СОТ ПРОЦЕСТЕРІ ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ ӨТЕДІ

Сот ісін жүргізуге және сот жұмысына қатысы жоқ бөгде адамдардың сот ғимаратына кіруіне шектеу енгізілген.

Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!

Президент Жарлығымен енгізілген төтенше жағдайға байланысты әрі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тапсырмасына сәйкес, сот жүйесінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына тигізетін қауіпті барынша азайтуға бағытталған бірқатар шаралар қабылданған болатын. Азаматтар төтенше жағдай кезінде сот процестеріне онлайн режимде қатысып келді.

 Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің ағымдағы жылдың 10 мамырындағы №36 қаулысына сай, төтенше жағдайдың тоқтатылғанына қарамастан, инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында карантин мерзімі ұзарғаны белгілі. Осыған байланысты, Түркістан облысына қарасты барлық сот ғимараттарында COVID-19 жұқтыру қаупін жою және келушілердің, судьялар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін қаулыдағы талаптардың қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі. Санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтіліп, келушілердің дене температурасын өлшеу жалғасуда. Инфекция  симптомдарына ұқсас белгілері бар адамдар сот ғимаратына кіргізілмейді.

Сот ісін жүргізуге және сот жұмысына қатысы жоқ бөгде адамдардың сот ғимаратына кіруіне шектеу енгізілген. Сондай-ақ сот ғимаратарының ішінде адамдардың топтасып тұруына да тыйым салынған. Сондықтан облыс соттары жұмысын онлайн режимде жалғастыратын болады.

Қылмыстық істер бойынша сот отырыстарын сот ғимаратында өткізуге айрықша жағдайларда ғана жол беріледі. Процеске қатысушылардың материалдарды (істерді) сотқа электронды түрде жіберу үшін хат мүдделі мемлекеттік органдарға да жолданады. Шағымдар, өтінішхаттар мен өзге де құжаттар «Сот кабинеті» сервисі арқылы, ал, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қағаз материалдар сканерленіп, электронды форматта жолдануы қажет.

Соттарға мына санаттағы істерді:

- адамдардың саны анықталмаған тобының, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж азаматтардың, еңбек ұжымдарының мүдделеріне және шектеу шараларына (карантинге) байланысты;

-  бұйрықтық және оңайлатылған тәртіпте жүргізілетін істерді;

- жалақыны, алиментті өндіріп алу туралы талап арыздарды;

- медицина қызметкерлерінің қатысуымен еңбек және өзге де дауларды жылдам қарау тапсырылды.

Талғат БАРАТБЕКОВ,

                                                                                                                                                             Түркістан                                                                                                                                                                           облыстық                                                                                                                                                                            сотының төрағасы.                                                                                                    

Пікір қалдырыңыз