Түркістанда халықаралық әуежайдың капсуласы салынды

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы сапар барысында Түркістан қаласындағы құрылысты уақытылы жүргізу және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерімен танысты.


Премьер-министр, ең алдымен, «TurkistanInternationalAirport» халықаралық әуежайының капсуласын салу рәсіміне қатысты. Жоба «YDA Holding» түрік компаниясымен бірлесіп іске асырылады. Оған 70 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады.

«YDA Holding» басқарма төрағасы Арслан Хусейн әуежайдың халықаралық стандарттарға сай жобаланатынын және соңғы технологияларды пайдаланыла отырып салынатынын айтты. Оның айтуынша, 900 гектар аумақта терминал, ұшу-қону жолағынан бөлек басқа да нысандар салынады. Терминалдан сағатына 250 адам, жылына 3 млн. жолаушы өте алады. Нысанды 2020 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген.

Сапар барысында әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттардың құрылысы қалай жүріп жатқаны қаралды. Олардың қатарында оқушылар сарайы, туристік бағыттағы колледж, спорт және музыка мектептері, спорт сарайы, халыққа қызмет көрсету орталығы, аттракциондары бар парк, музыкалық фонтан, амфитеатр, сондай-ақ, облыс әкімдігі, медиа-орталық және конгресс холл бар.

Қаланың тарихи-мәдени орталығында Қ.А. Яссауи музейін, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы, шығыс моншасын салу және визит-орталығының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары тексерілді.

Сонымен қатар Премьер-министр А.Мамин саябақ пен «Нұр-Сұлтан» алаңының, Неке сарайының, «Rixos Turkestan» қонақ үйінің құрылысы басталған алаңдарды барып көрді.

Жаңадан салынып жатқан ғимараттарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында «Яссы» шағын станциясы салынады. Қазіргі таңда оның іргетасы қаланып жатыр. Станция 2020 жылдың бірінші жартысында пайдалануға берілмек. Үкімет басшысы қаладағы жолдардың сапасын жақсарту және көшелерді абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды.  

Пікір қалдырыңыз