Сирия дағдарысы жаңа кезеңге көшті

біз бұдан қандай сабақ алуымыз керек?

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Алты жылдан бері отқа оранған Сирияда ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) ұйымының көзі жойылып, әскери қақтығыстар бәсеңси бастаған еді. Алайда, қазан айында шиеленістің жаңа толқыны басталды. АҚШ әскерінің Сирияның солтүстік-шығыс аймағынан кетуі мен Түркия қарулы күштерінің осы аумаққа басып кіруі Таяу Шығыстағы саяси-әскери дағдарыстың жаңа кезеңге көшкенін көрсетеді. Бұл жағдай «Әлемге тарыдай шашылып кеткен Сирия халқының тағдыры не болады?», «Осы бір араб мемлекетін болашақта не күтіп тұр?» деген сауалдарды қайтадан күн тәртібіне шығарып отыр.

Сонымен, 9 қазан күні Президент Реджеп Тайып Ердоғанның жарлығымен түрік әскері Сирияға басып кірді. Өйткені, Сирияның солтүстік-шығыс аймағын Сирия демократиялық күштері басқарады. Олар біртұтас Сирия Араб Республикасының аумағында отырғанымен, іс жүзінде бірнеше жылдан бері Башар Асад режиміне бағынбайды. Осы күнге дейін оларды АҚШ тікелей қолдап келген. Америкалықтардың қолдауымен оппозиция жасағы Сирияның солтүстік-шығысындағы ДАИШ-ті жеңіп, сол бөлікті өз бақылауына алған. Былайша айтқанда, Евфрат өзенінің шығыс жағалауында шартты түрде өз автономиясын орнатқан болатын.

Сирия демократиялық күштерінің құрамында күрдтердің «Халықтық өзін-өзі қорғау жасағы» деп аталатын ұйым бар. Бұл әскери ұйымның түпкі мақсаты – Сирия Күрдістанын тәуелсіз мемлекетке айналдыру. Бұл ұйымды көптеген мемлекеттер сепаратистік қозғалыс ретінде таныған. Ал, Түркия оны лаңкестік ұйым деп біледі.

Бір жағынан түріктердің алаңдайтындай жайы бар. Олай дейтініміз, Түркияда сириялық күрдтердің жасағына ұқсас «Күрдістан жұмысшы партиясы» (КЖП) бар. КЖП 1984 жылдан бері Түркияның оңтүстік-шығысында күрд автономиясын құру үшін күресіп келеді. Талай рет қарулы қақтығыстар бастап, жарылыстар ұйымдастырған КЖП-ны Түркия, АҚШ және кейбір еуропалық елдер «террористік ұйым» деп таныған.

Соңғы жылдары президент Реджеп Тайып Ердоған Анкараның күрдтерге қатысты саясатын өзгертіп, бұл этнос өкілдерінің мүдделерін ескеру және құқықтарын қорғау үшін нақты шаралар қабылдады. Мәселен, қазір Түркияда күрдтердің ана тілінде білім алуына, өз ақпарат құралдарын шығарып, мәдениетін насихаттауына жағдай жасалған. Сондай-ақ, бұл этнос өкілдерінің ел парламентіне сайлануына да жол ашық. Соның арқасында түркиялық күрдтердің лидерлері мен абыройлы азаматтары бастаған қалың топ КЖП-мен байланысын үзіп, Ердоған жағына шыққан. Енді ресми Анкара шекаралас аймақта Күрд автономиясы құрылса, бұл қозғалыс Түркиядағы сепаратистерді де «оятып» жібере ме деп алаңдайды.

Сондықтан Түркия президенті «Бейбітшілік қайнары» деп аталатын әскери операцияны бастады.

Мақсаты – күрдтерді ішкі Сирияға қарай ығыстырып, Түркия – Сирия шекарасының бойында ені – 32, ұзындығы 430 шақырымдық қорғаныс аймағын құру. Сөйтіп, босаған аймаққа Түркияны бірнеше жылдан бері паналап жүрген босқындарды қоныстандыру. Қазір Түркияда 3,6 миллион сириялық босқын бар. Ердоғанның жоспары бойынша шекара бойындағы қауіпсіздік аймағына соның 2 миллионы қоныстандырылуы тиіс. Әрине, бұл – ресми Анкараның халықаралық қауымдастыққа түсініктеме беру үшін жариялаған ресми нұсқасы. Ал, шын мәнінде Ердоғанның көздегені не, бұл сауалға қатысты саяси сарапшылардың пікірі әртүрлі.

