Көмек мұнымен тоқтамайды
Созақ ауданының қариялары Арыс қаласында орын алған апаттан зардап шеккен отбасыларға көмек қолын созды. Құмкент ауылдық округінің Созақбай Асқанбеков бастаған бір топ ардагері тұрғындардан жиналған 150 мың теңге көлеміндегі қаржыны Арыс қаласындағы мешітке апарып берді.
–
Біз, яғни ауыл ардагерлері қаланы қалпына келтіру мақсатында атқарылып жатқан
жұмыстарды өз көзімізбен көріп қайттық. Күннің ыстығына қарамай еңбек етіп
жатқан құрылысшыларға ризашылығымызды білдіріп, ақ батамызды бердік.
Ондағы
Алланың үйі – мешіттің оқ пен оттың ортасынан бүлінбей шыққанына таң қалыстық.
Ол да болса Жаратқанның ісі. Ел-жұрт паналасын деген болар. Адамдарды
имандылыққа, жақсылық пен сабырлылыққа шақырған шығар, – дейді Созақбай
ақсақал.
Аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ауданда арыстықтарға көмек
көрсету шараларының мұнымен тоқтамайтынын айтады. Алдағы уақытта өзге ауылдар
да халықтық іске үлес қоспақ ниетте.
Мақсат Қарғабай, «Ońtústik Qazaqstan».
Созақ ауданы.