Саналы ұрпақ – ел болашағы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ел алдындағы мақсатты жоспарын баяндаған құнды құжат деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, мұнда Мемлекет басшысы әлемді алаңдатқан пандемияның әкелген зардаптарын, халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аударып, сала қызметкерлерінің әрқайсысының міндетін санамалап айтып берді.

Қандай жағдай болса да білім саласын басты назарда ұстайтынымыз анық. Осы орайда Президент өз Жолдауында бесінші мәселе ретінде білім беру саласына тоқталып өтті. Елдегі карантин талаптарын сақтай отырып, дәстүрлі жүйеде білім беруге дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Қашықтан білім беру жүйесінде басты назар жасөспірімдердің спортпен айналысуына, шығармашылық тұрғыда ой-өрісін арттыруына аударылуы тиіс. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің мектепке дейінгі оқу-тәрбиемен қамтылуы, ұстаздар қауымының еңбекақысын 25 пайызға өсіру мәселелері де өзекті тақырып.

Президент Жолдауы – дамудың тірегі. Сондықтан біз, Бәйдібек ауданы білім мекемелерінің барша ұстаздар қауымы болып биылғы Жолдауды зор ықыласпен тыңдап, толғаныспен қабылдадық. Қазіргі таңда қалыптасқан ахуалға байланысты санитарлық талап режимін сақтай отырып, 23 мектепте1-4-сыныптардан 3212 бала кезекші сыныпта, 20 мектепте 2909 бала дәстүрлі білім алуда. «Білім онлайн» платформасымен 6735 (52,4 пайыз) оқушы (25 мектептің жекелей сыныптары, 5 мектепте оқушылардың толық контингенті) дәріс алып жатыр. Мұнан бөлек, эпидемиологиялық ахуалы тұрақты елді мекендердегі оқушыларды кезең-кезеңімен дәстүрлі оқуға көшіру жұмыстары жалғасуда.

Білімді ұрпақ – ел болашағы екенін ұмытпауымыз керек. Президент өз Жолдауында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Білімді болуға оқу керек» деген даналық сөзін бекерге келтірген жоқ. Әр азамат жоғары білім мен еңбектің нәтижесінде ғана биіктен көріне алады.

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі оқыту мен тәрбиелеудің құрылымы, мақсаты мен мазмұны түбегейлі өзгерістермен ерекшеленеді. Биыл мектеп бітірген 553 оқушыдан 481-і (86,9 пайыз) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, білім бәсекесінде бақ сынады. «Алтын белгі» төсбелгісін 27 оқушы, «Үздік аттестатты» 20 оқушы, «Ерекше үлгідегі аттестатты» 62 оқушы иеленді. Егемен елдің еңсесін көтеріп, оның әр саласында қызмет ететін болашақ маман иесіне айналдыратын грантқа 220 түлек қол жеткізді.

Білім беру процесін автоматтандырудың жобаларын іске асыру мақсатында «Jumis.Smartnation» порталы арқылы 2020-2021 оқу жылына мектептерден 40 бос орын жарияланып, қазіргі таңда 15 жас маман жұмысқа қабылданды.

2020 жылы Ұлттық біліктілік тестілеуге қатысуға 305 педагог өтініш беріп, пандемиялық жағдайға байланысты оның 95-і тестке қатысты. 73 педагог тестілеуде оң нәтижеге қол жеткізді. Аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша 24 педагог-сарапшы, 4 педагог-шебер, 25 педагог-зерттеуші мұғалім санаттарын көтерді.

Ұстаз мәртебесін көтеру – білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін, сапасын арттырары сөзсіз. Аудандағы үздік ұстаздарымыз бен талантты шәкірттеріміз түрлі білім сайыстарында облыс, республика деңгейінде жемісті еңбек нәтижелерін көрсетіп келеді. Білімді, тәжірибелі, талапшыл, өз ісіне адал мұғалімдеріміз облыстық олимпиадаларда соңғы үш жыл көлемінде тек қана жүлделі орыннан табылып, аудан мақтанышына айналды.

