Тәуелсіздік және үштаған тағлымы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласының мәні мен маңызы ерекше. Өткенге ой жүгіртіп, келешекте атқарылар істерге бағыт-бағдар көрсететін мақала қалың қазақ жұртына «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп тұрғандай. Мемлекет басшысы «Бағдар мен белес», «Таным мен тағлым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» жайында халқымен ой бөліседі.
Адамзат баласының басынан өткен сан алуан оқиғалардың қай-қайсысы да бізге жат емес. Тарих аренасында жасындай жарқылдап шығып Қазақ хандығын құрдық, мемлекет ретінде алыс-жақынды мойындаттық. Батыр бабаларымыз ақтық демі таусылғанша осы жерді қорғап күресті, дені сол жолда мерт болды. ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде, дәлірек айтқанда, 1731 жылдан бастап бодандық ноқтасы басымызға ілінді. Содан қазақ халқы 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні ғана тәуелсіздік таңымен оянды. Тәуелсіздіктің орда бұзар отызына енді ғана жеткен еліміздің жеріне көз алартып қарайтын, арам пиғылдылар әлі де азаймай тұр. Президент айтқандай: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ». Жер-Ана тарихы, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, күні кешегі 1936 немесе 1991 жылдармен басталмайды, Ғұн, Сақ дәуірі, Алтын Орда, Түрік қағанаты, Қазақ хандығы кезеңі біздің еліміздің шекарасын бекем белгілеп кеткен.
Үштағанның басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл жайында тағлымды ойлар айтылды. Мемлекет басшысы: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» деп үндеу тастады. Өкінішке қарай, өз тілін өзекке теуіп жүрген бауырларымыз да жоқ емес. Олар да ойланар, өз қағынан өзі жеріп жүргендер туған тілімен сөйлеуге ұмтылар деп үміттенеміз.
Бабаларымыздың «жеті жұрттың тілін біл» деген өсиеті бар, қазіргі қазақ жастары орыс, ағылшын, қытай, түрік, т.б. тілдерді біледі, үйреніп жүр. Бұл да замана талабы, әлемдік өркениет көшінен қалмаудың бір жолы – көп тіл білу. Алайда, «ана тілің арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп кеткен Қадыр ақынның аманатын әр қазақ жадында берік ұстау керек.
«Қоғам мен құндылық» жайындағы үштағанның соңғысы «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» жайында. Бұл жайында Президент былай деп бастайды: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел».
Дана халқымыз: «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деп жай айтпаған. Түрлі-түрлі тарихи жағдайлармен біздің елімізде көптеген өзге ұлт өкілдері тұрып жатыр. Осы халықтардың ынтымағы жарасып, тату-тәтті өмір сүргені қандай ғанибет. Осы жағдайлардың бәрін елеп-екшеп отырған көреген Мемлекет басшысы: «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек» деген қорытынды жасайды. Сол бірлікті, ынтымақты нығайтуға ерекше үлес қосатын Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсетін жолдармен жүруге шақырады.
Қорыта келгенде, «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны» болып саналатын мәңгілік мекеніміз Жер-Ана, ең қымбат байлығымыз Ана тілі, аса үлкен байлығымыз Ел бірлігі жайында ғибратты, тағлымды ойлардың бәрі рухани жаңғырудың жаңа кезеңін бастауға шақырып тұр. Ұлы Дала төріндегі қазақ елі өз жерін көздің қарашығындай сақтап, ана тілін шексіз сүйіп, ынтымақ пен бірлікті сақтап ғұмыр кешсе, Мәңгілік ел болу мұратына айнымай жетері сөзсіз.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты.