«Жақсылық жасау – парызым»

Альвира ПАЙЫСХАН, «Ońtústik Qazaqstan».
Абылайхан Бақытжанұлы адамдарға қол ұшын беріп, көмектесіп, қайырымдылық көрсетуді 10-сыныпта оқып жүргенде бастаған. Содан бері өзінің қоғамға қажет екенін сезініп, адамдарға пайдасын тигізу он сегіз жасар жігіттің басты ұстанымына айналды. Өз еркімен, ешкімнің мəжбүрлеуінсіз, шын көңілмен танымайтын мұқтаж жандардың жанашыры болып жүрген ол атқарған қызметіне ақы да талап етпейді. Алғашында ауылдарды аралап киім-кешек, заттар жинап, оны жоқ-жітіктерге тарататын. Кейіннен Абылайхандай еріктінің бастамасымен демеушілердің арқасында «Шапағат» дүкені ашылды. Енді тұрғындар өздеріне керектіні сол жерден тегін алып кететін болды. Бұл дүкеннің шапағатын былтыр Арыстағы жарылыс кезінде зардап шеккен тұрғындар көп көрді. Киім-кешектен өзге барлық тұрмысқа қажетті заттар осы жерге жиналып, барлығына теңдей үлестірілді. Бұл істің басы-қасында да Абылайхан жүрді.
– Барлық іс-шараларда белсенділік танытып жүріп, дәл сол оқиға орын алғанда ауруханада жатқаным жаныма қатты батты. Анамның қарсылығына қарамай тіке сол жаққа кетіп бара жатқанымда ұйымдастырушылар мені жібермей қойды. Сонда да елге пайдам тисін деп сол дүкенді күндіз-түні күзетіп, заттарды тұрғындарға бөлісуге қатыстым. Еріктілердің арқасында ел қызығатын, көпке үлгі болатын, халыққа тигізетін пайдасы зор игілікті істер өркен жайып келе жатқанын байқадым. Әрине, ерікті болғаннан соң, істеген жұмысыңа, атқарған қызметіңе ақы талап етпейсің. Бірақ, мемлекеттің болашағына, оның дамуына қандай да бір үлес қоссаң одан артық бақыт бар ма? – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Абылайхан Шымкент университетінде оқиды. Спорт және туризм мамандығының 2-курс студенті. Ақылы бөлімде оқығандықтан әке-шешесіне салмақ салмайын деген оймен мәдени іс-шаралар жүргізеді, ал, түнде той-томалақтарда қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып жүрген жайы бар. Қоғамдық жұмыстар туралы, кімге қандай көмек керектігін Сайрам аудандық әкімшілігінен біліп отырады. Мемлекеттік маңызы бар мерекелерде өзі секілді жастардың басын қосып, әртүрлі іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып жүр. Алайда, соңғы уақыттарда халық арасында еріктілерді тегін жұмыс күші, қолжаулық көретіндердің кездесіп қалатындығына іштей қынжылады. Замандастарының да бойындағы бойкүйездік, жалқаулық, кертартпалық секілді жаман әдеттерді жиі байқап, оларды еңбексүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулитын белгілі бір кәсіп үйренуге шақырады. «Хакім Абай атамыз «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп әлдеқашан айтып кеткен жоқ па? Кітап оқу, тіл үйрену, кәсіп ашып, халыққа пайдаңды тигізу арқылы Отанға қызмет етуге болады. Қазіргі кезде еріктілердің статусы айқындалып, мәртебесі жоғарылағаны, еңбекақысының есептелгені де жастарға үлкен күш, мотивация болды. Шетелде ерікті болу таңғаларлық іс емес. Кез келген жан жақсылық жасауға ұмтылып тұрады. Біз де волонтерлікті осындай дәрежеге жеткізсек, мейірімділік, жылулық ешқашан жойылмайды» дейді ол.
Көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген Абылайхан еріктілер жылында өзі секілді белсенділердің ақылы бөлімде оқитын оқу ақысына қандай да бір жеңілдік қарастырылғанын қалайды. Болашақта ол әр ауылдан «Шапағат» дүкендерін ашсам деп армандайды.