Білімді ел ғана бәсекеге қабілетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында қоғамның барлық саласына қатысты өзекті мәселелер көтеріп, нақты тапсырмалар берді.

Болашақтағы бағыт-бағдар мен мақсат-міндеттерімізді белгіледі. Бастысы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашы болған саяси-әлеуметтік реформалар одан әрі жалғаса береді.

Жас ұрпаққа білім беру мәселесі қай кезде де маңызын жоймайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұы өз Жолдауында бірінші кезекте білім беру сапасын жақсартуға зор көңіл бөлді.

Жолдауда айтылған қала мен ауыл мектептерінің арасындағы орта білім сапасының алшақтығы, ауылдық жерлерде білікті кадрлардың жетіспеушілігі проблемалары шынымен де алаңдатады. Бұдан өзге де проблемалар жоқ деп айта алмаймыз. Сондай-ақ, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, көптеген проблеманың шешімін табуы екіталай. Дегенмен, бұл тұрғыда Үкімет, тиісті министрлік тарапынан көптеген тірліктер атқарылуда. Мәселен, Президенттің алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруға тапсырма беруі білім беру қызметкерлерінің жұмыстарына стимул берді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсыруы да жұртшылыққа зор қуаныш сыйлады дер едім. Өйткені, небір дарынды балалар осындай отбасылардан көптеп шығып жатады. Сондықтан бұл бағдарлама жеткіншектерімізге үлкен көмек болмақ.

Қазіргі заман білектің күшін емес, білімді мойындайды. Білім – әлемдегі өркениетті елдердің барлығында дерлік дамудың негізгі көрсеткіші болып табылады. Тек білімді ел ғана бәсекеге қабілетті болмақ. Ал, еліміздің ең басты мақсаты – әлемдегі озық отыз елдің қатарынан көріну. Сондықтан әрбіріміз Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындауға бір кісідей атсалысатын болсақ, біз бағындырмайтын белес жоқ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап ұстаздардың еңбекақысы төрт жыл бойы 25 пайыздан өсіп отырады. Бұл – педагогтар үшін үлкен қуаныш.

Биылғы жылдың тағы бір үлкен жаңалығы, соңғы кездері Білім және ғылым министрлігі еліміздің жоғары оқу орындарын тексеруде. Талаптарға сәйкес келмейтіндерінің лицензиялары кері қайтарылып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдауға ие болып отыр. Президент Үкіметке «дипломдарды басып шығарып беретін кеңселерге» айналған жоғары оқу орындарына қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды. Әсіресе болашақ мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптары күшейтілуде. Сондықтан мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Осылайша тиісті ведомство мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуді мықтап қолға алды.

Шынында да, соңғы кезде мектепте үлгерімі нашар болғандар мен ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған балы басқа мамандыққа жетпегендер арасында мұғалім мамандығын таңдау белең алғаны жасырын емес. Мұндай оқушылардан ертеңгі күні білімді мұғалім шығады деп айту қиын.

Жоғары білім берудің сапасын арттыру – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан аталған проблемаға зор жауапкершілікпен қарауымыз керек.

Мемлекетіміз бүгінгідей жаңа кезеңге аяқ басқан тұста елдің тұтастығын, халқымыздың бірлігін, Отанымыздың абыройын ойлауымыз қажет. Мәңгілік Ел боламыз десек, бұл әрбіріміз үшін маңызды. Әрқайсысымыз осы жолда адал, аянбай еңбек етуіміз керек. Сонда ғана асыл мұраттарымызға қол жеткізе алмақпыз.

Әйгерім ҚОСАНБАЕВА, С. Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шымкент қаласы.

 

Пікір қалдырыңыз