Бейнелеу өнері — жүректің өнері

Еңлік ҚАЙЫП, «Ońtústik Qazaqstan».
Суретшілік – негізінен көргенін емес, сезінгенін, ішкі әсерді ақ парақ бетіне түсіру. Бір заманда атақты Пабло Пикассо «Кім адамның жүзін дұрыс көре алады: фотограф па, айна ма, әлде суретші ме?» деген сұрақ тастаған екен. Бұл сұраққа жауап бергендердің көпшілігі суретшіге тоқтаған. Себебі олар адамды ғана емес, ұлы табиғаттың өзін жүрек түкпірінде сақтап қала алады. Фотограф пен айна адамның тек сыртын көрсе, суретші адамның ішін де көре алады.
Қазақ сурет өнері дегенде ең алғаш бейнелеу өнерінің көш басындағы дарынды тұлға Әбілхан Қастеев еске түседі. Әбілхан Қастеев – Қазақстандағы Суретшілер одағының негізін қалаушылардың бірі. Ол сонау жиырмасыншы, отызыншы жылдарда-ақ ел тұрмысына қанығып, халықтың тіршілігін ғана бейнелемей, ішкі жан дүниесінің дірілін, мінезін, хал-күйін, демін кенеп бетіне түсіре білді.
Қазіргі таңда туындылары көрермендерге кеңінен танылып, әлемдегі түрлі көрмелерге қойылып жүрген жерлес суретшілердің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Айнабек Оспанов (1-суретте). Шығармалары шындықпен суарылған суреткер. Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының «Көркемсурет-графика» факультетін бітірген. Оқуын бітірген соң Бәйдібек ауданында мұғалім болып қызмет атқарған. «Қазақ елі», «Тарихнама» және «Қазығұрттың басында кеме қалған» атты картиналардың авторы. 2015 жылдан бастап Түркістан облыстық Бейнелеу өнері музейінің директоры болып еңбек етуде. Осы музейдің негізін қалаушылардың да бірі Айнабек ағамыз.
– Бізді алғашқы кезде «Сендер мұғалімсіңдер» деп Суретшілер одағына қабылдамады. 1982 жылы бес рет республикалық көрмеге қатысқаннан кейін барып, шебер болып жұмысқа қабылданған едік. Ол кезде отыз жаста едім. Туындыларым бірте-бірте елге таныла бастады. Ең алғаш өнерімізді бағалап, батасын берген атақты Мақсым Қисмединов ағамыз еді.
Қазір Түркістан облыстық Бейнелеу өнері музейінің қорында графикалық кескіндемелік 72 жұмысым сақтаулы. Жалпы 89 картинаның ішінен 60 туындымды алпыс жылдық мерейтойлық жеке көрмемде музей қорына сыйға бердім. Жалпы, бұл музейде 2000-ға жуық картина бар. Туындыларымның ішінде тарихи суреттерді салу қиынырақ болғанын жасырмаймын. Себебі, сурет салуда талантты болу жеткіліксіз, тарихты тану, алты Алаштың өткені мен бүгінін түгендей білу өте маңызды. Біз көптеген хандарды салдық. Қолдарына жезл мен бір асатаяқты ұстатып қойған суреттерді де кездестірдік. Қазақ хандығы кезінде жезл деген болмаған. Сондай тұстарға біз аса мән беруіміз қажет. Бір суретті ғана салу үшін суретшілер көп еңбек етеді, ұзақ ізденеді.
Біз коммерциялық көрмелерді көп ұйымдастыратындықтан, қарапайым халық көркемсурет галереясын жақсы білетін дәрежеге жетті. Себебі, біз Үндістанның қолөнер бұйымдары көрмесін екі-үш рет өткіздік. Шетелден қонақтар көп келеді. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, жергілікті тұрғындардың музейге деген махаббаты кемшін. Бізде 10-15 минутта, ары кетсе 1 сағатта селфи жасап суретке түседі де, кетіп қалады. Негізі көрмені тамашалауға кейде тұтас бір күн де жетпей қалады. Ал, шетелдіктер ауыздары ашылып, көрмені тамашалаймыз деп жүргенде, қалай кештің батқанын білмей қалады,– дейді А.Оспанов.
Оспановтың шеберханасындағы «Реквием», «Құнанбайдың қажылық сапары» «Тоғжанның келбеті», «Көне қала», «Аманат» атты картиналардың әрқайсысы бір әлем. Суреттің ішіне үңіле алсаңыз, олардың қалай салынғанын, кейіпкерлердің жан дүниесін сезінгендей боласыз.
Мәселен, суретшінің «Бамдат» атты картинасы ерекше есте қалады. Таңды қарсы алып жатқан ерлі-зайыптылардың құдық басына келіп таң намазын оқып жатқан сәті айрықша әсерге бөлейді.
Картиналарды көзбен бәрі көреді, ал, жүрекпен сезіну екінің бірінің қолынан келе бермейді. Шымкентте орналасқан мұражай мен галерея ғимараттарына көбіне қала қонақтары аялдайтынын жасырып қайтейік. Мұндай ғимараттың бар екенін білмейтін тұрғындар да аз емес.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кескіндемеші, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сейсенхан Маханбетов (2-суретте) 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. 1983 жылы С.М.Киров атындағы (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Белоруссияда екі рет жеке көрмесін өткізді. 2018 жылы республикалық «Төле би және оның заманы» атты көрме-байқаудың I орын иегері, «Түрленген Түркістан» суретшілер көрме байқауының бас жүлдегері атанды. Сейсенхан ағамыздың «Көне Түркістан» атты еңбегі киелі шаһардың тыныс-тіршілігін, адамдардың рухани өмірін, көңіл-күйін сипаттайды. Жалпы Сейсенхан Маханбетов қылқаламынан туған дүниелер реалистік мәнерде нақышталған. Картиналар қорында баталия жанры да кезігеді, қала пейзажы да бар. Суретші, әсіресе, пейзаж жанрына дендеп енген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші Жеңіс Кәкен-ұлы өзінің бір мақаласында: «Сейсенханның суретшілігі айтылса-ақ менің көңіліме ә дегеннен оның картинасындағы ақбоз аттар келеді. Өйткені, екеуміз танысқалы бері қырық жылдай уақытта оның шығармашылық көрмесінен ақбоз аттар әмсе үзілген емес. Бірде үйірімен шауып, бірде қосағымен жусап, енді бірде батыр, баяндардың тақымынан табылып, көрерменнің, қазақ шіркіннің бойында ағып жатқан Қамбар ата қанын қыздырумен келе жатыр» дейді.
Ал, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Камил Муллашев Сейсенхан суретші туралы: «Суретші інім жазған «Жеті арғымақ» картинасын көргенімде менің шығармашылығымның әсерін байқадым… Оның картиналарына тән ерекшелік – кең тыныстылық, алуан реңктілік. Пейзаждарынан ауаның молынан сезіліп тұратыны таң-тамаша етеді. Сейсенханды кешегі өткен Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Ж.Шәрденов, С.Романов секілді қазақ суретшілері салып кеткен ұлттық дәстүрлі реалистік мектептің ізін жалғастырушы деп есептеймін» деп баға береді.
Бейнелеу өнері – жүректің өнері. Оның тереңіне бойлау үшін адамда эстетикалық қуат болу керек. Ал, эстетикалық қуаты, талғамы бар адамға жаманшылық атаулы жат болады. Ендеше, ойланайық.