Көне шаһар жасыл нуға айналады

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан маңындағы «Жасыл белдеу» аумағын аралап, қыста егілген ағаштардың қалай көктеп жатқандығын көрді.
Орман алқабында бірнеше тал егіп, көктемгі ағаш отырғызу науқанын ашып берді. Қала маңына егілген жасыл желек 8 мың гектардай алқапты алып жатыр. Алдағы уақытта оның көлемін екі есе ұлғайту көзделген.
Түркістанның айналасында қазірде 1 миллион түптен астам жапырақты, көпжылдық ағаш көшеттері жайқалып тұр. Биыл да өңірде шаған, терек, қайың, қарағаш, арша, үйеңкі ағаштары отырғызылады.
Жалпы, «Жасыл белдеу» жоспарының жартысына жуығы орындалған. Қала төңірегінде ағаш отырғызып, су жүйелерін енгізу жұмыстары наурыз айында толық аяқталмақ. Қазір ұңғымалар қазылып, көшет отырғызылған жерлер қоршалуда. Қаланың іші мен айналасын көгалдандыру – маңызды мәселелердің бірі. Өмірзақ Естайұлы жасыл алқапты аралап жүріп, мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толды.
– Жасыл алқап Түркістанның табиғи тынысына айналмақ. Соның арқасында ауа тазарып, қала шаң мен желді дауылдан қорғалады. Сонымен бірге, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналмақ. Өйткені, жасыл белдеу аумағында су арналары мен жасанды көл пайда болады. Мұнда түрлі аң-құстар мекендейді, – деді облыс әкімі.
«Жасыл белдеудегі» тәлімбақта Түркістан қаласының климатына тез бейімделетін, тек өзге мемлекеттерде өсетін өсімдіктерді жерсіндіру тәжірибелері жасалды. Бұл кейбір қылқанжапырақты ағаш түрлерін өсіруге бейімдемек.