«Ашық әкімдік» кеңсесі ашылды

Түркістан қаласында «Ашық әкімдік» кеңсесінің тұсауы кесіліп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев онлайн форматта Бірыңғай қабылдау күнін өткізді. Шараға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Айбек Шілманов және облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты. «Ашық әкімдік» мақсаты – мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін көздейтін алаң құру. Осылайша өңір тұрғындары алдын-ала жазылусыз мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерінің түйткілді проблемаларын ортаға сала алады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалың ел тарапынан кеңінен қолдау тапты. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ашылуы мемлекеттік аппаратты трансформациялаудағы, сондай-ақ жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерді қалыптастырудағы және халыққа қызмет көрсетуде жайлылықты арттырудағы маңызды қадам болып табылады. Ел игілігі үшін ашылған бұл кеңсе көптеген проблемалардың күрмеуін шешуіне өз септігін тигізетіні сөзсіз» деді облыс әкімі.

Жаңа алаң халықпен ашық пікір алмасуға, бұқарамен кездесуге, елдің жағдайымен жақыннан танысу мақсатында жаңадан бой көтерген басқармалар үйінің бірінші қабатынан ашылды. Бірыңғай кеңсе форматы жобасында өтініштермен жұмыс істейтін 21 және тікелей мемлекеттік қызмет көрсетілетін 16 облыстық басқарма мамандары қамтамасыз етілген.

Келушілер үшін күту залы, тегін wi-fi мен банкоматтар және арнайы е-доұ порталына қосылған терминалдар орнатылған. Сонымен қатар, мұнда тұрғындармен «Ашық диалог» форматында open space залы іске қосылып, жеке мәселелері бойынша азаматтармен қабылдау өткізіледі.

Бірыңғай қабылдау күнін өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарымен онлайн режимде тілдесті. Шағым-тілектерін тыңдап, жауапты орынбасарларына тапсырма берді. Өмірзақ Естайұлы Бәйдібек, Арыс, Сайрам және Мақтаарал аудандары тұрғындарының өтініштеріне байланысты тиісті аудан мен қала әкімдеріне тікелей байланыс арқылы тапсырмалар жүктеді.

Азаматтарды әр айдың соңғы жұмасы күні Бірыңғай қабылдау күндерін ұйымдастыру мақсатында, аталған кеңседе арнайы бөлме жасақталды. Оған тұрғындар түрлі мәселелер бойынша өз өтініш-тілектерін қалдыра алады.

 

 

Пікір қалдырыңыз