Әр азаматтың өз құқығын пайдалануына барынша жағдай жасаймыз

Әр азаматтың өз құқығын пайдалануына барынша жағдай жасаймыз
Әмірдин ӘЛІШЕВ, облыстық аумақтық сайлау комиссиясы
төрағасының орынбасары: Әр
азаматтың өз құқығын пайдалануына барынша жағдай жасаймыз
– Әмірдин
Мұхиденұлы, 9 маусым күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына Түркістан
облысындағы дайындық барысы қалай?
– Сайлауға дайындық
жұмыстары Түркістан облысында жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр деп толық
сеніммен айта аламыз. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау
комиссиясының қаулысымен бекітілген күнтізбелік іс-шаралар жоспарына сәйкес
кезең-кезеңімен орындалуда. Атап айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін облыстық,
аудандық, қалалық сайлау комиссияларының құрамы бұқаралық ақпарат құралдарында
жарияланды.
Екіншіден, барлық
кандидаттардың облыс деңгейінде жұмыс істейтін сенімді өкілдері тіркеліп,
оларға тиісті куәліктері тапсырылды. Ал, жергілікті жерлерде, елді мекендердің
тұрғындарымен тікелей жұмыс істейтін сенімді өкілдер аудандық, қалалық аумақтық
сайлау комиссиялары тарапынан тіркелді.
Үшіншіден, жауапты
жұмыстардың бірі қол қою парақшаларына қатысты болды. Бұл парақшалар барлық
кандидаттардың сенім білдірген адамдарына уақтылы тапсырылды. Олар тиісті
қолдарды жинап комиссияға өткізді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы облыстық
ішкі істер департаменті миграциялық полиция қызметімен бірлесе отырып, қойылған
қолдардың сәйкестігі тексерілді. Нәтижесі өзіңізге белгілі 7 кандидат та заң талабына сәйкес қажетті
қолды жинағаны анықталды.
Төртіншіден,
сайлау учаскелерін заман талабына және Орталық сайлау комиссиясы бекіткен
нұсқаулыққа сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Бұл – өте маңызды
мәселелердің бірі. Өйткені, дауыс беруге келген адам өзін қолайлы ортада
сезініп, көтеріңкі көңіл-күймен қайтуы тиіс. Бұл мәселе жөнінде мамыр айының
басында облыс әкімі аппараты басшысының төрағалығымен арнайы семинар кеңес
өткіздік. Онда барлық аудан, қала әкімдіктерінің аппарат басшыларына және
аумақтық сайлау комиссияларының басшыларына нақты тапсырма берілді. Сайлау
учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары осы аптада
толығымен аяқталады.
– Өткен аптаның
соңында сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Осы науқан кезінде
кандидаттардың сенімді өкілдері қандай заңдылықтарды ескеруі керек?
– Кандидаттардың
штабтары, сенімді өкілдер ескеруі тиіс мәселенің бірі – үгіт-насихат
жұмыстарының мерзімі. Бұл науқан 11 мамыр күні сағат 00-де басталды. Ал,
аяқталу мерзімі – 8 маусым күні сағат 00-де. Белгіленген мерзімге дейін және
одан кейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу заңбұзушылық болып есептеледі. Бұл –
бір.
Екіншіден,
жергілікті атқарушы органдар аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесе отырып
үгіт-насихат материалдары орналастырылатын орындарды белгіледі. Барлық
кандидаттарға тең дәрежеде елді мекендердің көрнекті орындарынан стендтер,
тақталар мен тұғырлар бөлініп берілді. Үгіт-насихат материалдарын белгіленген
орындардан тыс жерлерге орналастыру да заң талаптарын өрескел бұзу болып
есептеледі. Ал, жеке тұрғын үйлер мен кеңселерге олардың қабырғалары мен сыртқы
қоршауларына үгіттік материалдарды, үнпарақтар мен плакаттарды жапсыру үшін
меншік иесінің рұқсаты керек. Бұл іс меншік иесі мен кандидаттардың сайлауалды
штабтарының арасындағы келісімшарт арқылы заңдастырылады.
