Түркістан декларациясы – маңызға ие құжат


Түркі кеңесінің бейресми саммитін түркі халықтарын бірлікте, ынтымақтастықта өмір сүруге бағыттайтын маңызды жиын ретінде қарауға тиіспіз. Себебі бұл халықаралық жиында түркі халықтарының өткені мен, бүгіні, болашағы жайлы мәселелер көтерілді. Әсіресе, Түркі әлемінің рухани астанасы етіп Түркістан қаласын бекіту туралы шешім – оң болды деп есептейміз.

          Жаңа статусқа ие болған көне шаһарымыз жаңаша дамиды деп сенеміз. Енді Түркі әлемінің рухани астанасы болған қаламызды көруге мыңдаған туристер келетіні анық. Бұл Түркістанды туризм қаласы ретінде дамыту керек деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен астасып жатыр.

Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өткізуге тапсырма берілді. Аталған тізімде қазақтың біртуар ұлдары ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық және Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойлары болғанына назар аударғымыз келеді. Түркістан бейресми саммиті барысында мемлекет басшыларының көтерген бастамалары да Түркі кеңесінің күн тәртібінде болады. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар мен консультациялар жүргізіледі.

 

Майнюра Мурзамадиева,

Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры.

Пікір қалдырыңыз