Қазан айының 9-ы күні басталған әскери қимылдар 17 қазанда АҚШ-тың араағайындығымен 5 тәулікке уақытша тоқтатылды. Осыдан кейін дағдарысты дипломатиялық жолмен реттеуге Ресей жағы араласып, 22 қазанда Сочиде РФ президенті Владимир Путин мен Түркия көшбасшысы Р.Ердоған алты сағатқа созылған келіссөз жүргізгені белгілі. Нәтижесінде тараптар 10 тармақтан тұратын меморандумға қол қойып, оқ атуды тағы 6 тәулікке тоқтатуға келіскен болатын. Ресей тарапы осы мерзім ішінде Сирия демократиялық күштерінің шекарадан 32 шақырымға шегінетінін кепілдік берген-ді. Осы аптаның сәрсенбісінде белгіленген 6 тәуліктік мұрсат аяқталды. РБК агенттігі Сочи келісімінде көрсетілгендей, СДК шекарадан 32 шақырым қашықтыққа шегініп кеткенін хабарлады. Шекарадан 10 шақырым қашықтықта Ресей мен Түркия әскерилері бірлесе отырып патрульдік қызмет атқара бастаған. Осылайша, қазір Евфраттың шығыс жағалауында уақытша болса да тыныштық орнады. Бірақ, мұның «дауыл алдындағы тыныштық» еместігіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Ресейлік тәуелсіз саяси шолушы Алина Гребнева РБК агенттігіне берген сұхбатында Сирияда тым күрделі әрі көпжақты мүдделер қақтығысы жалғасып жатқанын алға тартады. Мәселен, Р.Ердоғанның мақсаты тек қана терроризм қаупінен қорғану ма? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Өйткені, егер мақсат шекара маңындағы қауіпсіздік қана болса, бірінші болып шабуылға шығуға соншалықты қажеттілік те жоқ еді. Себебі, Сирия демократиялық күштерінің әскері нашар қаруланған бірнеше мың жасақ қана. Ал, Түркия – әскер саны, қарулануы мен күш-қуаты жағынан әлемде алтыншы орынды алатын құдіретті армияның қожайыны. Күрдтердің «Халықтық өзін-өзі қорғау жасағы» Анадолыға қарсы қандайда бір агрессия көрсетсе, оның бетін қайтару түрік әскеріне ешқандай қиындық туғызбас еді...

Олай болса, Түркияның солтүстік-шығыс Сирияға үстемдік орнатпақ болғандағы шынайы мақсаты не? А.Гребнева екі түрлі себепті атап көрсетеді. Біріншісі – Евфраттың шығыс бетіндегі мұнай кен орындары, екіншісі – түркомандар. Иә, Сириядағы 2,5 миллиард тонна мұнай қорының басым бөлігі қазір күрдтердің бақылауында тұрған аймақта жатыр. Азамат соғысы басталғанға дейін бұл ел жылына 20 миллион тоннадай мұнай өдіретін еді. Саяси шолушы «Р.Ердоған лаңкестікпен күресті сылтауратып, осынау мол мұнай қорын өз бақылауына алғысы келеді» деп топшылайды. Қала берді сонау Осман империясы дәуірінен бері Сирияның солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде өмір сүріп келе жатқан түркомандар мен сондағы күрдтер арасында этноконфессионалды сипаттағы кикілжің ертеден бар. Ресми Анкара Сириядағы

100 мың түркоманның мүддесін қорғауды өзінің парызы санайды.

Жоқ, біз А.Гребневаның сөзіне ілесіп Түркияны бір жақты қаралаудан аулақпыз. Күні кеше Сириядан миллиондаған босқын ағылған кезде оларды бауырына басып паналатқан осы ел екенін ұмытуға болмайды. Десе де, себебі не болса да көрші елдің аумағына әскермен басып кіру – оның егемендігіне қол сұғу болып саналады. Мұндай әрекетті өркениетті әлем ешқашан құптамасы анық.

