Нәрестенің жүрегіне ота жасалды

Туғанына небәрі 11 күн болған сәби Сайрам ауданынан Түркістан облыстық балалар ауруханасына ауыр халде жеткізілген. Медициналық жедел жәрдем қызметімен жеткен шақалақтың дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері болған. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылады.

Жүргізілген диагностикалық зерттеулердің нәтижесінде нәрестеден туабітті жүрек ақауы белгілері анықталған. «Жүрек қалқасының тарылуынан бала өміріне қауіп болды» дейді дәрігерлер. Оған қоса жаңа туған сәбидің пневмония мен коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталған. Облыстық балалар ауруханасының кардиохирургі Алмат Байсалов жетекшілік еткен білікті дәрігерлер құрамы аса маңызды шешім қабылдап, шұғыл түрде ота жасауға бел буады. Екі сағатқа созылған операция сәтті өтті. Бала аман. Отадан кейін бірден қан қысымы реттелді.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін дәрігерлер операцияны арнайы ота залында емес, дәл жансақтау бөлімінде жүргізген. Сәби әлі де сол жерде ем қабылдауда. Оған жеке дәрігер, жеке медбике бекітілген. Кардиохирург-дәрігерлер Алмат Байсалов пен Алмаз Ашировқа және анестезиолог Ақжол Әбдірайымовқа, реаниматолог-дәрігерлер Ғабитжан  Исмаилов пен Ерлан Рахымовқа сәбидің ата-аналары шексіз алғыстарын білдіруде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз