Жақсылық пен қуаныштық жаршысы болғай!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді, есігімізден еніп келе жатқан Жаңа 2021 жыл мерекесімен шын көңілмен құттықтаймын!

Жаңа жыл өткенді саралап, бүгінді бағалап, ертеңгі күнді жоспарлайтын мереке. Жаңа жыл жүріп өткен бір жылға баға беріп, алға қарай жаңа қадам жасайтын, жақсылыққа жетелеп, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке.

Бір ғана вирус аз уақыттың ішінде күллі дүниежүзін уысында ұстайды деп кім ойлаған?! Шын мәнінде биылғы жыл Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем есіне COVID-19 пандемиясының таралуымен, жаппай карантиннің жариялануымен есте қалды.

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген қауіпті індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Қаншама отбасы қара жамылды.

Осындай қиын кезеңде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықпен бірге екенін жеткізіп, «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласында «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деп атап өтті.

Коронавируспен күрес жағдайында халықтың мұқтаж тобына қолдау көрсету мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылды. Ол үшін аталған қордан 5 миллиард теңге қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшті. Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Кейбір азаматтар жұмысын жоғалтып, табыссыз қалды. Ойға алған жоспарларын өзгертуге мәжбүр болғандар да бар. Адами тұрғыдан мен мұны түсінемін. Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым. Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр. Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті» деп ауыр жағдайдың ешкімді бейтарап қалдырмағанына қинала отырып, сабырлы болуға шақырды.

Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жұмысына тоқталатын болсақ, алға қойылған күрделі және маңызды міндеттерді қысқа мерзім ішінде, ал, кейбір мәселелерді шұғыл түрде орындау қажеттігін ескере, заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету болып табылды.

Осылайша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және төлемдер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобаларын қарап, қабылдады.

Сонымен қатар, «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өткізді. Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар Үкіметке жіберілді.

Жылды қорытындылай келе, халқымыздың «Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» деген сөзін айтқым келіп отыр. Өткен жылға өкпе жоқ, ал, келер жылдан үмітіміз де, тілегіміз де көп.

Бар қиындық артта қалып, қуанышты сәттер молайсын!

Жаңа жыл ырыс пен берекенің бастауы, жақсылық пен қуаныштың жаршысы болғай!

Құрметті жерлестер, Сіздерге Жаңа жылда жағымды жаңалықтар мен телегей-теңіз табыс тілеймін! Әрбір игі істеріңіз бен жаңа бастамаларыңызға сәттілік серік болып, отбасыларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке келсін!

Құрметпен, Әлімжан ҚҰРТАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты.

 

 

Пікір қалдырыңыз