ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-дан ұсынылған Мәжіліс депутатының кандидаттарына дауыс берді

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIII сессиясы өтті.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 93-1-бабына сәйкес сессияда Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ҚХА Кеңесі ұсынған үміткерлерге дауыс беріледі. Оған ҚХА мүшелерінің қатысуы ескерілген.

Сессия жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымнан құралған ҚХА мүшелерінің делегациялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредитациядан өткен халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

ҚХА-ның XXVIII сессиясының соңында Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.

Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет басшысы Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ министрлер дауыс берді.

2020 жылдың 24 желтоқсанында ҚР Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліске ҚХА атынан сайлауға түсетін 9 депутатты тіркеген еді.

 

 

Пікір қалдырыңыз