«Жаттығу кезінде тер төксең, ұрыс кезінде қиналмайсың»

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Шымкент гарнизонына әскери борышын өтеуге келген жастар үшін қолға қару ұстап, нысана көздеу қашан да жауапты. Жауынгерлік жағдайда алғаш Калашниковтың «АКС-74» автоматын қолға алғанда кез келген сарбаз жүрексінеді. Әскер қатарына жаңадан алынғандармен күні бұрын үшінші класты сержант М.Жақсыбек нұсқау өткізді, оларды сынаққа әбден пысықтап дайындады. Ол – бүкілармиялық Қарулы Күштердің «Ротаның таңдаулы сержанты», «Батальонның, дивизионның таңдаулысы» аталымы бойынша бірнеше рет жеңімпаз атанған сарбаз. Енді бүкіл жеке құрамның әзірлігін сарапқа салатын сәт келді. Бұл жолы Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысынан келген сарбаздар іріктеліпті. Күннің ыстығы да олардың төзімділігін сынағысы келген сияқты.

Әрине, бұл – жауапты кезең. Қаруыңның қарауылынан нысананы көздеп, алдымен терең тыныстап аласың. Санаулы секундтан соң жартылай ғана дем шығарып, бұйрықты қимылсыз күтіп жатасың. Командирдің: «Атыңдар!» деген бұйрығы естілісімен саусақпен шүріппені баяу басқан жөн. Сонда мүлт кетпейді, нысанаға дәл тиеді. Осылай еткенде қажетті ұпай жинайсың.

Құлақ тұндырар атыс үні әп-сәтте айналаны жаңғыртып жіберді. Әр жерден дүркін-дүркін атылған автомат оқтарынан арнайы тұрғызылған қалқандардың артынан шаң борады. Бұл көптеген жауынгерлердің алғашқы сынағы еді. Соған қарамастан байқаудың нәтижесі тәуір.

– «Жаттығу кезінде тер төксең, ұрыс кезінде қиналмайсың» деген әскери тәмсіл бар. Атыс қаруын қолдануды жақсы меңгере алмасаң, сенен жақсы сарбаз шықпайды. Бұл Отан қорғаушы үшін өте қажет, – дейді қатардағы жауынгер А.Ғалымов. – Бастапқыда қобалжу сезімі болды. Үрейді сабырға жеңдіріп, сержант үйреткен дағдыларды бұлжытпай орындауға ұмтылдым. Жақсы нәтиже көрсеттім.

Аға лейтенант Б.Ізімжанов бұл байқауда қатардағы жауынгерлер Д.Мақұлбековтің, Т.Қожамсейітовтің және Р.Ивлевтің көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті. Олар тиісінше 95, 88 және 87 ұпай жинапты. Семей қаласынан әскерге шақырылған үшеуі де мергендікке бейім екенін танытты.

Жалпы, алғаш қолына қару алған жігіттер үшін бұл тәуір бастама. Жас жауынгерлердің лайықты Отан қорғаушы деген атқа лайық болатынына сеніміміз мол.

 

 

Пікір қалдырыңыз