Егер шекара маңында тыныштық сақталса, АҚШ әскерінің солтүстік-шығыс Сириядан кетуіне орай Астана форматының маңызы артып, келіссөздер жаңа деңгейге көтерілмек. Өйткені, Қазақстанның ұйымдастыруымен және Ресей, Иран, Түркияның кепілгерлігімен өтетін бұл келіссөздер Башар Асад режимі мен Сирия демократиялық күштерінің жүздесетін жалғыз диалог алаңы болып отыр. Десе де, көптеген саяси сарапшылардың пікірінше, бұл келіссөздер өте күрделі әрі ұзақ мерзімді болары анық.

Ресей, Иран мен Түркияның келіссөздердегі принципті екі ұстанымы бар. Біріншіден, кепілгер мемлекеттер Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс деп есептейді. Екіншіден, Сирия аумағына заңсыз кірген бүкіл әскери күштер сол елден дереу шығарылуы тиіс. Ресей әскерін елдің заңды сайланған өкіметі шақырғандықтан, олар өздерінің Шам еліндегі әрекетін заңды санайды. Ал, Асадтың келісімінсіз келген Батыс елдерінің әскери одағын басқыншылар деп қарастырады.

Аталған екі талаптың орындалуына жауап ретінде Башар Асад билігі Сирияда кең ауқымды конституциялық реформалар жүргізіп, жаңадан қабылданатын демократиялық заңдардың аясында ашық сайлау өткізуі тиіс. Біртұтас Сирия халқы өз болашағын өзі анықтауы тиіс және мұны өркениетті жолдармен жүзеге асыруы шарт.

Әрине, бұл талаптар мен шарттар бір қарағанда өте орынды сияқты көрінеді. Бірақ, бұған екі жақтың оңайлықпен келісе қоймасы анық. Біріншіден, күрдтер «Евфраттың шығыс бетін ДАИШ дейтін үлкен бәледен құтқарған ресми Дамаск емес. Осы жолда 14 мың күрд сарбазы шейіт болды. Жеңімпаз ретінде бұл жердің билігі бізде болуы тиіс» деген ұстанымнан танғысы келмейді. Екіншіден, әкесі 30 жыл, өзі 20 жыл тақта отырып, автолитарлы жүйе құрған Башар Асад сияқты билеушінің енді өз еркімен Конституцияны өзгертіп, түпкілікті демократиялық реформалар жасай қоятынына сену қиын. Үшіншіден, бұл аймақта араб-күрд текетіресінен басқа да тамыры тереңде жатқан этноконфессионалды дау-жанжалдар жеткілікті. Төртіншіден, АҚШ әскері қазір шығып кеткеніне, Астана форматындағы серіктес үштіктің ұстанымы бір болғанына қарап әлемдік және өңірлік державалардың бәрі тек Сирияда тыныштық орнағанын ғана қалайды екен деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Бұл елдердің қай-қайсысының да бір-бірімен қабыспайтын өз геосаяси мүдделері бар.

Қорыта келе айтарымыз, осынау саяси-әскери дағдарыстың түпкі себебі – көпұлтты Сирия халқының өз ішіндегі этноконфессионалды дау-жанжалдар. Көпэтносты, көпконфессиялы ел ретінде Қазақстан Сирия дағдарысына қарап сабақ алуы тиіс. «Халықтар достығы» дейтін жалаң ұранмен алданып, өзекті проблемаларды жасыруға болмайды. Біздің еліміз үшін діни ахуалдың тұрақтылығын сақтау мен дұрыс ұлттық саясат жүргізу өмірлік маңызға ие міндет.

Әйтпесе, ішкі бірлігімізге сызат түссе, іргедегі күшті елдер шекараны бұзып, басып кіру үшін қырық түрлі сылтау ойлап табуға әзір. Түркияның күні кешегі әрекеті мұны тағы бір рет дәлелдеді.

 

Пікір қалдырыңыз