Біз сіздерге мәңгілік қарыздармыз

Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!

Сіздерді Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндерімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – мемлекеттік мерекелер батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы күндер.

Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Отанды қорғау әрқашанда біздер үшін қасиетті міндет болып қала бермек.

Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлер Отан үшін, ел үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды.

Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бүгінгі ұрпақ кешегі аға буын – майдангер қарттар танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісін ұлықтаған даңқты мереке — ерлік пен батылдықтың нышаны.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің сарбаздары қасиетті міндеттерін абыроймен жалғастырып келеді.

Қымбатты жерлестер!

Осындай айтулы мерекелердің қарсаңында Сіздерге, ардагерлер мен жауынгерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке және бейбіт өмір тілеймін!

Ержүрек те жігерлі азаматтардың бұл мерекесі әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкеле берсін!

Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Құрметпен, Әлімжан ҚҰРТАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты.


Пікір қалдырыңыз