Бiлiм беру жүйесi мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейту қажет

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өзінің алғашқы Жолдауында «Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деп елдегі ең өзекті мәселелердің бірін қозғады.
Шынында да, отандық еңбек нарығында қарама-қайшылықтарға толы жағдай орын алып отыр. Бір жағынан қарасаңыз, елімізде жоғары білімді адамдардың үлесі көп те, екінші жағынан кәсіби біліктілігі жоғары мықты мамандар тапшы. Техникалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтін адамдарды табу қиынға соғып отырғанына қарамай елдегі жұмыссыздық деңгейі тым жоғары. Осының бәрінің себебі неде?
Әрине, негізгі себептердің бірі елдегі білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың нашарлығы. Бірақ, маңыздылығы жағынан одан кем түспейтін тағы бір себеп бар. Ол – Қазақстанда мектеп түлектерін кәсіптік бағдарлау жүйесінің жұмыс істемейтіндігі.
Сонымен, кәсіптік бағдарлау дегеніміз не өзі? Алдымен осы сұраққа жауап берейік. Кәсіптік бағдарлау – мамаңдық таңдау, еңбек нарығының жағдайы және жұмыс іздеу дағдылары бойынша кеңес беру, кәсіптік диагностикалау және әлеуметтік-кәсіптік бейімдеуге бағытталған ғылыми-практикалық іс-шаралардың кешені. Басқаша айтар болсақ, бұл жүйе 9 және 11 (жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасында 12-інші) сынып оқушыларының өзіне сай мамандықты таңдауына көмектесуі тиіс.
Қазақстанда орта білім беру жүйесіне кәсіптік бағдарлауды енгізу мақсатындағы алғашқы ізденістер осыдан 5 жыл бұрын қолға алынған еді. Сол кезде «Атажұрт» халықаралық қоғамдық қоры «Кәсіптік бағдарлау» жобасын жасап, ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ОҚО, СҚО, ШҚО және Павлодар облыстарында пилоттық режимде іске асырылған. Алайда, жоба өзінің тиімділігін толық дәлелдегеніне қарамастан сол кезде республика көлемінде енгізілмей, аяқсыз қалды. Біз аталған жобаның оңтүстік өңірде жүзеге асуына атсалысып, оның өзектілігіне әбден көз жеткізген едік. Президент Жолдауында осы мәселе қайта қозғалған соң жоба авторы, «Атажұрт» халықаралық қоғамдық қорының төрағасы, «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталығының директоры, ғалым Ғани Бейсембаевқа хабарластық.
– Адам өмірде бақытты болуы үшін екі нәрседен қателеспеуі керек. Біріншісі – өмірлік жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау. Қазақ халқы «Көңілсізден-көріксіз» дегенді босқа айтпайды ғой. Сүймейтін жанға қосылған адамның бақытқа жете алмайтыны секілді, жүрек қалауымен емес, біреулердің ықпалымен, кездейсоқ мамандықты таңдаған адамның да кәсібиліктің биік шыңына шыға қоюы да екіталай, – дейді психология ғылымдарының докторы Ғани Бектайұлы.
Оның айтуынша, Құдай әу баста әр адамды белгілі бір мамандыққа немесе белгілі бір кәсіби бағытқа бейім етіп жаратады екен. Мұны бүгінде ғылым да дәлелдеген. Егер адам өзінің болмысына, психологиялық, физиологиялық және тұлғалық ерекшеліктеріне сай мамандықты таңдай білсе, оның білім алуға құлшынысы жоғары болады. Нәтижесінде ол білікті, нағыз кәсіби маман болып шығады. Ал, «шын мықтыға тұсау жоқ» дегендей, нағыз профессионал адамға жақсы жұмыс пен жоғары жалақы қай елде де, қай салада да табылады. Қараңызшы, біздің елде заңгерлік дипломы бар адам көп. Бірақ, Сіздің құқықтарыңызды сотта мүлтіксіз қорғап шығатын мықты адвокат табуыңыз оңай емес.
«Атажұрт» халықаралық қоғамдық қоры жүргізген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, Қазақстандағы мектеп түлектерінің 70 пайызы мамандық таңдауда қателеседі екен. Ал, елде тіркелген жұмыссыздардың 74 пайызы кезінде мамандықты ата-анасының немесе басқа да таныстарының нұсқауымен таңдай салғанын айтқан. Соның салдарынан университет түлектерінің жартысынан астамы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Ал, жұмыс берушілердің 91 пайызы оқу орнының қабырғасынан енді келген жас кадрлардың талапқа сәйкес келмейтінін алға тартады. Міне, бұл цифрлар Қазақстанға кәсіптік бағдарлау жүйесінің қажет-ақ екенін көрсетеді.
– 2014 жылы Қазақстанның 4 облысында 20 500 оқушыны кәсіптік бағдарлау шараларына қатыстырдық. Біріншіден, оқушыларды еңбек нарығының жағдайы, қандай мамандықтарға сұраныс көп екені туралы жан-жақты мәлімет берілетін тренингтерге қатыстырдық. Екіншіден, арнайы әзірленген тест арқылы оқушыларды кәсіптік диагностикалаудан өткіздік. Әр оқушы өзінің тумысынан қандай мамандыққа бейім екенін біліп алды. Бүгінде әлемде 80 мың, ал, Қазақстанда 8 мың мамандық түрі барын ескерсек, оқушыға соның ішінен өзіне лайықты мамандықты дөп басып таңдау оңай емес. Сондықтан экономика, социология, психология және педагогика саласының ғалымдары мен сарапшылары бірлесіп жасаған біздің жобамыздың мәні зор, – дейді Ғ.Бейсембаев.