Ұстаз абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктететін, әрине, шәкірттері. Облыстық ғылыми жоба жарыстарында 34 оқушы (Бөген, Теректі, Қаратау, Боралдай, Жолғабас, С.Әбдіжаппаров, С.Ерубаев, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Жамбыл, «Шаян» лицей мектептерінен) жақсы жетістікке жетті. Ал, Ерғали Шұғыла, Шегебек Гүлшат, Анапия Елнұр, Ерден Жанат секілді шәкірттер облыстық кезеңде І орын иеленіп, республикалық жарысқа қатысты. Сонымен қатар пәндік оқушылар олимпиадасында 33 оқушының 19-ы жүлдегер атанды.

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Мектеп – оқу-білімге үйрететін орта десек, оның жүрегі – мұғалім. Тәрбиенің негіздерін насихаттау мақсатында өткізілген «Үздік сынып жетекшісі» облыстық байқауында «Шаян» көпсалалы лицей ЖОМ (Тұңғатова Ақайша) ІІ орын иегері, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слетінде М.Әуезов атындағы ІТ-мектеп-лицейі І орынды, «Өнерлі ұстаз» байқауында С.Әбдіжаппаров атындағы ЖОМ (Көлшікбаева Әйгерім) жүлделі ІІ орынды, «Үздік жас мұғалім-2019» байқауында Жамбыл атындағы ЖОМ (математика пәнінің мұғалімі Батырхан Жалғас) жүлделі I орынды, Ш.Уәлиханов атындағы ЖОМ (ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аулан Жадыра) ІІ орынды, С.Әбдіжаппаров атындағы ЖОМ (қазақ тілі пәнінің мұғалімі Әбдіраманова Айсара) III орынды иеленсе, «Қосбұлақ» ЖОМ (орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құлмырза Перизат) Алғыс хатпен марапатталды.

Облыстық «Педагогикалық идеялар фестивалінде», облыстық жас мамандар арасында өткен «Педагогикалық дебют-2019» байқауында озық идеясын ұсынғаны үшін көптеген ұстаздарымыз жүлделі орындардан табылып, ауданымыздың даңқын аспандатты. Батырлар жырын жатқа айтудан облыстық «Жақсылар, дастан айтайын...» атты ІІІ облыстық байқауында «Тұрмыс-1» ЖОМ (Борантай Ақмарал) Алғыс хат, Ғ.Мұратбаев атындағы ЖОМ (Өтеген Олжас) Алғыс хат, Мыңбұлақ ЖОМ (Құрмантай Ақмаржан) Алғыс хат иеленіп, үлкен қуанышқа бөледі.

«Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 35 мектептің ішкі әжетханаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы білім беретін 50 білім мекемесі қысқы маусымға дайындық барысында отынмен (көмір, сұйық отын, т.б.) қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, аудан орталығындағы 4 мектеп («Шаян», «Күлтөбе», М.Әуезов, С.Әбдіжаппаров) «көгілдір отынмен» қамтылды. Биыл Алтынсарин, Абай, Жамбыл, Ш.Уәлиханов мектептерін табиғи газбен қамту жоспарлануда.

Білім мен тәрбие мазмұны ұйымдастырушының шеберлігімен ұштасқанда қандай шара болсын, шәкірттің ішкі жан дүниесін жаңартып, рухани азық болары сөзсіз. Білім саласындағы жетістіктер оқу жылының барысында онлайн форматта өткізілген түрлі шараларда өз жалғасын табуда. Атап айтқанда, ұлы ақын А.Құнанбаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған «Абай даналығы» байқауында қазақ тілі пәнінен Абай атындағы ЖОМ мұғалімі (Стаева Айнұр) ІІ орын, «Үздік әдістемелік калейдоскоп» байқауының облыстық кезеңінде әдістемелік кабинет әдіскері Бөрібек Ербол номинация иегері, «Жүзімдік» мектебі (Айымбет Назира) ІІ орын, Қ.Сыпатаев атындағы ЖОМ (Шайдозова Жанаркүл) ІІІ орын иегерлері атанып, ауданымыздың абыройын асқақтатты.

Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, Жолдаудың міндеттерін іске асыруда талмай еңбек ету барша педагог қауымының басты ұстанымы екеніне сенемін.

Ақбала ҚҰЛЫМБЕТ, Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшысы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз