Миллионды қаланың бір мұңы немесе Шымкентте перитонеалды диализ неге жұмыс істемейді?

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Шымкент қаласының тұрғыны Нұржігіт Ысқақовтың Алматы қаласына қайта-қайта шапқылап жүргеніне 2 айдан асты. Биыл жасы 15-ке толатын Елсәуле есімді қызына (атын ақын Мұхтар Шаханов қойған екен) өткен жылы қазан айында бүйрек жетіспеушілігі кеселі жабысыпты. Содан Ысқақовтар отбасында әбігер басталды. Елсәулені «Асардағы» балалар ауруханасына жатқызды. Мұнда бүйректі емдейтін арнайы бөлімше жоқ екен. Нефролог маман да тапшы. Уақытын текке өткізіпті. Әкесінің айтуынша, науқас қызын шөп дәрілермен ғана емдей берген соң қан қысымы көтеріліп кетіпті. Сосын «Нұрсәттегі» облыстық балалар ауруханасына орналастырады. Мұнда тек ағзадағы қанды тазалайтын көрінеді. Айтуларынша, мардымды медициналық көмек көрсетілмеген. Мегаполистегі жекеменшік медициналық орталықтарды да аралап шықты. Шымкентте ересектерге арналған гемодиализ аппараттары жұмыс істегенімен, балаларға медициналық көмек көрсететін құрылғы болмай шықты. Оның үстіне балалар нефрологы да кем. Осындай қиындықтармен бетпе-бет келген Ысқақовтар отбасы перзентінің ауыр халіне араша түсер білікті маман іздеп, бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Шымкент қаласынан күдер үзіп, Алматы қаласына сапар шегеді. С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университеттің клиникасынан шипа тапқанына әкесі Нұржігіт те, қызы Елсәуле де қуанышты еді. Алайда, бүйректің қызметі толыққанды жұмыс істемегендіктен аптасына 2-3 рет қан тазалауды қажет етеді екен. Шымкент пен Алматының арасын олардың осылайша жол қылып жүрген жайы бар. Бұдан басқа тағы бір проблема бар. Елсәуленің мойнына қойылған кататер бір айға ғана жарамды. Ауыстырып тұруы тиіс. Онсыз да күйзеліп жүрген жандарға бұл қосымша проблема. Былтырдан бері сенделіп, пұшайман халге түскен мұқтаж азамат ашынып, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына шағымданды.
– Медицина саласына миллиардтаған теңге бөлініп жатыр. Еліміздің үшінші қаласында балаларға арналған гемодиализ орталығы жұмыс істемейді дегенге кім сенеді? – деп ашынады Нұржігіт Ысқақов. – Бұл сұмдық қой. Біз секілді шипа іздегендер аз емес шығар. Үлкен қала бұл проблеманы шеше алмай ма? Қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл жайдан мүлдем хабарсыз дей алмаймыз. Ол жаққа да бардым. Проблема ашық күйінде қалып отыр. Бір-біріне сілтейді. Ауру жыл өткен сайын жасарып барады. Келешекте бұл өте өткір проблемаға айналуы әбден мүмкін, – деп алаңдаушылығын білдірді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шымкент қалалық балалар ауруханасында аппарат түгілі, бүйрек ауруларын емдейтін нефрология бөлімшесінің өзі жоқ. Арнайы бөлімше болмаған соң маман бола ма?! Ал, «Нұрсәт» шағынауданындағы облыстық балалар ауруханасында ше?! Бас дәрігер Г.Үкібаеваға телефон шалдық. «Бізде гемодиализ орталығы жоқ. Балаларға арналған арнайы құрылғы алынбаған. Оны перитонеалды диализ» деп атайды. Біз амалдың жоқтығынан «капельница» салып ем-дом жасаймыз. Сөйтіп, ағзадағы қанды тазалаймыз. Бұл мәселенің жай-жапсарын біздің нефролог дәрігеріміз Т.В.Зобанова жақсы біледі. Келіп жолықсаңыздар болады» деді ол. Өкінішке қарай, ол кісімен тілдесудің сәті түспеді.
Мадияр Қыстаубаевтың Шымкент қалалық №2 ауруханасында нефролог болып қызмет етіп келе жатқанына 15 жылдан асты. Жасы қырықтан асқан дәрігердің едәуір тәжірибе жинақтағаны сөз саптасынан байқалады. Жекеменшік емдеу орталықтарының бірінде қосымша жұмыс істейді. Саланың проблемасымен жете таныс болғандықтан шешімін күткен мәселелерді жіпке тізгендей айтып берді.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласында 10 бала перитонеалды диализ қабылдайды. Олар қалалық балалар ауруханасына қарайды. Ал, қанша жасөспірімнің тіркеуде тұрғанынан бейхабармын, – дейді Мадияр. – Ал, ересектер арасынан 600-ден астам науқас осы аппараттың көмегіне мұқтаж. Оны білетін себебім, өзім ересек пациенттерді емдеймін. Ашығын айтайық, Шымкент қалалық ауруханаларында мұндай аппараттар жоқ. Ал, жекеменшік медициналық орталықтарда бар. Бірақ, олар балаларға медициналық қызмет көрсете алмайды. Өйткені, бұл кесел жасөспірімдер арасында сирек кездеседі деген пікір қалыптасқан. Сондықтан нефролог дәрігерлердің басым көпшілігі ересек науқастарға қызмет көрсетуге маманданған. Балалар нефрологы тапшы. Бірнеше медициналық орталық басшыларымен осы тақырыпта пікір алыстым. Бұл тығырықтан шығудың жолы – жекеменшік медициналық орталықтарға лицензия беру керек. Бұл бір. Екіншіден, кадр тапшылығы да қолбайлау болып тұр. Яғни ересек пациенттермен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін көтеру қажет. Демек, мамандар қайта даярлануы тиіс.
Бұл мәселе үшінші проблеманы тудырады. Оның айтуынша, нефролог мамандарды оқыту 4 айдан 2 жылға дейінгі уақытты қажет етеді. Осы орайда төртінші – «мамандарды қандай жоғары оқу орнында даярлау керек?» деген мәселе өзінен-өзі туындайды. Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы мен Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ да даярлай алмайды. Тағы да Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына баруға тура келеді.
Бұл миллионды қаланың бір мұңы ғана...
P.S. Ал, бұл мәселеде Түркістан облысындағы жағдай қандай екен? Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, 10 гемодиализ (үшеуі мемлекеттік, жетеуі жекеменшік) орталығы бар. Оларда 12 нефролог ересектерге, үшеуі балаларға қызмет көрсетеді. Әрине, бұл аз. Облыс 4 нефролог маманға зәру. Түркістан қаласындағы облыстық балалар ауруханасында перитонеалды диализ жұмыс істеп тұр. Аудан-қалаларда да бар. Соңғы рет 2018 жылы 9 аппарат сатып алынып, бесеуі Жетісай ауданына, төртеуі Созақ ауданына беріліпті. Аппараттың әрқайсысы 8 773 050 теңгеге түскен...