Ақылды адамның белгісі қандай?

Өмір болған соң адамның бәсекелесі де болады. Шынайы бәсекелес болса мейлі-ау, көп жағдайда бәсекелестіктің соңы дұшпандыққа ұласып та жатады. Қазақ ондай бәсекелесті бір сөзбен дұшпан деп атаған. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» десек те, дұшпаныңмен айғайласу ешкімге абырой әкелмейді.

Мәселен, егер сізді біреу ұнатпаса, ол нашар адам деген сөз емес. Барлық адамға бірдей ұнау мүмкін бе? Әрине, ешкім сіз сияқты ойлауға міндетті емес. Сондықтан өзге адамның пікірін құрметтеп үйреніңіз. Ақылды адамдар өздерін ұната бермейтін жанның пікірін үнсіз тыңдап, одан қорытынды шығаруға тырысады.

Сізді жек көретін жан үнемі жаныңызға жара салумен болады. Өйткені, ол сізді ұнатпайды, сіз отырған жерге барғысы келмейді, тіпті, сізді көргісі жоқ. Бірақ, өмір болған соң кездесуге, сөйлесуге тура келіп жатады. Сондай сәтте ақылды адамдар төзімді болуға тырысады. Бұл оңай емес, әрине. Бірақ төзімді болсаңыз, жүйкеңізге салмақ аз түседі.

Дұшпаныңызбен сөйлесуге мәжбүр болдыңыз делік. Мұндайда сыпайылық қажет. Егер оған қатты сөйлеп, дауыс көтерсеңіз, ол да сізді балағаттап тастауы мүмкін. Ақылды адамдар бәсекелесімен мейлінше сыпайы сөйлесуге тырысады.

Ақылды адамдар үздіксіз дамып отырады. Себебі, кітапты көп оқып, үнемі ізденумен жүреді. Психологиялық кітаптар адамды кез келген тығырықтан дұрыс жол табуға баулиды. Егер жүйкеңіз мықты болса, көңіліңізге жақпайтын әрекетті қалыпты қабылдай аласыз. Ұрыс-керіс шығарып, айғайлап, өз жүйкеңізге салмақ салудан аулақ болыңыз. Ақылды адамдар жүрек пен жүйкені сақтауға тырысады.

Дұшпаныңыздың ашуыңызға тиген әрекетін ой елегінен өткізіп көрдіңіз бе? Ол үнемі неге осылай жасайды? Сіз оған неге ұнамайсыз? Неге ол сізді жек көреді? Мүмкін, мәселенің бәрі өзіңізде шығар? Сондықтан алдымен өзіңіз өзгеріңіз. Оны түзеймін деп әуре болғанша, өз жүрегіңізге үңіліңіз. Ақылды адамдар өзгеруден қашпайды.

Жағымсыз оқиға болған кезде үзіліс алып, терең тыныстап алғанның зияны жоқ. Бұл – миды ширықтыратын тамаша әдіс. Ақылды адамдар ашуға мінбестен бұрын бір рет ауаны көбірек жұтып, сабырға келеді.

Ақылды адамдар өзіне ұнамайтын адамдардан алыс жүргенді жөн көреді. Ол өз жөнімен жүре берсін, сіз өз жолыңызды табыңыз. Қайта кіретін есікті қатты жабуға болмайды. Ешкім алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Бәлкім, дұшпаныңызбен болашақта туыс болып қаларсыз? Балаларыңыз бір-бірін ұнатып қалса ше? Тағдырдың қандай тосынсый дайындап қойғанын білмейсіз. Сондықтан қатты сөз айтудан тыйылып, көбіне одан аулақ жүріңіз.

Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Сол себепті әңгіме ол туралы болғанда, өсекке араласпаңыз. Өмірде жаман адам, жақсы адам деген ұғым жоқ. Ең жаман адам дегеннің өзі біреудің баласы. Демек, анасы үшін одан жақсы адам жоқ. Ешбір ана өз баласын нашар адам деп есептемейді. Дұшпаныңыз жайлы жаман пікір айтып, абырой таппайсыз.

Сондықтан адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық екенін естен шығармаңыз. Ең қымбаттысы – ар сақтау, ал, бәрінен ең ардақтысы – өмір сүру. Соның ішіндегі ең тәттісі – сыйластық.

Пуритдин МҰХИТДИНОВ, Ордабасы аудандық мемлекеттік архивінің басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз