Қоғамдық кеңес жоғары баға берді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берді. Облыс әкімі өз баяндамасында аймақ дамуының негізгі деген бағыттарына тоқталды.

Әлем экономикасын құлдыратқан пандемияның салдары ел өміріне де өзгерістер енгізгенін ескерген облыс басшысы өткен жылды Түркістан облысы нәтижелі аяқтағанын айтты. Экономикада өсім, салықта түсім бар. Жалпы өңірлік өнімнің өсімі бойынша облыс республикада 1-ші орында. Бюджет қаржысы толығымен игерілген. Агросалада да айтарлықтай алға жылжу бар. Инвестиция тарту бойынша облыс жылды өте жоғары көрсеткіштермен қорытындылады. Ауыл шаруашылығы саласы көш ілгері. Өңір басшысы өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс пен әлеуметтік салаларға, туризм, инфрақұрылымды дамыту мен Түркістан қаласының дамуы туралы атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Екі жылда Түркістан қаласының негізі қаланды деп айтуға болады. Түркістан – халықаралық деңгейдегі қалаға айналып келеді. Қаланы әрі қарай дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Биыл өңір үшін елеулі оқиға орын алғалы отыр. Кентау шекарасының кеңеюі, халық санының артуы, өңірдің қарқынды дамуы аумақты ұтымды басқаруға біршама қиындықтар туындатты. Осыған орай, жаңа аудан құру туралы ұсыныс енгізілді. Жаңа ауданға «Сауран» атын беру ортағасырлық тарихи сабақтастықты жалғастырып, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі Түркістан ұғымымен байланысты болды» деген Өмірзақ Шөкеев түркістандықтарды 17-ші ауданның құрылуымен құттықтады. Сауран ауданы Наурыз мерекесі қарсаңында құрылмақ.

Түркістан облысының әкімі COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған қиындықтар мен төтенше жағдай уақытында Мақтаарал ауданында орын алған апатқа жеке тоқталды. Барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис», «Ашық әкімдік» ашылды. Пандемия кезінде арнайы «Call–орталық» құрылып, 109 нөмірі арқылы тәулік бойы 24/7 форматта жұмыс істеді. Нәтижесінде 2020 жылы тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түсіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда ол 26%-ға азайған.

«Жалпы, өткен жылы облыста халықтың өмір сапасын жақсарту, өңірдің әлеуметтік-экономикасын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдымызға тағы да ауқымды міндеттер қойып отырмыз» деді облыс әкімі.

Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері есептің қорытындысы бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жұмысына өте жоғары баға берді.

 

 

Пікір қалдырыңыз