Жеңiмпаздар 9 желтоқсанда марапатталады

«Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінен бастау алған жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жолды таңдаймыз» атты облыстық марафон-эстафетасының туы Шардара ауданынан Мақтаарал ауданының жастарына салтанатты түрде табысталды. Қорытындылау іс-шарасы Шардара су қоймасының жағалауында 400-ге жуық жастың қатысуымен өтті.


Ауданда алғаш рет өткен эстафетаны табыстау рәсіміне келген қонақтар мұражай жәдігерлерімен, қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысып, әрі қарай жағажайда ұйымдастырылған футбол, волейбол, балық аулау, суда жүзу және желкенді қайық іспетті спорт ойындарын тамашалады. Жиынға арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы С.Жантөреев марафонның маңыздылығына тоқталып, белсенділік көрсеткендерге Алғыс хаттар тапсырды. Сонан соң шараны Шардара ауданының әкімі Қ.Жолдыбай  қорытындылап, эстафетаны Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б.Төребековке табыстады.

Айта кетейік, департаменттен бастау алған марафон бұған дейін Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас, Төлеби және Шардара аудандарында өтті.

Түрлі бағытты қамтитын марафон жастардың белсенділігін оятып, тұлғалық қасиетін дамытуға арналады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өтеді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз