Ол ешкімге шағынбайтын...

«Оңтүстік Қазақстан» газеті басынан талай-талай тағдырлы кезеңдерді өткізді. Жиырмасыншы жылдардағы елең-алаң шақ, отызыншы жылдардағы нәубет пен зұлмат, қырқыншы жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс, елуінші жылдардағы халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру кезеңі... Бұл ұлы оқиғалардың қай-қайсысының да газет шежіресіне айшықты із тастамай кеткендері жоқ.

Дегенмен, мұның бәрі арғы тарих. «Оңтүстік Қазақстанның» тәуелсіздіктен бергі жылдардағы тарихынан да сан тарау әңгіме айтуға болады.

Көнекөз оқырмандардың есінде шығар, 1992-93 жылдары Қазақстандағы бүкіл облыстық газеттер қағаз тапшылығынан ұзақ уақыт шықпай қалды. Қағаздың тапшы болатыны ол шіркінің Ресейден шығады. Экономиканың күйреп жатқан кезі, қағаз сатып алуға ақша жоқ. Алда-жалда ақша тауып аудара қалсаңыз, оныңыз зауыттың есепшотына түсемін дегенше құнсызданып кетеді. Зауыт ол ақшаға отынға тамызық қылатын қағаз бермейді. Сосын газет шықпай қалмағанда не істейді?!

Дәл сол жылдары, бүкіл Қазақстанда облыстық газеттер жұмысын тоқтатқан кезде «Оңтүстік Қазақстан» газеті өлермендікпен айына үш рет бір парақ болып шығып тұрды. Бұл жерде «өлермендікпен» деген сөзді ауыстыратын басқа сөздің реті келіп тұрған жоқ. Газеттің өлермендікпен шығатыны дәл сол жылдардағы редакторы Кәрім ҮКІБАЙ сұмдық өлермендікпен жұмыс істеп еді. Өзі редактор болып жаңадан тағайындалған, елдің назары – «Оңтүстікте». Жаңа редакторға «Кәрім Үкібай «Оңтүстік Қазақстанды» шығара алмай отыр» деген атқа қалу өліммен тең еді. Сол үшін де күндіз күлмеді, түн ұйықтамады. Ұйқы, күлкі дегеніңіз не, ұлының бизнес жасап отырған азын-аулақ ақшасын Ресейге, қағазға аударып жіберді. Мұндай өлермендікке қазіргі адамдар «есі дұрыс па, өзінің?» деп қарайтын шығар, ол кездің адамдарының көпшілігі үшін ол қалыпты құбылыс болатын. Газетті мүлдем шықпай қалудан осылай аман алып қалған Кәрім

Үкібай ғой, ол!

Әріптестеріміздің бірі мойындар, бірі мойындамас, бірақ, әділін айту керек, Кәрім Үкібай Қазақстандағы ең жаңашыл редакторлардың бірі болды. 1993-94 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газеті елімізде тұңғыш рет өндіріске компьютерлік технологияны ендіргенде айта беретін орыс тілді газеттер әлі машинка басып отырған. 1995 жылы «Оңтүстік Қазақстанға» газетті компьютермен шығарудың жай-жапсарын білу үшін «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Әділ Дүйсенбек ағамыз келіп, таң қалып кеткенін көзіміз көрді. Жарықтық, Кәрім ағамыз «Егемендегі» әріптесіне «осының бәрін мен істедім» деген жоқ, жаңа технологияның тиімділігін түсіндірумен ғана болды. Ал, құдайшылығына келгенде Кәрім Үкібай осы жаңашылдығымен қалай мақтанса да жарасар еді. Себебі, ол газетті компьютермен шығара бастаған Қазақстандағы ең алғашқы редактор болатын. Ол өндіріске жаңалық әкелген, сол арқылы тарих жасаған редактор. Өкініштісі, оның бұл еңбегін айтуға біз, әріптестері, асыға қоймадық.

Одан да өкініштісі, күндердің күні болғанда осы еңбектің бәрін түкке де арзытпай, сол кездегі билік оны себепсізден себепсіз қызметтен босата салды.

Қызметтен босағаннан кейін де ол шағынып, ешкімнің алдына барған жоқ. «Менің осындай еңбегім бар еді, мыналар соның бәрін бір тиын қылды» деп еш жерге арыз да жазған жоқ. Берген қызметін екі айдай істеді де, үн-түнсіз «Замана» газетіне ауысып кетті. Кейін құрдасы, сыралғы досы Оразхан Жарқынбек «Оңтүстік Қазақстанға» бас редактор болып келгенде Кәрекеңді бірінші орынбасарлыққа қызметке шақырған. Кәрім ағамыз өзінің туған ұжымына қуана-қуана келді. Жәй келген жоқ, екінші тынысы ашылғандай күй кешті. Сондай әдемі күндердің бірінде инсульт деген қатыгез дерт білдірмей-білдірмей келіп, ақжайлау ағаның жағасына қол салмасы бар ма?! Бұл 2001 жыл болатын. Содан бергі 19 жыл аурумен алысумен өтті. Сол ауру кеше ақыры алып тынды...

Міне, бүкіл саналы ғұмырын отбасынан да гөрі жұмысқа арнаған, ұлтының өсіп-өркендеуіне бағыштаған және онысын жәй ғана азаматтық борышым деп түсінген қарапайым да парасатты жанның өмірі әдемі бір әннің қайырмасындай болып тез бітті де қалды. Алайда, Кәрімдей ағамыздың, тамаша ұстазымыздың мағыналы да мазмұнды өмірі енді басталатынын жүрегіміз сезеді, іштей түйсінеміз. Кәрім Үкібай туралы әңгімелер енді айтылады. Себебі, ол сүрген өмірдің өзі ғана бірнеше буынға өнеге болуға жарайды.

Қош, аға! Қош, Ұстаз! Қош, жақсы адам!

«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз