Шардара су қоймасына қауіп бар ма?..

Көршілес Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су бөгетінің бұзылуы барлығымызды ойландырып тастағаны анық. Апат айтып келмейді. Бөгеттің бұзылуы су қоймасы бар елдер қауіпсіздікті қатаң сақтап, кез келген уақытта төтенше жағдайға сақадай-сай тұруы керектігін ұқтырып кетті. Біздегі үлкен су айдыны – Шардара су қоймасы жайлы айтылатын әңгімелер де аз емес. Баспасөз беттерінде «Шардара су қоймасына қауіп төніп тұр» деген сыңайдағы мақалаларды да көзіміз жиі шалады. Бұған әркім әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Шардара су қоймасы Сардобадан бірнеше есе үлкен, сондықтан одан келер қауіптің көлемі де жойқын. Алайда, су қоймасынан келетін қауіп туралы көлденең көк аттының емес, білікті мамандардың пікірі құнды. Сондықтан «Шардара су қоймасына шынында қауіп бар ма? Ол қауіптің алдын алу үшін не істеу керек?» деген сауалды осы салада қызмет атқарып жүрген бірнеше маманға қойған едік. Төменде сол азаматтардың пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Абай МҮТӘЛИЕВ, Шардара су қоймасының басшысы:

– Шардара су қоймасы 1967 жылы салынған. Сыйымдылығы – 5 миллиард 200 миллион текше метр. Қазір бұл нысан «Қазсушар» РМК теңгерімінде. Шардара су қоймасы егістіктерді суландыруға, электр энергиясын өндіруге, су тасқындарымен күресуге және балық өсіруге негізделген. Өздеріңізге мәлім, таяуда Өзбекстан мемлекетіндегі Сардоба су қоймасы жарылып, екі елге де үлкен шығын әкелді. Содан кейін ел ішінде Шардара су қоймасына да қауіп төніп тұр деген ақпараттар шықты. Мен осы «қауіп төніп тұр» деген сөзді артық айтылған сөз деп санаймын. Әрине, су айдыны қашан да қауіпті аймақ болып табылады. Өйткені, ол жерде үлкен көлемде жиналған су бар. «Су – тілсіз жау» болғандықтан, кез келген уақытта ол қауіпті болып саналатыны сөзсіз. Бұған таңқалып не үрейленіп дабыл қағудың қажеті жоқ. Үлкен жұмыстың үлкен проблемасы болады. Сондықтан қазір қауіпсіздік мәселесі ел аумағында ғана емес, халықаралық дәрежеде көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылып жатыр.

Ал, қойманың қазіргі кездегі өзекті проблемаларына келер болсақ, біріншіден, Шардара су қоймасының көрші Өзбекстан мемлекетімен шекаралас аумақта орналасуы. Апатты жағдайда Арнасай су реттегіші арқылы артық суды басқа арнаға бұруға болады. Бірақ, Өзбекстан тарапы екі жаңа бөгет салып, бұрынғы Айдаркөлге өтетін су барынша шектеліп, жаңадан салынған бөгеттер Өзбекстан Республикасының тиісті мекемелерінің рұқсатымен ғана суды қабылдайды. Бұл жағдайда айтарлықтай проблема болары анық. Екіншіден, Шардара су қоймасында су тасқынын болдырмаудың алдын алуға байланысты жаңадан қашыртқы (аварийный канал) салу керек деп есептеймін.

 

Тәңірберді АҒМАНҰЛЫ, Шардара ауданының құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылқұм массивін игеруге белсене қатысқан еңбек ардагері:

