Жемқорлар ауызды қай жерге салуды біледі

Партия мүшелері «Nur Otan» жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында соңғы үш жылда не істелгенін талқылады.

Атап айтқанда, аталған кезеңде сыбайлас жемқорлық деректері үшін 168 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 15-і – облыстық маңызы бар басшылар. Ал, 110 адам – ішкі істер органдарының қызметкерлері.

Талдау көрсеткендей, құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық заңсыз қызметті жалпы қорғағаны үшін, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмаумен, жүргізуші куәліктерін жедел алумен, жұмысқа орналастыру бойынша мәселелерді оң шешумен, сондай-ақ, бюджет қаражатын ұрлаумен және тағы басқа да жағдайлармен тығыз байланысты.

Кеңес отырысында нұротандықтар, әсіресе, медицина саласындағы алаяқтық фактілерге ерекше назар аударды. Жұмыс тобының жетекшісі Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері пандемияны өз мақсаттарына пайдаланған. «Медициналық жабдықтар жоғары бағамен сатып алынды. Мысалы, облыстық жедел жәрдем ауруханасы 22,3 млн. теңгеге өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алды. Ең жоғары нарықтық баға мен нақты баға арасындағы айырмашылық 5 млн. теңгені құрайды. Екінші мысал, жоғарыда көрсетілген аурухана ең жоғары нарықтық құны 32 млн. теңге тұратын ультрадыбыстық диагностикалық медициналық жүйені  69,5 млн. теңгеге сатып алған. Өткен жылы құқық қорғау органдарына іс жүргізу шараларын қабылдау үшін 23 материал өндіріске жіберілді» деді Талғат Нәрікбаев.

Сонымен қатар, кеңестің жұмыс тобы білім беру мекемелерін салу үшін орындарды қисынсыз таңдауға назар аударды. Балалар саны аз жерде орта мектептің құрылысына бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жәйттер кездескен.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз