған сызба
бойынша жасалады. Дамыған елдерде. Бізде олай емес...
– Бізде қалай?
– Біз «өнер алды – қызыл тіл» деген
халықпыз. Ең алдыңғы орында – ақын-жазушылар, айтыс ақындары. Биылғы
Мемлекеттік сыйлықтың да бәрін жазушылар алды. Шетелде бір жас талант суретімен
жарқ етіп көрінді ме, бір өнертанушы өзінің ол шығарма жайлы салмақты сөзін
айтты ма – жас жігіт елге бірден танымал болып шыға келеді. Тапсырыстар –
сонда. Коллекционерлер – сонда. Бізде
жастар Ресейден, шетелден оқу бітіріп келіп жатыр. Оларға тек сурет салып, күн
көріп кету қиын. Себебі, жазушылыққа қарағанда суретшілік шығыны көп өнер. Бір
бояудың өзі неге тұрады! Одан бөлек шеберхана керек, оны кім береді? Көбісі
студияда, колледж-институттарда сабақ беріп, дизайнер болып, театрда,
газет-журналдарда көркемдеуші болып күнін көріп жүр. Мүсіншілердің ғана жағдайы
сәл тәуірлеу, себебі ескерткіш қою сәнге айналған. Одан бөлек әр қала, әр кент,
әр ауылға кіреберіске қақпа қояды, сол сияқты түрлі көркемдеу жұмыстарына
сұраныс бар.
Қазір «заманауи өнер» деген ағым пайда
болды. Айбақ-сайбақ сурет салып, Пикассо болып кетеміз, миллиондап ақша табамыз
деп ойлайды. Модернизм, сюрреализм, тағы басқа ағымдар бір күнде пайда болған
жоқ, олар реализмнен шыққандар. Пикассо, Малевич, Далилердің артында тұтас
қоғам, тойынған қоғам тұр. Олардың өнерін насихаттауға, жарнамалауға, халықтың
талғамын соларға қарай бұруға, сол деңгейде ұстап тұруға Батыс әлемі жыл сайын
миллиондаған доллар шашады.
– Оның бәрінің артында «халық не істесе
оны істесін, тек бізге баюға кедергі келтірмесе болды, кедергі келтіріп, көп
ақшамыздан айрылғанша, аз ақша шығарып, оларды алдандырып отырайық» дейтін,
барлық өмірлік танымы, философиясы ақша табуға құрылған капитализм жүйесі тұр
деңіз...
– Біздің халықта «ауылдағының аузы сасық»
дейтін, өзгенікін зор, өзінікін қор көруге бейім тұратын жағымсыз қасиет бар.
Осының бәрінен арылуымыз, қолымыздағы алтынымыздың қадірін бағалай білетін
деңгейге көтерілуіміз керек. Даму сатысында шырқап-шығандап кеткен Батысты қоя
тұрып, қасымыздағы орысқа қарайықшы. Шишкиннің, Левитанның картиналары арқылы
орыстың табиғатындай табиғат жоқ деген ойды елдің санасына спиртпен жуып
тазалай алмайтындай етіп сіңіріп тастаған.
– «Русская береза», «русское поле»,
«русский соловей», тіпті «русская зима», басқа елдерде қыс болмайтындай...
Солардағыдай ақ қайың басқа жақта өспейтіндей...
– Мен тарихи тақырыпқа барып жүрмін.
Себебі, ол біздің бейнелеу өнерімізде көп қамтылмаған. Жыр жазылған, ән
жазылған, ал, сурет аз. Сурет салсақ, ұрпағымыз көреді, ойланады, әдебиетті
оқитын болады, тарихқа үңілетін болады. Васнецовтің «Үш батырын» білмейтін адам
жоқ. Сол арқылы мемлекет орыс деген керемет халық деп, жеңіліс дегенді
білмейтін жеңімпаз ұлт деп, олардың отаршылдығын, шовинистігін үрлеп, қоздырып
отыр. Барлық халық сондай! Өз мәдениетімізден, өз өнерімізден алшақтап бара
жатқан біз ғана.
Батыста бар өнерден суретті жоғары
бағалаған дәстүр қалыптасып қалған. Ал, шығыстағы Жапонияда шенеунік қызметке
тұрарда тест тапсырады, соның ішінде бояудың 600 реңкін тану туралы сұрақ
болады. Жапон мектептерінде сурет пәні – ең маңызды пәндердің бірі. Неге? Ел
басқаратын шенеуніктердің өнер мен мәдениетке деген эстетикалық талғамы жоғары
болу үшін. Бізде суреттен кез келген мұғалім сабақ бере береді...
– Менің өзім болашақта әрбір мектепті
бітірген бала нотаны білетін, суретті түсінетін деңгейде болып шықса, оларға
сондай дәрежеде сабақ берілсе деп армандаймын...
– Патшалық Ресейде әскери училищені
бітіргендер академияны, консерваторияны бітіргендер деңгейінде білім алған.
Шоқанның суреттері қандай! Чайковский, Мусоргскийлер – әскери адамдар.
Шенеуніктерге де сондай деңгейде білім берген.
– 1903 жылы шыққан «Теміржолшының
анықтамалығы» деген кітапты оқыған адам «мынау теміржолшыны емес, патша
мұрагерін дайындайтын нұсқаулық қой» деп ойлап қалады...
– Орыстар Эрмитажды салып, әлемдегі барлық
өнер туындыларының жауһарын соған жинаумен келеді! Біз ше? Кеңес кезеңін қоя
салайық, тәуелсіздік келгелі осы бағытта қандай бір жұмысты қолға алдық па?
– Тәуелсіздік туғызған туынды деп
көрсетерлік, отыз жылдың жемісіндей не бар?
– Меніңше, Тәуелсіздіктің туындысы –
жаңарған Ақмола–Астана, Нұр-Сұлтан қаласы мен бүгін жаңғырып, жасарып, қайта
түлеп жатқан, түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан! Мен өзімнің
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған жеке шығармашылық көрмемді сол
Түркістаннан бастағалы отырмын. Көктемнің жаймашуақ күнінде көрмеде кездесейік,
Өмеке!
– Солай болсын, Сейсенхан! Өмірде де,
өнерде де табысты болуыңа тілектеспін!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik
Qazaqstan».