«Жұлдыздар да еріксіз сөнеді екен...»

Мойындайықшы, жастықтың оты алаулаған албырт шағында композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың:
Жұлдыздар да еріксіз сөнеді екен,
Қара аспан қайғырғанда төнеді екен,
Күн шуағын жаныңа төгетұғын
Бір жүрек бір жүрекке керек екен, – деп жырлаған «Жүрек сыры» әнін шырқамаған қазақтың қыз-жігіттері кемде-кем шығар-ау. Осы ән арқылы сүйгеніне жүрек сырын білдіргендер қаншама. Жүрегінен ән өрілген композитордың өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген «Нурикамал» әнінің қазақ аспанында қалықтап тұрғанына да отыз жылдан асыпты.
Иә, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған тамаша композитор, дирижер, музыкант Тұрдықылыш Ізтаев 71 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп кете барды. Түркіменстанда өмірге келіп, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын, Ленинградтағы
Н.К.Крупская атындағы мәдениет институтының аспирантурасын тәмамдаған өнерпаз жиырма жылдан астам уақыт бойы әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтында қызмет етті. Бар өмірін шәкірт тәрбиелеу мен шығармашылыққа арнаған Т.Ізтаев халық аспаптар кафедрасының доценті, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі, халық аспаптары оркестрінің дирижері болып еңбек етті. Ол 20-дан астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы. «Махаббат – өмір» атты жеке ән альбомында «Жүрек сыры», «Қимаймын», «Сырғалы қыз», тағы басқа әндері орын алған. Елімізге танымал композитор, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, облыс әкімінің «2000 жылдың ең үздік композиторы» номинациясының иегері атанды.
Ғұмырын әнмен өрнектеген ән-аға, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Сіз біздің жүрегіміздесіз!
«Оңтүстікқазақстандықтар».