«Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы»

«Кеше Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті онлайн форматта өтті» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейресми саммитті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүргізді. Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті неліктен онлайн өтіп жатқанын түсіндірді.

«Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда, пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын» деді бейресми отырысты ашқан ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы Наурыз күллі түркі жұртының төл мерекесі екендігін баса айтты.

«Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін. Енді іс-шараны ұйымдастырушы ретінде Түркі кеңесінің бейресми саммитін ашық деп жариялаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдерді түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды.

«1992 жылы Анкарада өткен алғашқы басқосуда Елбасы түркі елдерінің басшылары бұдан былай киелі Түркістанда кездесіп тұрады деп айтқан. Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Бабаларымыз осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында.

Мемлекет басшысы түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түптамырымызды сақтап, білігімізді бекем ұстауға негіз болғанын баса айтты.

«Біздің мақсатымыз – түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болды» деді ҚР Президенті.

Бейресми саммит барысында алғашқы сөз түркі дүниесінің тұтастығына ұйытқы болған тұлға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Әрі қарай Мемлекет басшылары ағылшын әліпбиінің реті бойынша сөз сөйлеп, Түркі кеңесінің бас хатшысы баяндама жасайтын болады.

Саммит соңында түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және кеңестің мәртебесіне қатысты қорытынды декларация қабылданады.

(Саммит туралы толыққанды ақпарат газетіміздің келесі санында жарияланады).

 

 

Пікір қалдырыңыз