ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Келес ауданында халықаралық бокс турнирі басталды.
19 мамыр күні Келес ауданында бокстан ҚР еңбегі сіңген
спорт шебері Нұржан Смановтың жүлдесіне орай 2003-2004, 2005-2006 жылы туған
жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Халықаралық
турнирге Ресей,
Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен
Алматы қаласы, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда Жамбыл, Қарағанды облысы мен Шымкент спорт
интернатының командалары қатысуда. Сондай-ақ, Шардара, Мақтарал, Жетісай, Қазығұрт, Төлеби,
Түлкібас Арыс, Ордабасы, Отырар, Сайрам,
Сарыағаш, Келес ауданының жас боксшылары бақ сынап жатыр. Жарыс Абай ауылындағы
мәдениет үйінде 2019 жылдың 19-23 мамыры күні аралығында өтеді.
Ашылу салтанатына Келес ауданының
әкімі Ақментай Есбаев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. «Нұржан
Дініқұлұлы шаршы алаңдағы жеңістерімен еліміздің атынан талай сынға түсіп биік
белестерді бағындырды. Құрметті Нұржан Дініқұлұлы, сізге еліктеп ауданымыздың,
қала берді бүкіл еліміздің жас өрендерінің боксқа қызығушылығы артып, бокс
қолғабын киіп, бокс үйірмелеріне келді. Оның
нәтижесі жаман болған жоқ. Атап айтқанда сіз бастаған жеңісті сара жолыңыздан
кейін түрлі дәрежедегі жарыстардың жеңімпазы болған Жандос Жұмабеков, Темірхан
Заңғар
секілді жас боксшылар шықты.
Қазіргі таңда Келес ауданының боксшылары облыс көлемінде жоғары орындардан
көрініп келеді» - деді аудан басшысы.
Нұржан Сманов бокстан Қазақстан
Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері. Қазақстан Республикасы
Президентінің стипендиясына ие болған. Оңтүстік Қазақстан облысының, Сарыағаш
ауданының және Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атанған. Ол – спорттық
мансабында Қазақстанның 6, КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия және Азия
ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және
қола жүлдегері. Алтын белбеу иегері. 5 жыл Қазақстан ұлттық құрама командасының
капитаны болған. Бірнеше байрақты бәсекелерде бақ сынаған. Атап айтар болсақ,
1996 жылы Атлантада (АҚШ) өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған (5орын).
1987 жылы 15 жасында-ақ бокстан Кеңес Одағының чемпионы болып, КСРО спорт
шебері атағын алған. 1988 жылы КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері
атанған. Небәрі 18 жасында Еуропа чемпионы, Еуропаның «Үздік боксері» атанады. 1995
жылы «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері» атағын алған.
Өзінің 15 жылдық спорттық
карьерасында 52 медаль ұтып алған. Оның ішінде: 35 алтын, 9 күміс, 8 қола
медаль
бар.
Ерболат АЙНАБЕКОВ