Кандидаттардың
үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіне қажетті қаражат республикалық бюджеттен
бөлінеді. Сонымен қатар президенттікке кандидаттар үгіт науқанын жүргізу үшін
сайлау қорларын құруға құқылы. Сайлау қоры кандидаттың жеке қаражатынан және
кандидатты ұсынған қоғамдық бірлестіктің, азаматтар мен ұйымдар ерікті түрде
көрсететін қаржысынан құралады. Әрбір кандидаттың сайлау қорының мөлшері
Орталық сайлау комиссиясы белгілеген шектен аспауы тиіс. Бұл шектен асып кету
де заң нормаларына қайшы әрекет екенін ескеру қажет.
– Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды таза, ашық әрі әділ
өткізуге уәде берді. Бұл белгілі бір дәрежеде аумақтық және учаскелік сайлау
комиссиялары мүшелерінің біліктілігіне, қолданыстағы заңдарды жетік білуіне
байланысты емес пе?
– Дұрыс айтасыз.
Осы жағдайды ескере отырып биыл бірінші рет сайлау комиссияларының барлық
мүшелерін каскадтық әдіспен электорадтық оқыту жүргізілуде. Бұл курстарға облыс
бойынша барлығы 6 240 адам қатысады.
Сәуір айының 24-26
күндері Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент оқыту орталығында барлық
аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, барлығы 37 адам 24
сағаттық бағдарлама бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтіп, тиісті
сертификатқа ие болды. Ал, мамыр айының 2-4 күндері сол аумақтық сайлау
комиссияларының мүшелері біліктіліктерін арттырды. Ал, учаскелік сайлау
комиссияларында қызмет ететін азаматтар 12-16
мамырда жергілікті жерлерде арнайы курстардан өтуде. Оларды Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген
тренерлер мен Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент оқыту орталығында
біліктілігін арттырған азаматтар оқытады.
– Шетелдік
бақылаушылар, әсіресе, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы
мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруі мәселесіне ерекше назар аударады.
Сіздер бұл мәселеге назар аудардыңыздар ма?
– Біріккен ұлттар
ұйымының 1975 жылы қабылдаған Мүгедектер құқықтары
туралы декларациясының 4-ші тармағында мүгедектердің де басқа азаматтар секілді
азаматтық және саяси құқықтарға ие екені атап көрсетілген. Бұл норма еліміздің
қолданыстағы заңнамасымен де бекітілген. Сол себепті Орталық сайлау комиссиясы
мүгедектердің дауыс беру құқығын жүзеге асыруына барынша қолайлы жағдай жасау
мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Осы мәселеге қатысты нұсқаулық ереже
Орталық сайлау комиссиясының арнайы қаулысымен бекітілді.
Айта кетейік,
Түркістан облысында тіркелген 1 миллион 181 684 сайлаушының 67 741-і белсенді дауыс
беру құқығына ие мүгедектер. Оның
63 582-сі сайлау
учаскесіне келіп дауыс береді. Біз осы азаматтардың құқықтарын қорғау үшін
барлық сайлау учаскелерін пандустармен жабдықтадық. Мұнан бөлек сайлау
учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы кабиналар мен
бұрыштар, сурдоаудармашылар, лупалар мен құлаққаптар, басқа да қажетті
құрал-жабдықтар болады. Сондай-ақ, сайлау күні инватаксилер мүмкіндігі шектеулі
азаматтарды сайлау учаскелеріне тегін әкеледі.
Жалпы, облысымызда
әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын қорғауға, олардың өздері қалаған
кандидатына дауыс беруіне қажетті шаралардың барлығы атқарылып жатыр.
– Сұхбатыңызға
рахмет!
Сұхбаттасқан Айдар
ҚҰЛЖАНОВ.