Тамсандырған «Танакөз»

Сан сиқырлы сахна әлемінің нағыз көрермен үшін әсері де, пайымы да бөлек. Әсіресе, жасыңнан жадыңа тоқыған туындыны сахнадан тамашалағанда еріксіз әсерленесің.

Тіршілік теперішімен арпалысқан жан-дүниең сұлулық жетегіне еріп, әртістер ойынындағы буырқанған сезімге елітесің. Театр – жан-дүниеңді төңкеріп тастайтын қуатқа ие күш, парасат пен сезімге кенелген іңкәрлік айдыны.

Тышқан жылын «Махаббат ғадауатымен» бастаған Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры сезімге лүпілдеп тұнған поэзия әлемін тағы бір қойылыммен байытты. «Тағы бір» деуімнің себебі, шаниндіктер өткен жылы Шекспирдің ақ өлеңмен жазған «Гамлет» трагедиясын сахнадан сөйлеткен болатын. Енді ақын Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы жаңаша форматта көрермен назарына ұсынылды. Қойылымның инсценировкасын жасаған қоюшы режиссері — халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың, «Еңлікгүл» театр фестивалінің жүлдегері Қуандық Қасымов. Сахналық шешімін сценограф, ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов жасады.

Бұл қойылымның өзгешелігі сол, сахнада көрермен мен актер қоян-қолтық біте қайнасып кетеді. Махаббаттың саф тазалығы мен мөлдірлігін паш еткендей сахна ортасында сылдырап бұлақ ағып жатады. Бұлақ бойында алаулаған үш жүректің арпалысы. Бір-біріне су шашып ойнаған жастар оқиға желісіне ынтықтыра түседі. Қоюшы-суретшінің бұл шешімі – әр сөзі мен қимылын қалт жібермей қадағалап отырған көрермен таразысына түсетін актерге сын.

Махаббат, достық, адалдық, сыйластық. Поэтикалық драма кейіпкерлері арасындағы шынайы достық, пәк сезім, адалдық, беріктік – бүгінгі қоғам шөліркеп тұрған рухани қажеттілікке жауап береді. Дос... Бүгінгі көрерменнің достық жайлы пікірі қандай деңгейде? Осы біздер достық әлемін естен шығарып алған жоқпыз ба?

Ақын: Өтті солай тұңғыш рет тынышымды бұзған күн,

Тұңғыш рет сенен, досым, Танакөзді қызғандым.

 

Мұрат: Сол күнгі ойлар кеудемізді нәзік мұңға толтырды,

Үшеуміздің алдымызда екі тарау жол тұрды.

Осылайша Ақын (актер Б.Сегізбаев) мен Мұраттың (актер Н.Орынбек) арасында «достық көпірі» сынға түскен терең махаббат үшбұрышы басталады. Екі жүрек – жас ару Танакөзге ғашық. Танакөз (актриса А.Тәттіқұлова, М.Зияева) таңдауы кімге түспек?.. Көрермен махаббат сазымен тербетілген үшеуімен бірге қуанады, бірге уайым шегеді. Қойылым көріп отырғанын ұмытып, бейне бір махаббат әлемінде жүргендей актерлермен бірге сезім қанатында қалықтайды. Сезім мен қызғаныш – жас арудың бұрымындай жарыса өрілетін, алысқа ұзатпайтын, жақыннан жолатпайтын жойқын күш. Сезімін ауыздықтай алмаған Ақынның жаңсақ қаракетін Мұрат көріп қойған кезде тіршілік таразысын қиянаттан сақтап тұрған бақыт пен адалдық тасы қай жаққа ауады екен деп алаңдайсыз. Қойылымда отырғанын ұмытып, актерлермен бірге махаббатқа күйінумен, сүйінумен отырған көрермен, қойылым аяқталғанда бал шырынның дәмі таңдайына енді татып келе жатқанда үзіп алғандай әсерде қалды. Театр үшін керегі де осындай сәттер емес пе?!

Театр репертуарына қосылған М.Шахановтың «Танакөзі» алдағы уақытта да көрермендердің сағына келер қойылымы болары сөзсіз. Осыған сенейік.

Сая ҚАСЫМБЕК, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

 

Пікір қалдырыңыз