– Мен жоғары оқу орнын бітіріп келген сәттен бастап, Қызылқұмды игеру жолында еңбек еттім. Соның ішінде Шардара су электр стансасы жұмысына бастан-аяқ қатысқандықтан су қоймасының жағдайына бей-жай қарай алмайтындардың бірімін. Осы тақырып бойынша су шаруашылығының маманы ретінде өзімнің пікірімді бүгіп қалған емеспін. Аға буын өкілдері 1969 жылғы қатал қысты ұмыта қоймаса керек. Қар мөлшерден тыс қалың жауып, шаруашылыққа көп шығын келтірген жыл болды. Соның ішінде Шардара су қоймасына да осы жылы үлкен қауіп төнген еді. Ол кезде су электр стансасы пайдалануға беріліп, мен №10 ЖМК-да басшылық қызмет атқаратынмын. Әлі есімде, қоймаға құйылып жатқан судың мөлшері бірден артып кетті. Секундына 5400 текше метр су жоғары жақтан лақылдап келіп құйылып жатты. Бұл бұрынғы көрсеткіштен бірнеше есе көп еді. Ал, су қоймасының төменгі жағынан секундына 3400 текше метр ғана су босатылды. Яғни Арнасайдан Айдаркөлге қарай – 1700, Қызылқұм каналы мен су электр стансасының төменгі жағына қарай 1700 текше метр су кетіп жатты. Қашыртқыны барынша ашқандағы кетіп жатқан судың мөлшері осы. Одан артық жібере алмаймыз. Ал, жоғарыдан 2000 текше метр су артық құйылып отыр. Су қоймасының арнасы барынша толып, күннен-күнге кемерінен асып бара жатты. Бұл үлкен қатер еді. «Не істеу керек?» деген сауал аудан мен облысты былай қойғанда кеңестік үкімет мүшелерінің басты проблемасына айналды. Сол кездегі КСРО Су шаруашылығы министрі Е.Алексеевский Мәскеуден ұшып келіп, Арнасайдың бойында екі күн жатты. Мәселені мамандармен талқылай келе күрделі жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – Арнасай бөгетін жарып, қоймадағы енапат мол суды құмға қарай – Айдаркөлге ағызу туралы шешімге тоқтады. Өйткені, басқа жол жоқ еді. Не керек, ертең азанда Арнасай бөгетін қопарамыз деп тұрғанда жоғарыдан құйылып жатқан судың мөлшері күрт түсіп, қауіптің беті қайтты. Сонымен, Арнасайды қопару ісі жүзеге асқан жоқ. Бірақ, күллі Одақтың мамандарын әбігерге салған, халыққа айтарлықтай қауіп төндірген жағдай болды. Міне, содан бері 51 жыл уақыт өтті, дәл сондай күрделі, қауіпті жағдай екінші рет қайталанған емес. Алайда, сол оқиға әлі күнге есімізден шықпайды.

Дегенмен, дәл сондай қауіпті жағдайдың қайталанбасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Қырғыз бен тәжіктің, өзбек бауырлардың елдері арқылы келетін дария суына осы мемлекеттердің мамандары жауапкершілікпен қарайды дегенімізбен, біз сақтық шараларын ешуақытта қаперімізден шығармауымыз қажет. Халықаралық жағдайлардың шиеленісіп тұрған бүгінгі ахуалында апаттың ойламаған жерден бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. «Құдай сақтанғанды сақтайды» деген халқымыздың даналық сөзін ұмытпауымыз керек.

Айтқан жерден аулақ, су қоймасына төтеннен мол су құйыла қалған жағдайда не істеуіміз керек? Бұрынғыдай Арнасай бөгеті арқылы Айдаркөлге су жіберу мүмкін емес. Себебі, өзбек ағайындар ол жақтан қойма жасап алғандықтан, артық суды өткізбейді. Маман ретінде айтатын бірден-бір ұсынысым – апатты жағдайда қоймадан дарияға тікелей су жеткізетін канал салуымыз қажет. Сол канал арқылы дарияның төменгі ағысына секундына 1500 текше метр су тастай алатын болсақ, бөгетке қауіп төнбейді. Мұндай каналды Шардара су қоймасынан Жаушықұм алқабы арқылы жүргізу жөнінде ұсынысымды бұрыннан жасап жүрмін. Егер осындай каналдың жобасын жасап, жүзеге асырсақ, пайдасын көрмесек, зиянын тартпаймыз. Жоғарыда айтқанымдай, біріншіден, Шардара су қоймасына қанша мол су келсе де канал арқылы төмен қарай жіберіп отырамыз. Екіншіден, бұл каналды тиімді пайдалана білсек, көп кәдеге жаратуға болады. Мәселен, ауданда туризмді дамытамыз деп отырмыз ғой. Міне, үлкен каналды осындайда пайдалануға болады. Қайықпен жарысушылар бәсекесін, басқа да мәдени-спорттық ойын түрлерін канал бойында неге ұйымдастырмасқа?!

