Түркістан күн сайын түлеуде

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарын аралап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысынбақылады.

Өңір басшысы алдымен Нұрсұлтан алаңы мен оған жақын орналасқан гүлзарға барды. Бүгінде нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысан аумағында жаяу жүргінші жолдар мен субұрқақтарының бетондау жұмыстары аяқталған.

Содан кейін өңір басшысы Тұңғыш Президент саябағы мен «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру жұмыстарын бақылап, желілік саябақты аралады.

Тұңғыш Президент саябағында сыртқы суару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге, аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Осы айда 295 түп ағаш және 6500 көшет отырғызу көзделуде.

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар 4 кезеңге бөлінген. Мұражай аумағында жер тегістеліп, су және кәріз жүйесі толық аяқталған. Субұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары да бітті. Ал, көгалдандыру аймағына суару жүйесін орнату жұмыстары 60%-ға орындалып, газон егу жұмыстары атқарылуда.

Облыс әкімі сондай-ақ желілік саябақта болды. «Желілік саябақты» абаттандыру аяқталуға жақын. Қазіргі таңда сыртқы суару жүйелерінің құрылысы, ағаштарды отырғызу, газон төсеу жұмыстары, сонымен бірге, аяқжолдар, керуен жолдары және канал жұмыстары аяқталуға таяу.

Сонымен қатар, «Конгресс хол», стадион, Оқушылар сарайы, драма театр, «Rixos Turkestan» қонақүйі, «Ұлы дала елі», Ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ондағы жұмыс барысын бақылап, жұмысшылармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауапты мамандарға жұмысты күшейтуді тапсырды.

 

 

Пікір қалдырыңыз