Ғалым кәсіптік бағдарлау саясатының Президент Жолдауында көтерілгеніне дән риза. Өйткені, Қазақстанда кәсіптік білім беру жүйесі қайта қалпына келтірілуде және орта мектептерге жаңартылған мазмұндағы бағдарлама енгізілуде. Егер қазіргі оқушылардың тағы біраз жылдан кейін жұмыссыздар армиясының қатарын толықтырғанын қаламасақ, олардың біраз бөлігінің 9-шы сыныптан кейін кәсіптік-техникалық оқу орындарына түсуіне ықпал етуіміз керек. Ал, мұның ең тиімді әрі төте жолы кәсіптік бағдарлау жүйесін енгізу болмақ. Тек Ғ.Бейсембаевтың «осы жүйені енгізу ісі кездейсоқ адамдардың қолына түсіп, жеке азаматтардың пайда табатын көзіне айналып кетпесе екен» деген алаңдаушылығы да бар.
Әрине, кәсіптік бағдарлауды енгізу – елдегі еңбек нарығына қатысты қордаланып қалған проблемалардың бірі ғана. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы «Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек» деген сөздерінен-ақ байқауға болады.
Проблеманың ең үлкені – білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасында байланыстың нашарлығы. Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, олардың өңірлердегі құрылымдық бөлімшелерінің арасында тығыз байланыс орнамаған. Салдарынан еңбек нарығына қажетті мамандардың тізбесін анықтаудың кері байланысқа негізделген заманауи, тиімді жүйесі жоқ. Бұл – бір.
Екінші жағынан техникалық бағыт бойынша білім беретін оқу орындарындағы оқыту бағдарламалары ескірген. Студенттің дәрісханада оқыған теориясы мен зертханада үйренген тәжірибесі өндіріске барған кезде түкке аспай қалады. Өйткені, қазіргі инновация дәуірінде кәсіпорындардағы өндірістік құрал-жабдықтар да, технологиялар да жаңарып, өзгеріп кеткен. Солай болғандықтан қолында «инженер-технолог» дейтін күректей дипломы бар жоғары білімді мамандар шағын цехтың жұмысын жүргізіп кете алмайды. Осыдан кейін жұмыс берушілер білікті мамандарды шет мемлекеттерден шақыртып, елдегі жұмыссыздыққа қатысты жағдай уақыт өткен сайын өршіп барады.
Осыған қатысты келесі бір проблема институттық сипатқа ие. Білікті маман даярлау ісіне жауапты Білім және ғылым министрлігі білім берудің мазмұнын өзі әзірлейді, мемлекеттік оқу орындары арқылы білім беру қызметінің басым көпшілігін өзі көрсетеді және ең сорақысы, білім берудің сапасын да өз бақылайды. Білім сапасы мен оқу орындары түлектерінің біліктілігін бағалаудың тәуелсіз жүйесі жоқ болғандықтан еліміз жартыкеш мамандарға толып барады. Бұл да айналып келіп жұмыссыздық мәселесін ушықтыратыны анық. Тап осындай институттық сипаттағы проблема денсаулық сақтау саласына да тән.
Елдегі жұмыссыздық және біліксіздік проблемасына одан әрі тереңдеп үңілсеңіз, Қазақстанда терең білім мен жоғары кәсіби біліктілікке деген сұраныстың аздығын көресіз. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, өз басымнан өткен жағдайды айта аламын. Демалыс күндері қосымша табыс табу мақсатында жеке көлігіммен Шымкент қаласында такси болған кездерім бар (Негізінде жібі түзу елде шығармашылық интеллигенция өкілінің ондайға уақыты да, қажеттілігі де болмауы тиіс қой – авт.). «InDriver», «ЯндексТакси» мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, жұмыс істеу арқылы күніне 6-8 мың теңге табуға болады. Ал, біздің кәсіби журналист ретіндегі күнделікті табысымыз соған жете бермейді. Осындай жағдайда терең білім мен кәсібиліктің қадірі туралы қалай сөз қозғайсыз?
Ресми статистикаға сүйенер болсақ, еліміздегі жүк көлігі жүргізушісі мен дәрігердің орташа жалақысындағы айырмашылық бар-жоғы 20 пайыз.
АҚШ-та тап осы көрсеткіш 275 пайызды, Германияда 180 пайызды құрайды екен. Енді өзіңіз ойланып көріңізші, жарты жыл оқып жүк көлігін жүргізуді меңгерген адам мен тоғыз жыл оқып, одан кейін өмір бойы ізденісте жүретін дәрігердің жалақысы қарайлас болып отыр. Осыдан кейін екінің бірі адам денсаулығы мен өмірінің жауапкершілігін мойнына алып, күн сайын ота жасап, орасан зор психологиялық және эмоционалдық жүктемені көтергісі келе ме? Бұл бір журналистика немесе медицина саласына қатысты жағдай емес. Елдегі терең білім мен жоғары кәсіби біліктілікті талап ететін салалардың қай-қайсысында болмасын жалақы мен табыс экономиканың «қарапайым» салаларындағыдан соншалықты көп емес.
Кәсіби біліктілік пен терең білімге деген сұраныс арттырылмаса, біздің азаматтар мейлі жалақысы аздап төмен болса да, көп ізденуді қажет етпейтін, есесіне қауіпсіз әрі тұрақты жұмыстарға қарай ұмтыла беретін болады. Бұл жағдайдың еліміздің әлеуметтік-мәдени және экономикалық дамуына кері әсер етері сөзсіз. Егер билік жұмыссыздықты азайтуды шындап қолға алғысы келсе, міне, осындай проблемаларға назар аударуы тиіс.