Иә, қоймадағы қауіпті канал жасау арқылы сейілте аламыз. Сонда алаңсыз боламыз.

 

Құдайберген ЕРЖАН, 1998-2011 жылдар аралығында «Шардара СЭС» акционерлік қоғамының төрағасы, қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мен қашыртқы салуға (аварийный слив) негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл жөнінде Үкімет отырысында жан-жақты фактілермен дәлелдеп, қашыртқы салуды тоқтатқанмын. Сырдарияға сыймаған суды қайда жібереміз? Дұрысы ережені бұлжытпай орындап, жұмысқа білікті мамандарды тартып, ешқандай дау-дамайсыз су деңгейін тәртіппен бірқалыпты ұстап отыру қажет.

Жарты ғасырдан артық былқ етпей тұрған бөгет бірден қирай салады деген ақылға сыймайды. Оның үстіне қазір қоймада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса, қоймаға жиналатын су деңгейі бұрынғы уақыттармен салыстырғанда төмендеп келе жатқанын да ескеруіміз керек. Мысалы, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдер су қоймаларын салып, өз қажеттеріне суды тиімді пайдаланып отыр. Яғни бізге бұрынғысынша ағып келетін мол су көлемі айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар, апатты жағдайдың алдын алу үшін көктемгі жауын-шашын мен қар еріп, су көбейер уақытта қоймада су жинауға арналған бос көлем сақтап отыру керек. Сосын ол суды Сырдарияға белгілі бір тәртіппен тастап отырса, Аралға барып құяды. Ал, басқа уақытта ешқандай қауіп жоқ. Бұл үшін апатты су қашыртқысын (аварийный слив) салудың қажеті шамалы және ол – мемлекетке артық шығын. Бұған қоса, қазір шетелдің менмін деген мықты құрылыс компанияларының салып кеткен нысандары сыр беріп жатыр. Яғни апатты қашыртқы салып, оның сапасымен алысып жүргеннен гөрі қоймадағы күрделі жөндеу жұмыстарын сауатты түрде жүргізу қажет.

Кез келген елде су қоймасының беріктігін сақтау үшін бекемдеу жұмыстары тұрақты атқарылады. Шардара су қоймасының беріктігін сақтау үшін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша бекемдеулер жасалуда және ол тоқтаусыз жалғасады. Ал, су қоймасының құрылысына КСРО-ға белгілі гидротехник мамандар қатысқан. Олар су бөгетін талапқа сай салған.

Мен бір проблеманы көтерер едім. Қазіргі кезде Шардара су қоймасында қызмет атқаратын білікті мамандар жоқтың қасы. Сол үшін де бұл салада еңбегі сіңген ардагер мамандардың қазіргі кезге алаңдаушылық тудырып, қауіп бар деген мәселе қозғап отырғандары орынды. Бұл жерге білікті, білімді мамандар тартылуы керек. Кез келген жағдайда су қоймасының жағдайынан хабардар мықты кадрлар даярлау қажет. Өйткені, қазір заман басқа. Заманауи құрылғыларды меңгерген, электронды, компьютерлік қондырғылармен су қоймасының жағдайын тексеріп отыратын мамандар керек. Сондықтан босқа даурыға бермей, ережеге сай жұмыс атқарса, ешқандай проблема болмайды.

Иә, мамандар осылай деседі. Олардың пікірлеріне қарағанда, дәл қазіргі уақытта Шардара су қоймасына төніп тұрған қауіп жоқ. Дегенмен, бәлкім, алдағы уақытта қашыртқы салу керек те шығар. Проблема көтерілген жерде мәселені шешу жолдары да анық көрінеді. Біз мамандардың пікірлерін тыңдадық. Түпкілікті шешімді тиісті мамандар айтар.

Рүстем ПЕРДЕБЕК. Шардара ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз